rolrolrol

«ҒАСЫР ЖОБАСЫ» қалай жүзеге асып жатыр?

Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/22 қараша, 2019 жыл. «Жыл басынан бері Қашаған кенішінен 80 млн. баррель мұнай (11 миллионнан астам тонна), 2,9 млрд. текше метр газ өндірілді. 942 мың тонна күкірт экспортқа жіберілді.

Бүгінде аймақта шикізат өндіру көлемі өсуде. 2016 жылдан бергі кезеңде барлығы 34 млн. тонна «қара алтын», 9,5 млрд. текше метр газ, 2 млн. тоннадан астам күкірт сыртқы нарыққа шығарылды. Қашаған жобасына ерекше үміт артып отырмыз. Оның жарқын болатынына сеніміміз зор» деді Солтүстік Каспий жобасының операторы – НКОК компаниясының басқарушы директоры Ричард Хоув жуырда журналистермен жүздесуде. Оның айтуынша, жаңа технология өндірістің қуатын арттырып, мүмкіндігін еселей түсуде.

«Сұңқар» қайда?

Каспийдің тереңіне алғаш «Сұңқар» бұрғылау баржасының бұрғысы тиген еді. Кезінде оның жұмысымен танысудың мүмкіндігі туды. НКОК компаниясының сыртқы байланыс бөлімі ұйымдастырған пресс-тур кезінде алдымен осы құрылғы туралы сұрадық.

««Сұңқар» баржасы қазір Баутинодағы теңіз операцияларын демеу базасында тұр» деді аталған бөлімнің жетекшісі Жағыпар Егізбаев. НКОК компаниясының оқыту орталығында мұражай бар. Мұнда консорциум тарихы осы заманның озық құрылғылары арқылы жүйелі баяндалады. Ал, бізді ауладағы бұйымдар ерекше қызықтырды. Мысалы, мұнда істен шыққан ескі құбыр мен жаңасының үзіктері қатар қойылған. Журналистер назарына ұсынылған желілер, өндірістік модулдер, резервуарлар кескіндері еріксіз көз тартады.

– Солтүстік Каспий жобасының ауқымында бес жасанды арал тұрғызылды. Сонда жұмыс жасайтын адамдардың бәрі D аралында шоғырланған. Біз қазір энергетика мәселесінде ешкімге тәуелді емеспіз. Зауытта да, жасанды аралда да электр қуатын өзіміз өндіріп отырмыз, – деді НКОК басқарушы директорының орынбасары Ермек Марабаев.

Өндірістік құбыр желілерінің қалыпты жұмыс жасауы айрықша назарға алынып отыр. Мұнай мен газ жасанды аралдан жеткізілгесін, «Болашақ» зауытында өңделеді. Табиғи отынның бір бөлігі мұнан соң D аралына керіжөнелтіледі. Бұл қуаты 330 МВт-ты құрайтын газтурбиналардың жұмысы үшін қажет. Теңіз ортасынан жасанды аралдар тұрғызылып, кешенді өндіріс салынған жағдай әлемдік тәжірибеде жоқ.

«Сондықтан, біздің консорциумды бұл саладағы пионер деуге болады» деді басқарушы директордың орынбасары.

Өндірістегі өрелі істер

Биылғы жылдың ортасында «Болашақ» зауыты мен D аралында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Іс-шара мерзімінен он күн ерте бітіп, өндіріс толық қуатына кірісті. Осының нәтижесінде жыл соңына дейін жоспардағыдан 3 млн. баррель мұнай артық өндірілгелі отыр. Яғни, шикізат өндірісі тәулігіне 330 мыңнан 380 мың баррельге дейін өсті.

Мамандардың пікірінше, жұмыстың уақытша тоқтатылуы ірі өндіріс орындары үшін қалыпты жағдай. Бұл техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеуден өткізу мақсатынан туды. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылға қарай Қашаған кен орнынан алынатын мұнайдың көлемі жылына 15 млн. тоннаға дейін ұлғаяды. Оған консорциум қалай қол жеткізеді?

– Солтүстік Каспий жобасының операторы – НКОК компаниясының жұмысы Қазақстанның экономикасына ерекше серпін берді. Өндіріске тың әдіс, жаңа технологиялар енгізілді. Бастысы, жергілікті мамандардың біліктілігі артуда. Бүгінде компаниядағы басшы құрамның 80 пайызы, инженерліктехникалық қызметкерлер, әкімшілік құрам мен білікті мамандардың 95 пайызы – қазақстандық кадрлар. Жұмысшылар мен қосымша құрам да түгелдей жергілікті жерден алынды.

Солтүстік Каспий жобасына 10 мың адам тартылса, соның 92 пайызы – Қазақстан азаматтары. НКОК-тың
3 мың қызметкерінің түгелге дерлігі осындай құрамда жасақталып отыр. Оператор жоба жүзеге асқалы бергі кезеңде кәсіптік оқыту үшін 263 млн. теңге жұмсады. Өткен жылдың өзінде 104 курс ұйымдастырылып, мыңнан астам қазақстандық маман оқытылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге аса береді, – деді НКОК компаниясының басқарушы директоры Ричард Хоув.

Құрылым жетекшісінің пікірінше, консорциум бүгінде әлемдегі мұнайгаз өндіруші компаниялардың топ басында. Оған техникалық қауіпсіздік, адам өмірін сақтаудағы жоғары көрсеткіштер арқылы қол жетіп отыр. «Қауіпсіздік – өндіріс үшін ең басты мәселе. Бұл біз үшін қалыпты жағдай» деді компанияның баспасөз хатшысы Айнаш Шеңгелбаева.

Өндіріс ырғағы автоматтандырылған

Қашаған кенішінде коллектор теңіздің түбінде 4200 метр тереңдікте жатыр. Кеніш жоғары қысымды (700 бар) және күкіртқышқыл консентрациясының жоғарылығымен ерекшеленеді. Қазір мұнда 40 ұңғыма қазылды. D аралындағы 200 адамның қызметі, бүкіл жұмыс ырғағы «Болашақ» зауытындағы орталықтың компьютерлерінде алақанға салғандай көрініп тұр. Барлығы автоматты түрде жүзеге асуда.

Дегенмен, журналистерді өндіріс басындағы күкірттің мәселесі көбірек қызықтырды. Ол жабық орындарда сақталады. Оған дейін арнайы өңдеуден өтеді. Мамандардың айтуынша, қазір әлемде күкіртке сұраныс артып келеді. Өнім тұтынушысын тез табады. Мұнда жұмысшыларға барынша жағдай жасалыпты.

– Мына жолақтар мұнай-газ желісінің қалыпты жұмыс жасап жатқанын көрсетеді. Бетін әрмен қылсын, қандай ма штаттан тыс жағдай орын алса, дереу сақтық шаралары жүзеге асады, – деді топбасшымыз.

«Болашақ» зауытында тазартылған мұнай Каспий құбыры консорциумы мен «ҚазТрансОйл» желілеріне қосылып, сыртқы саттыққа шығарылады. Газ да өңделгесін қажетке жаратылады. Жатын, демалыс орындарының айналасы көкке оранып тұр. Асхана тамағы құнарлы. Бөлмелер кәдімгі қонақ үйлерден кем емес. Жұмысшы-қызметкерлердің бос уақытында спортпен айналысуына жағдай жасалған.

«Біз үшін адамның алаңсыз қызмет етуі бәрінен маңызды» деді компанияның сыртқы байланыс бөлімінің жетекшісі Жағыпар Егізбаев.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған