Енді зейнетақы еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын болды
Шілдеден бастап барша зейнеткерге бірдей төленіп келген базалық зейнетақы көлемі өзгерді. Енді зейнетақы еңбек өтіліне байланысты тағайындалатын болды. Қазір зейнет жасына жеткендер алғашқы төлемақыларын жаңа жүйе бойынша ала бастады. Алайда, оқырмандар тарапынан осынау маңызды мәселеге қатысты сауалдар әлі де көптеп түсуде. Осыған орай, тікелей желі ұйымдастырған едік. Оқырмандар тарапынан түскен сұрақтарға «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Жансариева жауап берді.
– Бұрын базалық зейнетақы тағайындалғанда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі ғана есепке алынып келді. Енді одан кейінгі жылдар қалай есептеледі? Толық базалық зейнетақы алу үшін неше жыл өтілі қажет?
– Базалық зейнетақыны толық алу үшін әр азаматтың 33 жылдан жоғары еңбек өтілі болуы қажет. Осы орайда, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі де ескерлетінін айта кету керек. Бұл мерзімнен кейін құрылған зейнетақы қорларына ай сайын аударылған салымдардың барлығы есептелінеді. Биыл аталмыш зейнетақы реформасының құрылғанына 20 жыл толды. Демек, жүйе енгізілгеннен бастап салынған аударымдар ескерусіз қалмайды. Қазір базалық зейнетақы мөлшері 28 284 теңгені құрап отыр.
– Мен 1988 жылы өмірге келдім. Білейін дегенім, ортақ зейнетақыға үміт арта аламын ба?
– «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 11-бабына сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтардың ортақ зейнетақы алуға құқығы бар. 1998 жылы сіз 10 жаста болғансыз. Сәйкесінше, еңбек өтіліңіз болмағандықтан, ортақ зейнетақы ала алмайсыз. Оның орнына базалық және жинақтаушы зейнетақы алатын боласыз. Биыл базалық зейнетақының мөлшері – 28 284 теңге. Бұл – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан бірдей мөлшерде төленеді. Алайда, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеудің жаңа әдістемесі қолданылуда.
2040 жылдары зейнеткерлікке шығатын азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Өйткені, оларда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болмады. Сондықтан, қазіргі жастар үшін қорға міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұру өте маңызды. Болашақта лайықты зейнетақы алу үшін осы бастан қамданып, зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударған жөн.
– Зейнеткерлікке шыққаныма сегіз жыл болды. Бірақ, әлі күнге дейін еңбек етіп жүрмін. Байқағанымдай, ең аз зейнетақы мөлшерімен алады екенмін. Құжат тапсырған кезде қате кеткен сияқты. Енді осы зейнетақымды қайта қаратып, кері есептетуіме бола ма?
– Әрине. Күмәні болса, өзі қалаған уақытында зейнетақы төлем орталығына барып, құжаттарды қайта қаратуға болады. Осы орайда ескерте кететін бір жайт, зейнет жасына жетіп, жұмыс істеп жүргендерден зейнетақы жарналары ұсталмауы тиіс. Сәйкесінше, бұл жылдар еңбек өтіліне кірмейді.
Кей кездерде салымшылардың жұмыс орны жабылып қалып жатады. Мұндай жағдайда азаматтардың еңбек өтілдері есептелмей қалуы мүмкін. Ал, заң бойынша мұның барлығын қайта қарап, мұрағаттан құжаттарды тексертуге болады. Онда жоқ болған жағдайда, сот арқылы еңбек кітапшасында көрсетілмеген мерзімді дәлелдеуге толық мүмкіндігі бар. Ол үшін қасында бірге жұмыс істеген екі куәгер болуы керек. Шыны керек, бұрын еңбек кітапшасы тиісті дәрежеде ескерілмеді. Қазір бұл құжаттың маңызы зор.
– Мен көп балалы ана болғандықтан, зейнеткерлікке 53 жасымда шықтым. 1962 жылы өмірге келдім. Зейнеткерлікке шыққан кезде еңбек өтілі есептелмеді. Енді ол маған шілде айынан бері неге қосылмады? 1998 жылға дейін 16 жыл еңбек еттім, ал, барлық еңбек өтілім – 33 жыл.
