ЕҢБЕКАҚЫ еңсені КӨТЕРЕ ме?
Atr.kz/11 қазан, 2019 жыл. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарымен бағамдағанда, соңғы кезде әр қызметкердің айлығы бірнеше есе өсті. Халықтың әлеуметтік ахуалы да салыстырмалы түрде едәуір жақсарғанын ешкім жоққа шығармас. Әйтсе де, қымбатшылық та қапталдасып қалар емес. Өкінішке орай, бұл экономиканың барлық саласын қатар қамтиды.
Әдетте бензин бағасы өскенін әлеуметтік саланың көрсеткіштерімен бағамдаймыз. Яғни, жолақысы көтеріледі, азық-түлік қымбаттайды, халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендейді. Әрине, мұны жоққа шығаруға да болмайды. Бірақ, біраз нәрсе алатын айлығымызға да байланысты екен. Алдымен, ортастатистикалық жалақыға қанша жанармай сатып алуға болады? Мәселен, бізде 825 литр бензинге жетеді екен. Бұл көрсеткіш бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында екінші орында тұрмыз. Бірінші сатыдағы Ресейде – 887 литр.
Бізден төмен Беларусьте – 528, Арменияда 335 және Қырғызстанда 305 литр ғана. Әйтсе де, бөркімізді аспанға атуға әлі ертерек. Мәселен, экономикасы негізінен «қара алтынға» құрылған Персид шығанағы жағалауындағы Біріккен Араб Әмірліктерінде, Кувейтте және Катарда әр тұрғынның жалақысы жанармайға шаққанда 4,9-дан 6,5 мың литрге тең екен. Ал, Сауд Арабиясында – 3,3 мың литр. Сонымен, мамандар көбірек бензин тұтыну үшін сол елдегі әр тұрғынның жалақысы жеткілікті болуы қажеттігін айтады.
Мәселен, көмірсутегі шикізатымен мақтана алмайтын Швейцарияда әр тұрғынның айлығы үш мың литрден аса бензин сатып алуға жеткілікті екен. Өйткені, оған тұтынушының мүмкіндігі бар. Немесе мұнайдың молшылығы қалтаның қалыңдығымен өлшенуі керек. АҚШ пен Канадада бұл көрсеткіштің екеуі де жоғары. Сондықтан, бұлардағы көлігі көп халық жанармайды қалағанынша пайдалана алады. Қазақстанда бензин бағасы экономикалық одақтас мемлекеттермен салыстырғанда арзандау. Мәселен, АИ-95 әр литріне орташа алғанда 168,4 теңгеге сатылады. Тіпті төрт пайыз шамасында түсім бар. Ал, АИ-98 құны – 185,6 теңге.
Жұртшылықтың пікірінше, қымбат көлік мінеді екенсің, көбірек шығын шығаруың керек. Әйтсе де, жазғы дизель отынының құны 192,2 теңгеге дейін өсуін қалай түсінеміз? Қысқы түрінің бағасы бұдан да жоғары болады. Бензиннен кем дегенде екі есе арзан солярка аяқ астынан қалайша қымбаттап кетті? Тұтынушылар көп пе? Әлде сапасы әлдеқайда жақсарды ма? Жалпы, республикада ең арзан АИ-92 бензині Ақтауда көрінеді. Мұнда оның әр литрі 135 теңге тұрады. Соны көп адам тұтынбайтын да шығар. Өйткені, «қазыналы түбектегі» көліктердің 80 пайызы «көгілдір отынға» бейімделген.
Әйтсе де, отынның бұл түрі де әр текше метріне біртіндеп қымбаттап барады. Ал, Атырау мен Шымкентте әр литрінің құны – 142 теңге. Неге екен? Екеуінде де қайта жарақтанып, қуатын әлдеқайда арттырған мұнай өңдеу зауыты бар. Мұның жауабы – бұл нысандардың бәрін де жаңартуға сырттан қаржының тартылуы. Үлкен жоба бірлесіп атқарылды. Ендеше, инвесторлар оның қайтарымын күтеді. Алынған қарыз кейін берілуі керек. Демек, жанармай құны жұртшылық сұранысына сай арзандауы мүмкін емес.
