Енді «Нұрсаяның» өз мектебі бар (ФОТО)
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев Атырау қаласына қарасты «Нұрсая» мөлтек ауданында биыл пайдалануға берілген №37 жалпы қазақ орта мектебінің алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары нұрсаялық тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Бұрын бұл ауылдың тұрғындары балаларын көрші ықшам аудандардағы мектепке апарушы еді. Енді мұнда 624 орындық жаңа мектеп бой көтерді. Бүгінгі білім күні оқушылар, ұстаздар қауымы мен ата-аналар, ауыл тұрғындары жаңа мектепте оның ашылуы мен жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиында бас қосты.
Жиында Әлібек Ибатоллаұлы елімізде білім беру саласын дамытуға, білім ордалары құрылысына әрдайым көңіл бөлініп келе жатқанына тоқталды. Сөзінің дәлеліндей өңірімізде ашылған бірқатар жаңа мектептерді атап, алдағы уақытта есігін айқара ашатын білім нысандары барын жеткізді.
– Еліміздің ертеңгі азаматтары – балаларымыз жан-жақты білімді болып өсуі керек, озық ілімді игеруі, заманға ілесуі жағынан олар басқа елдердегі қатар-құрбыларынан кейін қалмаса дейміз, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде.
Айта кетейік, мектептің құрылысын «Нурис и К» ЖШС жүргізген. Жарық та кең 24 сынып бөлмесінен бөлек, екі бірдей спорт залы бар. Асхана, медициналық кабинет пен кітапхана да қазіргі заманғы құрал-қондырғылармен, жиһаздармен жабдықталған. Ал оқушылар мен ата-аналар қуанышында шек жоқ.
– Бұрын төрт бірдей немерем Жұмыскер ауылындағы №35 орта мектепке барып оқитын еді. Әсіресе, қыс мезгілінде қиындық туғызатын. Енді жақын жерден мектеп ашылғанына қуаныштымыз. Аллаға шүкір, елімізде, өңірімізде жұрт көңілінен шығатын істер жасалып жатыр. Ең бастысы, аспанымыз ашық болсын деп тілейміз, – дейді ауыл тұрғыны Оңай әже.
Мектеп директоры Айнагүл Бөлекованың айтуынша, білім беру ұйымынан Нұрсая, Болашақ, Самал, Жерұйық, Тұлпар ықшам аудандарынан барлығы 1700 оқушы білім алады. Оларға жоғары санатты 150 мұғалім сабақ береді. Оқулықтар түгелдей жеткілікті. Алдағы күндері мектепте гимназия сыныптары ашылады деп күтілуде.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суреттер Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВТІКІ.