Енді БАҚ-та жемқорлыққа қатысты жарияланған ақпараттар арнайы тексеріледі (ФОТО)
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қалай күшейтеміз, оның алдын қалай аламыз? Бұл сауалдарға бүгін аймақтық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Мүксімов, аталған агенттіктің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов жауап берді.
Көпшілікке белгілі, 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Соның ауқымында 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жасақталып жатыр. Брифинг қонақтары ауқымды шараның мазмұнын кеңірек түсіндіріп, ерекшеліктерін баяндады. Журналистердің сұрақтарына жауап берді. «Атырау» газетінің тілшісі қоғам дертіне қарсы күрестегі БАҚ-тың рөлі, кейбір сын мақалалардың елеусіз қалатындығы туралы сауал қойған болатын.
Алдымен ақпарат құралдарына ерекше алғысымды айтқым келеді. Олар қоғамда туындаған мәселелерді жұртшылық назарына ұсынуда. Дегенмен, жасыратыны жоқ, бұрын бірқатар материалдар елеусіз қалып жататыны рас. Алдағы уақытта бұған жол берілмейді. БАҚ-та жарияланған жемқорлыққа қатысты, келеңсіздікті көтерген мақалаларды біздің департаменттің мамандары сараптайтын болады. Сол бойынша тиісті шаралар алынбақ, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов.
Азамат БАЗАРБАЕВ.