Енді мұнай бағасы жанармайға қалай әсер етеді? Тура. Өйткені, әлемдік нарықта көмірсутегі шикізатының құны көтерілсе, өндіруші компаниялар оны өңдеуші зауыттарға қымбатқа сатады. Дүниежүзілік додада «қара алтын» экспортының көшін бастайтын Сауд Арабиясындағы зауыттардың біріне қарақшылық шабуыл салдарынан осы мемлекет тысқа тасымалдауға тәулігіне әдеттегіден екі миллион баррель мұнайды кем шығармақшы.
Бұл – осы салада дүние жүзі елдерінің алғашқы ондығына кіретін Кувейттің бір күндік экспортына тең көрсеткіш. Әйтсе де, мамандар ахуалдың бұдан да асқынуы ықтимал екендігін жоққа шығармайды. Әлемдік саудада «қара алтын» экспорты тіпті төрт миллион баррельге төмендеуі мүмкін. Ал, бұл дүние жүзіндегі мұнай өндіруші елдердің бастапқы бестігіне енетін Ирактың бір күнде сыртқа шығаратын шикізатымен тең.
Брент маркалы мұнайдың орташа бағасы жыл соңына дейін әр барреліне 60 доллардан жоғары болғалы тұр. Бұл бізді қанағаттандырады. Өйткені, республикалық б ю д ж е т т і б е к і т к е н д е көмірсутегі шикізатының осындай бағасының ықтималдығы ескерілген-ді.
Демек, ортақ қазынаға біраз түсім түседі. Яғни, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасалады. Дегенмен, мұнай өнімдері одан әрі қымбаттауы мүмкін. Оған, біріншіден, шикізат бағасының өсуі әсер етпек. Екіншіден, еліміздің ішкі нарығын қорғауға қадам жасалмақ. Энергетика министрлігіндегі лауазымды тұлғалар арзан жанармайды көршілеріміздің тасып әкетуіне тосқауыл қоймақ. Мұның екіақ жолы бар. Не біздегі бензин бағасын көтеріп, Ресеймен теңестіру керек, не оны сырттан келетін көліктердің көптеп тұтынуына шектеу қою қажет.
Үшіншіден, Қазақстан сыртқа жанармай экспорттай бастады. Өнімді әлемдік нарықта сату қыруар пайда әкеледі. Ұтымды сәттен, әрине, ешкім де бас тартпайды. Мұндай жағдайда ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуде кейбір мәселе туындауы ықтимал. Ал, тапшылық қымбатшылықты тудырады. Жалақы ше? Еңбекақының «қара алтын» құнына да, оның өнімдерінің бағасына да еш қатысы жоқ. Әркім о баста белгіленген айлығын алады.
Мемлекет басшысы кәсіпорындарда қызметкерлердің еңбекақысын көтеру жөнінде нақты тапсырма бергенімен, бұл барлық жерде орындалды деуге әлі ерте. Өйткені, әр ұжым өзінің қаржылық қауқарына қарайды. Жалақыға байланысты осындай жағдай қалыптасып отырғанда отандастарымыздың «темір тұлпар» тізгіндеуге деген құмарлығы басылар емес. Өз ақшасы жетпесе, біреуден қарыз немесе банктен борыш алады.
Мәселен, былтыр қазақстандықтар көлік сатып алуға барлығы 546 млрд. теңге жұмсаған. Жаңадан 60 мың 900 көлік көше қозғалысының қатарына қосылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 24 пайызға жоғары. Сөйтіп, былтыр 1 млн. 200 мың көлік тіркеуден өткен. Немесе 2017 жылмен бағамдағанда 14,8 пайызға көп. Міне, осыншама көлік жаңартудан өткен зауыттардың жанармайын жұтып жібермей ме? Ендеше, оның бағасы қалай арзандамақ?
P.S.
Міне, Қазақстанда жалақы мен жанармайға қатысты осындай ахуал қалыптасып отыр. Өзімізде мұнай да, газ да бар. Бірақ, көлікке құятын бензин бағасы алатын айлығымызға шаққанда тым жоғары. Демек, біздегі отын құны өзгелермен салыстырғанда ғана арзан тәрізді көрінеді. Меңдібай СҮМЕСІНОВ