– Бүгінгі таңда сіз мемлекет тарапынан көп балалы ана ретінде жәрдемақы алып отырсыз. Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен кезде ғана қолыңызға тиеді.
– Бірінші топ мүгедегімін. Жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың қандай бөлігін ала аламын? Өткен жылы қазан айында қор қызметкері хабарласып, зейнетақымның белгілі бөлігін алуға ұсыныс берген. Алайда, сол кезде бара алмадым. Сондай—ақ, еңбек кітапшам 1978 жылдан басталды. Оған дейін екі жыл техникумда оқыған жылдар еңбек өтіліне қосыла ма?
– 2018 жылдың қаңтар айынан бастап зейнетақы санауы өзгерді. Енді тек ай сайын ғана ала аласыз. Ол үшін құжаттарыңызбен бірге зейнетақы қорына келуіңізге болады. Біз Махамбет көшесі, 88 және СарыАрқа, 39 мекен-жайында орналасқан кеңселерде қызмет көрсетеміз. Қазір жәрдемақы ғана алып отырсыз. Ал, зейнет жасына жеткен кезде үш түрлі зейнетақы тағайындалады. Біріншіден, базалық зейнетақыңызды аласыз, екіншіден, еңбек өтіліңіз ескеріледі, үшіншіден, жинақтаушы қордағы ақшаңыз қолыңызға тиеді. Сол кезде зейнетақыңыз жәрдемақыдан екі есе көп болады. Техникумда оқыған кезеңдер де еңбек өтіліне қосылады.
– Медицина саласында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Алайда, 1998 жылы аз уақыт қалада жұмыс істедім. Сол кезде зейнеткер бола тұра, менің табысымнан зейнетақы жарналары ұсталуы заңды ма? Ұсталған қаржыны қайдан біле аламын?
– Сөздің шыны керек, зейнетақы төлеу жүйесіне енгізілген кезде кейбір жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында түсініспеушілік пайда болды. Сондай себеппен ағаттық кетуі мүмкін. Ұсталған жарнаңыз жөнінде толық мағлұматты біздің қордан аласыз.
– Зейнетақы тағайындалған кезде соңғы үш жылдың жарнасын жинақтаушы зейнетақы қорына дұрыс аудармапты. Мекемеден сұрағанымда, сол уақыттағы есепшінің жұмыстан шығып кеткенін сылтауратып нақты жауабын бермеді. Ал, басқа жылдардағы жалақым аз болған еді. Сонымен, 1998 жылға дейінгі еңбек өтілімен ғана есептеп берді. Қазір ең аз зейнетақы менікі сияқты. Шілдеде 47 мың теңге болды. Білейін дегенім, мекемені сотқа беріп, зейнетақымды қайта есептете аламын ба?
– Жұмысшының алдында бережағы болса, сот немесе басқа да құзырлы органдар арқылы аударылмаған қаражатты өндіріп алуына толық құқығыңыз бар. Есептелінбей қалған еңбек өтілін де соттың көмегіне жүгіну арқылы дәлелдей аласыз.
– Қазір жасым 58-де. 1984 жылдан бір мектепте 34 жыл ұстаз болып еңбек етіп келемін. Биыл 19 наурызда 58-ге толдым. Заңға сәйкес алты ай қосылды. Сонда зейнеткерлік жасқа толуыма байланысты базалық зейнетақы көлемі қалай есептеледі?
– Егер 34 жыл еңбек өтіліңіз болса, базалық зейнетақы 100 пайыз тағайындалады. Бүгінгі таңда ол 28 284 теңгені құрап отыр.
– Өзге елдерде жұмыс істемеуіме байланысты зейнетақы жарналары төленбеген кез болды. Маған бұл кезеңге инвестициялық табыс аударылмай ма?
– Инвестициялық табыс әрдайым аударылып тұрады. Ол күн сайын әрбір қаржы күнінің соңында жинақтар толықтай таусылғанша, салымшы зейнетке шығып, зейнетақы ала бастағанның өзінде, оның қорда сақтаулы тұрған жинақтарына одан әрі қосыла береді. Жинақтардың жай-күйі туралы және инвестициялық табыс туралы ақпаратты жеке зейнетақы шотының үзінді-көшірмесінен алуға болады. Ол ақысыз беріледі, ал, хабарландыру тәсілін салымшы өз бетінше таңдайды.
