Ер жігіт жауынгер болу үшін жаралған
Жігіт болып ержеткен соң Отанды қорғау – парыз. Бұл – ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ даламызды сом білектің күшімен, егеулі найзаның ұшымен қорғаған батырларымыздың ерлік дәстүрін біз жалғастырмасақ, кім жалғайды?! Сондықтан мен де Жылыой аудандық қорғаныс істері бөлімінен өткен жылдың күзінде шақырту келгенде еш ойланбастан азаматтық борышымды өтеуге бел будым.
Жасыратыны жоқ, қазіргі бозбалалардың дені әскерге барудан қашады. Бұл біздің менталитетімізге жат нәрсе. Күні-түні телефонға телміріп отырған жастар әлеуметтік желілерден еліміздің Қорғаныс күштеріне күйе жаққан әртүрлі алып-қашпа әңгімелерді тыңдап, бейнебаяндарды көреді де, соған имандай сенеді. Ал шын мәнінде ондай өсекті таратушылар арандатушылардың немесе қоян жүрек қорқақ әлдекімдердің ісі. Нағыз ер жігіт ондай жел сөзге ермеуі керек. Қалай болғанда да, анадан ұл бала болып туылдың ба, Отанын қорғауды ата-анасы алдындағы парызындай қасиетті борышы санауы тиіс. Сонда ғана Қазақстан іргесі мықты іргелі ел болады.
Мен қазіргі таңда Ақмола облысы, Астана қаласы, Жалтыркөл ауылындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің (ПВО) №44813 әскери бөлімшесінде өзімнің әскери міндетімді өтеп жүрмін. Ержетіп, ер-азаматқа тән қасиетті бойыма сіңіріп, елім мен жерімнің бейбіт өмірі мен ашық аспаны үшін қолыма қару алып, Отанымды қорғап жүргенім үшін өзімді бақытты сезінемін. Қасымдағы өзім секілді сарбаздармен «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» халқымыздың тыныштығы үшін мемлекет тұтастығын қас қақпай күзетіп жатырмыз.
Басты міндетім – азаматтық борышымды аман-есен өтеп, елімнің азаматы атану. Өзімнен кейінгі інілеріме де алдыңғы толқын аға буынның ізімен жауынгерлік жолды жалғастыруға шақырамын!
Мерей Сағынғали,
ефрейтор,
№44813 әскери бөлімшенің жауынгері