Енді жаңа туған нәрестені тіркеу — SMS-хабарлама арқылы жүзеге асады
Елімізде жаңа туған азаматты тіркеу автоматты түрде жүргізіле бастады. Яғни, бала өмірге келісімен оның ата-анасына SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, аталмыш мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Бұл пилоттық жоба «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының проактивті әдісі аясында жүзеге асып отыр.
Ақпараттық жүйелердің бірігуінің арқасында дүние есігін ашқан нәрестені тіркеу бойынша өтініш автоматты түрде келетін болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалы Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Тұрлан Нұржановтың айтуынша, бүгінде бала туғаннан кейін ата-аналар баланы тіркеу, куәлік алу, жәрдемақы тағайындау және балабақшаға кезекке қою үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруы тиіс болатын. Енді проактивті қағидаттың іске қосылуына байланысты фронт-офистерге барудың, тіпті электрондық үкімет порталына жүгінудің де қажеті жоқ.
«Барлық қажетті қызметтерді ол SMS-хабарлама арқылы ала алады. Оны алу үшін жұртшылық кез-келген халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, өздерінің телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі тиіс»,- дейді ол.
Баланы тіркеу, жәрдемақыны рәсімдеу және балабақшаға кезекке қою қызметтерін халыққа қызмет көрсету орталықтарынан да алуға болады. «Бала туу» композиттік қызметі проактивті тәсілмен ұсынылады. Яғни телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды рәсімдеп, балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал, орталыққа баланың куәлігін алып кету үшін ғана келеді немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға да мүмкіндік бар.
Айбөпе САБЫРОВА