– Орта мектепте 1990 жылдан бері жұмыс жасаймын. Өткен айда 53 жаста бес баламен зейнеткерлікке шықтым. Енді қазіргі кезде зейнетақы қорындағы жинақталған ақшамды алуыма бола ма?
–Қорда жиналған қаражатты зейнет жасына жеткенде ғана алуға болады. Көп балалы аналарға 53 жасқа жеткенде мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалады. Ол зейнетақы болып есептелмейді.
– Ерікті зейнетақы жарналары туралы естідім. Оларды кім төлей алады? Бұл үшін қандай құжаттар керек?
– Салымшылар мен алушылар міндетті зейнетақы жарналарынан басқа ерікті зейнетақы жарналарын да аудара алады. Ерiктi зейнетақы жарналары – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына салымшылардың өз бастамасы бойынша салатын ақшасы. Жеке тұлға бұл жарналарды өз табысы есебінен төлейді. Оны өз атына немесе үшінші бір тұлғаның атына аудара алады. Бұл ретте заңды тұлғалар да жеке тұлғалардың, яғни, өз жұмыскерлерінің атына ерікті зейнетақы жарналарын аударуға құқылы. Мұны көп жағдайда өздерінің қол астындағы мамандарын еңбекке ынталандыру мақсатында жасайды.
Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу, сондай-ақ, зейнетақы төлемдерін жасау тәртібі шарт тараптарының өзара келісімі бойынша белгіленеді. Табыс көзі болып есептелмейді. Сондықтан, банк немесе басқа да қаржы ұйымдарына есепке алынбайды.
– 53 жастан көп балалы ана ретінде зейнеткерлікке шықтым. Еңбек өтілім 33 жыл болды. Маған базалық зейнетақы тағайындалды. Қазір жұмыстамын. Менің еңбекақымнан зейнетақы жарнасы ұсталуы дұрыс па?
– 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап көп балалы аналарға ай сайын табыс көзінен 10 пайыз жинақтаушы қорына аударымдар ұсталып отырады. Ол заң жүзінде дұрыс.
– Зейнеткерлікке шыққан кезде өтемақы берілетінін естідім. Шындығында солай ма?
–Бұл жерде әңгіме мемлекеттік кепілдік бойынша республикалық бюджет есебінен берілетін біржолғы өтемақы жайында болып отыр. Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейді.
Егер зейнетақы жинақтарының сомасы нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасынан төмен болған жағдайда мемлекеттік корпорация бір жұмыс күні ішінде айырма төлемі сомасын есептейді. Айырма төлемін алуға зейнеткерлік жасқа толған азаматтар да құқылы. Мемлекеттік кепілдік бойынша айырма сомасын есептеу және төлеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтары бойынша біржолғы төлемді алу үшін осы ұйымға жүгініп, тиісті өтінішті толтыру қажет.
– Биылғы 1 қаңтардан зейнетақы төлемдері Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ай сайын төленеді. Бұл барлық зейнеткерлерге қатысты ма, әлде тек 2018 жылдан бастап шығатын азаматтарға ғана қатысты ма? Мен зейнеткерлікке былтыр шықтым және бір жылдық төлемді алдым. Енді зейнетақыны жарнасын биыл қалай аламын?
– Өзгерістер зейнетақы төлемдерін 2018 жылдан бастап алатын азаматтарға ғана тиесілі. Қордан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркеген зейнеткерлер үшін төлем кестесі өзгеріссіз қалады. Олар үшін зейнетақы төлемдерін алу кезеңділігі (ай сайын, үш ай сайын, жыл сайын) және 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесі сақталады. Бірақ, егер қаласаңыз ай сайынғы төлем кестесіне ауыса аласыз. Зейнетақы төлемдерін ай сайын төлеу халықаралық стандартқа сәйкес келеді. Ол біржолғы төлем ретінде ала салып, жұмсай салатын ақша емес. Зейнеткерлердің күнделікті тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған.
Төлем кестесін өзгерту үшін қордың жергілікті кеңсесіне жүгіне аласыз.
