Жарнама
Жаңалықтар

ЕНДІГІ БАҒЫТ – ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ

 

Елбасы Жолдауы жүктеген міндеттерді талқылауға арналған конференция барысында облыс әкімі,  партияның облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов Елбасының бизнесті отбасылық дәстүрге айналдыру жөніндегі ұсынысын дер кезінде көтерілген мәселе деп қабылдайтынын айтты. «Облыста кәсіпкерлікпен айналысатындар саны бір жылда 12,9%-ға артып, 90 мың адамға жуықтады. Шағын және орта бизнес 471,5 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бұл көрсеткішпен Атырау облысы батыс аймақтары арасында жетекші орында келеді» деген ол, әсіресе, ісін жаңадан бастаушыларды «Нұр Отан» партиясынан құқықтық кеңес алып отыруға шақырды. 

Елбасы бекіткен «Қазақстан-2050» стратегиясында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерінің бірі ретінде, азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер көрсетілген болатын. Сонау Сомалиден басталған жаппай ашаршылық әлемдік саясаттың күн тәртібіне азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін еріксіз шығарып отыр. Осы орайда облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов бір жылдың ішінде агроөнеркәсіп секторында негізінен жергілікті бюджет көмегімен жалпы құны 3,5 млрд.теңгені құрайтын бес инвестициялық жобаның іске қосылғанын айтты. «Өткен жылы сиыр және ешкі сүтін өндіретін, батыстық үлгідегі екі ірі сүт-тауар кешені іске қосылды.  Биыл осындай жұмыстар жұмыртқа, қаз және бройлер етін өндіретін құс фабрикаларын, сондай-ақ, тауар-бекіре фермасын ашумен жалғасады.  

Егістік көлемі ұлғайды. Енді кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсету мәселелері  қаралатын болады» деп атап өтті ол. 

Президент Жолдауында әлеуметтік мәселелерге ерекше көңіл бөлінгені белгілі. «Облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 78,5 пайызды құрайды. Сондықтан, алдағы жылдарда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісін ұлғайту негізгі жұмыстардың бірі болып қала бермек» деген баяндамашы биыл үш ауысымдық оқыту жүйесінің толықтай жойылғанын хабарлады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін «кедергісіз қоғам» құру мәселесі биылғы Жолдаудың негізгі жаңалығына айналды. Осы орайда облыста еңбек жасындағы 11 944 мүмкіндігі шектеулі азаматтың барын айтқан өңір басшысы олардың ішінде жұмыс жасауға жарамдысының 5 176 екендігін, алайда, бүгінде тұрақты жұмыспен қамтылғандарының саны 2938 адамды құрайтынын жеткізді. «Президент тапсырмасына орай, партия «Кедергісіз келешек» бағдарламасын қолға алды. Ол аялы алақанға зәру жандарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету; БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар арқылы осындай азаматтар мәселесіне қоғам мен бизнестің назарын аудару және құқықтық алаңды жетілдіру бағыттары бойынша жұмыс істейді» деген баяндамашы  мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әр аптаның сәрсенбі күні партия филиалдарының қабылдау өткізіп тұратындығын хабарлады. «Бұдан бөлек, мүгедектер мен ардагерлерге өткен жылы облыстық бюджет есебінен шипажайларда демалу үшін 663 тегін жолдама берілді. Биыл жолдама санын үш есеге жуық өсіріп отырмыз» деп атап өткен ол партия мүшелерін стратегиялық бағдарламаны бірге жүзеге асыруға шақырды.

Конференция барысында сөз алған Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты Құлмағамбет Қоданов агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсірудің маңыздылығына тоқталды. «Малды асылдандыру пункті кезінде қолға алынғанымен, осы іс аяқсыз қалды. Сондай-ақ, мал шаруашылығы үшін маңызды болып табылатын су көздерін қайта қалпына келтіру қажет» дейді ол. Атырауда тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандар үшін төрт жүз орындық спорт кешенінің салынғанын, арнайы көліктердің әкелінгенін атап өткен отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов бұл қадамдарды жоғары бағалайтынын жеткізіп, «ендігі кезекте кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін кемтар азаматтарға мейлінше қолдау көрсетілсе» деген ұсынысын айтты.

Күн тәртібінде қаралған өзге де мәселелер бойынша «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының Саяси кеңесінің және Бақылау-тексеру комиссиясының құрамына өзгертулер енгізіліп, партия құрамына жаңадан қабылданған мүшелерге куәліктер табысталды. Сондай-ақ, мәжіліс соңында саяси құрылымның 15 жылдығына орай партия ардагерлері мен белсенділері марапатталды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, 
Суреттерді түсірген 
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button