Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Енді мемлекеттік қызметшілердің жұмыстан тыс уақытта қызметте отыруына жол берілмейді

Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингке ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов келді.

1

Ол республикалық ведомоство басшысының бұйрығымен, биылдан бастап жергілікті атқарушы органдардың қызметінде еңбек тәртібіне байланысты жұмыс регламентін сақтау және қызметшілердің мемлекеттік мекемелерде жұмыстан тыс уақытта болу фактісінің орын алмауын қамтамасыз ету мақсатында рейдтік шаралар жүргізіле бастағанын мәлімдеді.

Айтылғанындай, қазірге дейін осындай тексеріспен облыста 15 мемлекеттік құрылым қамтылған. Нәтижесінде, облыстық экология департаментінде, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінде, өзге де мекемелерде кейбір қызметкерлердің жұмыстан  кейінгі  мезгілде өз орындарында отырғандығы анықталған. Әр түрлі себептерді алға тартып, ақталмақшы болғанымен, олардың бұл әрекетінің еңбек заңдылығы талаптарына қайшы келетіндігі, сондықтан да мұндай жағдайлардың қайталанбауын қадағалау қажеттілігі қаперленді.

Бұдан бөлек, осы жылдың тамыз айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне қарасты аумақтық мекемелерде қызмет атқаратын 270-ке жуық мемлекеттік қызметшіге қатысты әлеуметтік желілеріне мониторинг жүргізілген. Қорытындысында, 14 мемлекеттік қызметшінің қолдануындағы әлеуметтік желіден Әдеп кодексі нормаларына нұқсан келтіретін фотосуреттердің салынып немесе жарияланып кеткендігіне көз жеткізілген.

«Мұндағы мақсатымыз – мемлекеттік қызметкерлерге өзінің жұмыс уақытын тиімді пайдалануды үйрету. Осы тұрғыда, Мемлекеттік басқару академиясында «Тайм-менеджмент» бағдарламасы енгізілген.  Сол құжатта жұмыс уақытын қалай дұрыс, тиімді пайдалануға болатындығы туралы нақты айтылып, тайға таңба басқандай нақты көрсетіліп берілген. Оны бәріміз де меңгеруіміз керек. Сонда еңбек заңдылықтары талаптарын толықтай сақтауға мүмкіндік туады»,-деді Тоқтамыс Қадошұлы.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button