– Жасым 85-те. Қазір 73 мың теңге зейнетақы аламын. Бұрын жұмыс жасағандағы кейбір жылдар есепке алынбады. Осы мәселе жөнінде кімге жолығамын?
– Бұл туралы толық мәліметті мемлекеттік төлем орталығынан білуге болады.
– Биржада жұмыс істеген кезең еңбек өтіліне қосыла ма?
–Білуімізше, қоғамдық жұмыстар үш немесе алты айға ғана созылады. Сондықтан, жұмыс жасаған мерзім еңбек кітапшасына жазылмайды.
– «Теңізшевройл» ЖШС-де жұмыс жасағаныма 20 жылдан асты. Қазір екі жылға жуық уақыттан бері жұмыста жоқпын. Жалғызбасты анамын. Білейін дегенім, зейнетақы қорындағы жинағымның қандайда бір бөлшегін ала аламын ба?
– Бүгінгі уақытта салымшыларымыз қордағы қаражатты ала алмайды. Бірақ, жасыңыз 50,6-ге жеткен кезде сақтандыру ұйымына аударғаннан кейін ай сайын алуға мүмкіндік бар. Ақшаны сақтандыру ұйымына ауыстыру үшін жинағыңыз 13 млн.теңгеден жоғары болуы керек.
– «Жаман айтпай, жақсы жоқ», демекші, кенеттен бұл фәниден өтіп кетсем, жинақтаушы зейнетақы қорымдағы қаржыны кімге аударамын? Оның үстіне, өзім жалғызбастымын.
– Мұндай жағдайда салымшылардың мұрагерлеріне беріледі. Азаматтық кодекстің 1061-бабы бойынша ата-анаңыз, балаларыңыз, жолдасыңызға ауысады. Олар болмаса аға немесе іні, сіңлі, апаларыңызға, яғни, бірге туған бауырларыңызға тапсырылады.
– Махамбет ауданының тұрғынымын, қазір 53 жастамын. Сегіз жылдан бері мүгедек әкемді бағып отырмын. Әзірге жұмыста жоқ болғандықтан, зейнетақы жарналарын аудара алмаймын. Білейін дегенім, осы уақыт еңбек өтіліне қосыла ма? Әкемді күтуіме байланысты жеке көмекші ретінде тіркелейін десем, мұны заңсыз дейді.
– Жұмыссыз жылдар еңбек өтіліне қосылмайды. Сондықтан, ресми түрде тіркеліп, жұмыс жасауыңыз керек. Жалпы, зейнетақы тағайындау жөнінде толығырақ ақпарат алу үшін Махамбет ауданында Абай көшесі, 3 үй мекен-жайында орналасқан біздің орталықтан мәлімет алуға болады.
– Екі айдан кейін зейнеткерлікке шығамын. Биыл зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістер туралы естідім. Осы туралы толығырақ білгім келеді. Мен зейнетақыны қалай аламын?
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сіздің ай сайын алатын зейнетақы төлемдеріңіз былайша есептеледі: алушының зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы оның тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіледі (мысалы 63 жаста ол – 0,10467 санын құрайды). Шыққан сома 12-ге бөлінеді. Одан алынған сома сіздің тиісті күнтізбелік жылдағы айлық зейнетақыңыз болып табылады.
Еске сала кетелік, қордың www.enpf.kz ресми сайтында зейнетақы калькуляторы орналастырылған. Сол арқылы болашақта алатын ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің шамасын болжамды түрде есептеп шығаруға болады.
– Вахталық әдіспен жұмыс жасаймын. 55 жасқа келгенде жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатымды аннуиетті сақтандыру компаниясына аудара аламын ба?
– Заңдылыққа сәйкес, кез келген азамат аннуитетті сақтандыру компаниясына жинағын аударуға толық құқылы. Ол үшін қазіргі таңда ер-азаматтарда зейнетақы шотында –10 млн. теңге, әйелдерде – 12 млн. теңге болатын болса, келісім-шарт жасау арқылы аннуитетті сақтандыру жолын таңдай алады.
– Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы толығырақ түсіндіріп берсеңіздер екен. Бұл жарналар қашан енгізіледі?
– 2020 жылдан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланып отыр. Соған сәйкес, барлық отандық жұмыс берушілер еңбек жағдайларына қарамастан өз қаражаты есебінен қызметкерлерінің пайдасына олардың айлық жалақысының бес пайызын зейнетақы қорына аударып отырады.
