Еріктілер қатары көбейіп келеді
Atr.kz/31 шілде, 2019 жыл. Мұнайлы өңірдің белсенді жастары биыл жаңа бастамаларды қолға алғысы келеді. Оның ішінде, салауатты өмір салтын ұстану, жанұя жарастығы мен шаңырақ шаттығын келтіру, ұлттық құндылықтарды ұлықтау, әлеуметтік осал топатрға қайырымдылық көмек көрсету және басқа да істер бар…
Жастар саясатын дамытуға үлкен үлес қосып жүрген азаматтар бар. Биыл солардың қатарын арттыруға Елбасының өзі зор мүмкіндік беріп, қолдау білдіріп отыр. Жасыратын несі бар, Атырау қаласы мен оған қарасты ауыл тұрғындары қоғамдық жұмыстардан тыс қалмайды. Осы орайда, енді ауыл жастары ортаға тартылса деген тілек бар. Сондықтан, облыс орталығынан шалғай жүріп, көпшілік және қолдау шараларынан қалыс қалғандар болса, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға келіп жолыққаны жөн. Ондағы мамандар бәріне бірдей жағдай жасауға тырысатыны анық.
Жалпы, санақ көрсеткішіне көз жүгіртсек, аймақта 18-29 жас аралығында 114 мыңға жуық жас бар. Олармен жиырмаға жуық қоғамдық бірлестік тығыз жұмыс жасап келеді. Ал, еріктілердің саны 500-ге жуықтайды. Бұл қатар жылдан-жылға артып келеді. Еңбастысы, баспана мен тұрақты жұмыс мәселесін шешіп алуға биыл мүмкіндік мол. Бұл ретте, жұмыс берушілер тарапынан оқуды енді ғана аяқтап шыққан түлектен еңбек өтілімі сұралмаса екен деген тілегіміз де жоқ емес.
Тағы бір мәселе, жастар сарайы ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл нысан бүгінде жастар үшін ауадай қажет болып отыр. Міне, сонда бір орталық ішінде дарынды жас әнін де айтады, күйін де шертеді, вайнын (бейнежазбасын) да түсіреді, биін де билеп үйренеді. Сөйтіп, талантын танытқысы келетіндер Астана мен Алматы асып кетпей, бәрі де Атырауда қалады.
Арман ЖӘДІГЕРОВ,
белсенді жас
Алғабас ауылы