
Ерекше балаларға білім берудің арнайы стандарты әзірленді
Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру және инклюзивті, арнайы білім беруді жүйелі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандартын бекіту туралы» бұйрық жобасын әзірледі. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Құжат арнайы білім берудің шарттарына, сапасы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай ең төменгі талаптарды айқындайды, сондай-ақ осындай қолдау көрсетуге жауапты ұйымдар мен мамандардың қызметін реттейді. Мемлекеттік деңгейде алғаш рет білім берудің барлық сатыларында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуге жүйелі тәсіл бекітіледі.
– Бұйрық жобасы балалардың барлық санаттары үшін сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ. Қазір сондай-ақ «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» ҚР Заңы әзірленуде, ол балалар мен отбасыларын ведомствоаралық сүйемелдеудің институционалдық және құқықтық тетіктерін қамтитын болады, — дейді аталған министрліктің инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Лаура Ботабаева.
Былтыр министрлік инклюзивті және арнайы білім беру саласындағы нормативтік базаға кешенді талдау жүргізді. Оның нәтижесінде 15 нормативтік-құқықтық акт бекітіліп, балаларға туғаннан бастап мамандықты алғанға дейінгі психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі моделі енгізілді. Қолдау кабинеттеріне жаңа талаптар белгіленді, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеудің жеке бағдарламалары әзірленді, педагог-ассистент, арнайы педагог және жеке көмекші сияқты жаңа лауазымдар енгізілді.
Айта кету керек, өткен жылғы деректер бойынша елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны 230 мыңнан асты.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Сурет: gov.kz