Ал, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыс берушінің ұсынған тізімі бойынша әрбір жұмыскердің атына шартты зейнетақы шоты ашылады. Ондағы жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын төленіп отырады. Аталмыш төлемдер шартты-жинақтаушы жүйедегі жинақталған қаржыны салымшылар арасында қайта бөлу, үлестіру арқылы жүзеге асырылады.
Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар зейнеткерлікке шыққан жандарға, сондай-ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Бірақ, ол үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары олардың шартты зейнетақы шотына кемінде 60 ай (бес жыл-авт.) тұрақты түрде аударылған болуы керек. Сәйкесінше, алғашқы төлемдер 2025 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды.
– Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары қалай инвестицияланады?
– Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық шешімдерді бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорының инвестициялық декларациясына сәйкес қабылдайды. Қазіргі кезде зейнетақы активтері мемлекеттік, квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың құнды қағаздарына, ҚР эмитенттерінің корпоративтік облигациялары мен акцияларына инвестицияланып, екінші деңгейлі банктер мен шетелдік банктердің депозиттеріне және сенімді шетелдік эмитенттердің құралдарына салынған.
– Зейнетақы шотынан үзінді-көшірмені салымшылар мен алушыларға жылына бір рет конвертпен жіберудің не қажеті бар? Мүмкін, жаппай электрондық хабарлау тәсіліне ауысатын уақыт келген шығар…
– Цифрландыру үдерісі қазақстандықтардың өмірінің барлық саласын қамтитыны сөзсіз. Өткен жылы ақпарат алудың электрондық тәсілі таңдалған жеке зейнетақы шоттарының саны 2016 жылмен салыстырғанда 66 пайызға артты. Нақты айтар болсақ, шамамен 0,8 млн. адам үзінді-көшірмені электрондық мекен-жайға алатын болса, 3,9 млн. адам ақпаратты қор сайты немесе әртүрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы алу мүмкіндігіне ие болды. Жалпы, ақпарат алудың электрондық тәсілін таңдайтындар саны күннен-күнге артып келеді. Бірақ, қор салымшылар мен алушыларға зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат берудің барлық тәсілі бойынша қызмет көрсетуге дайын. Өйткені, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету – қордың басты міндеттерінің бірі.
Жазып алған: Айбөпе САБЫРОВА.
Анықтама:
Сингапурда зейнетақы қоры банк үлгісінде қызмет көрсетеді. Барлық жұмыс істеушілерге шот ашылып, оған төлем аударылады. Қызметкер кез келген уақытта зейнетақы шотындағы ақшасын қарай алады, ал, қаражат аударылмаған жағдайда жұмыс берушіге «сазайын тарттырады». Шоттағы қаржыға депозит секілді үстеме пайыз қосылады. Бірақ, ол «кілттеледі». Ал, зейнет жасына жеткенде шот ашылып, зейнеткер өз қалауынша жинағын бірден немесе бөліп алады. Бұл елдің тәжірибесіне сүйене отырып, арнайы қорға ешқандай ірі құрылым, тіпті аспанмен таласқан кеңселер мен мыңдаған жұмысшы қажет еместігін анық байқауға болады. Барлығы ашық әрі түсінікті.
ҚР «Сақтандыру қызметi туралы» заңына сәйкес, зейнетақы аннуитеттерін іске асырумен уәкiлеттi орган айналысуға құқылы. Сөйтіп, мемлекеттік аннуитеттік компания сақтандырудың жалпы және ұзақ мерзімді түрлерін ұсыну жүйесінің дамуын ынталандыруға, қызметкерінің өз қызметтік міндеттерін атқаруы кезінде оның өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін міндетті сақтандырудың тиісінше жүргізілуін қамтамасыз етуге; сақтандыру ұйымдары қолданатын сақтандыру технологияларының дамытылуына және жетілдірілуіне қосымша серпін беруге; аннуитеттерді ұсыну саласы бойынша қажетті тәжірибені жинақтауға; аталмыш сақтандыру өніміне деген сұранысты қанағаттандыруға және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға сәйкес азаматтарға берілген құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз етуге атсалысады.