Жарнама
Жаңалықтар

ЕН ДАЛАНЫҢ ЕНБАЙЫ

 Атамбаев  Енбайдың нағашысы

Жайықтың батыс беткейіне қарай жазықтағы Жайық руының бір атасының есімімен аталатын Толыбай шағылын негізінен осы ру қоныс еткен. Елтайлық абыз Ғабдысамат Әйіптің айтуынша, Жайықтан  Абдан – Мәстек – Бектен – Бұғанай – Сүлеймен, одан Енбай тарайды.

Сонымен атадан балаға мирас болған атакәсіп одан әрі Бұғанайға, сосын Сүлейменге жалғасыпты. Маржан апамыздың інісі Құрманның бізге берген дерегі бойынша Сүлейменнен Ізбас, Мыңбай, Енбай, Мұқан, Онбай болып бес ағайынды тарайды. Кеңес өкіметінің жаппай отарлау саясаты күшіне әбден енген бұл кезде оның әмірі далаға да жетіп, байлардың малын тәркілеу басталады. Соның ішінде Сыралы баймен қоса Бектеннің ұрпағы Ізбасқа да сол саясаттың салқыны тиіпті. Ал, Онбай теңізден балық аулаудан келіп, жас шамасында ауырып өмірден өтсе, 1900 жылы туған Мұқан соғыстан оралмаған. Мыңбай 1955 жылдар шамасында Индерборда қайтқан. Одан тараған ұрпақ та бір бөлек әңгіме. Тағы бір айта кететіні, Қазақ КСР-інің Мәскеудегі өкілдігін басқарған айтулы азамат Өтешқали Атамбаев осы Сүлейменнің кемпірінің туған інісі. Яғни, Мәскеудің төрінде отырып, Алаш үшін ат терлеткен атақты Атамбаев Енбайдың  туған нағашысы. Осындай құрсақтан туған Енбайдың, оның қызы Маржанның осал болуға еш хақысы жоқ та ғой. Өйткені, Өтешқали да сол өңірде, яғни Тумада туып-өскен азамат. Ал, Тума мен Толыбайдың арасы – ат желдірткен қазаққа аралас-құралас жер. 

Тамақ табудағы  тәсіл

Енбай есентемірдің Қалима (Халифа дегенді де айтады) деген қызына үйленіп, сол Толыбай өңірінде Шалабай мен Маржан дүниеге келеді. Олар сол жердегі мектепте хат танып өседі. Бұл колхоздастыру,  яғни жекенің малын ортаға салып, ұжымдық шаруашылықтар құру кезеңі болатын. «Степан Разин» колхозында Енбай,            Есмұрат, Сәкендер колхоздың үш үйір жылқысын алып, Елтайдың қырындағы Айғыр, Саралжынды қыстап, Шеркеш, Жолқызылды жайлайды. Соғыс басталғанда Шалабай әскер қатарына алынып, жылқы бағу ісіне Маржан да араласады. Сұрапыл соғыс жүрген Сталинград аймағынан қашқан қасқырлар жылқыға тыным бермей еріп жүретін көрінеді. Осы орайда майданға деп аудандық әскери комиссариат «СА» деп (Совет армиясы) таңбалап кеткен еркек құнан, дөнендерге жаманауызды жақындатпай, үйірді қорғауда көп көмегін тигізеді екен. Өйткені, көліктің жоқтығынан үйірдің айғырларын колхоз басшылары мініп кететін кездер де болған. Әрине, күзету өз алдына ғой. Сол кездердің бірінде елде сүзек, безгек індеті пайда болып, түн жылқы күзетіп жүрген Енбай ауруға шалдығады. Ауру қысқан ол бір күні боранда адасып кетіп, астындағы бие ауылға алып келеді. Тізгін ұстайтын сол қолы үсіп, төрт саусақтан айырылады.

Бірде мамыр айының ішінде колхоз әкімшілігінен өкілдер келіп, жылқыны таңбалай бастайды. Ферма басшысы қатал адам болса керек, жылқышылардың: «Ішер тамаққа бір жылқы қалдырсаңызшы?!» деген өтінішіне құлақ аспай түгел таңбалауға бұйрық береді ғой. Сол кезде амалы қалмаған олар:

 – Әй, Енбай, сен бірдеңе жасасайшы, енді аштан өлеміз бе?– деп қолқа салады. Жолдастарының сөзін жерге тастамаған Енбай басшының көзін ала бере жылқының арасына кіріп, бір байталдың жанына барып, алдыңғы аяғын көтере бергенде жауырын тұсынан төмен қарай қолының қырымен қағып жіберіпті. Сол кезде жіліншігінің ара-жігі ажырап кетсе керек, байтал аяғын баса алмай қалады. Соны кейін сезген өкіл: – Әй, Енбай, Енбай! Мынау сенің ісің ғой. Жарайды, ендеше, сойып алыңдар. Бірақ, басқармаға себепті өзің тауып айтасың, –деп байталды тастап кетіпті. Мұны Маржан апай көріп тұрыпты. 

Жирен  қасқаның қарғуы

Бір күні үйірдегі қара көк бие ауырады. Қанша жыл Қамбар ата тұқымының соңынан ілесіп келе жатса да жылқышылар мұндайды алғаш кездестірсе керек. Ақыры басқармаға, одан облысқа хабар жеткенмен дәрігерлер ауруын таба алмайды. Осыдан кейін Енбай өңірге бақсылығымен аты шыққан Жақсылық деген молдаға барып, дұға алады. Бақсы: – Биенің оң құлағын тіліп қан шығарыңдар. Биеге таң алдында перінің айғыры шапқан. Бұл – тегін мал емес. Емнен кейін бие оқыранып тұруға ұмтылыс жасаса, сол кезде үйірдегі айғыр жетіп, биені алса, онда перінің айғыры жеңіліп, бие жазылады. Ал, алмаса бие өледі, — депті. Айтқандай ем қолданғаннан кейін іңір қараңғысында, нағыз перінің жүретін уақытында бие екі аяғымен жер тіреп, тұруға ұмтылыс жасап, осқырынады. Осы сәтте оның дауысын естіген айғыр сатыр-күтір үйірін айдап жетеді. Келген соң жер тепкілеп, биені айнала иіскелеп дем береді. Жарықтық жануарда тіл жоқ демесеңіз, киелі мал ғой, иесі келген соң бар күшін жиып, төрт аяғымен тәлтіректеп басып, үйірдің соңына ілесе бастайды. 

Көк бие келер жылы егіз құлын табады. Малдың ішінде жылқының егіз табуы кездесе қоймайтын нәрсе. Біреуі – ұрғашы, біреуі – еркек. Қазақта егіз тапқан ірі қара баласын үйден тыс адамдарға атап жіберетін ырым бар. Әйтпесе, жаман болады деп жорамалдайды. Осы әдетпен құлынның ұрғашысын Ғалымға атап жібереді (Ол бие одан кейін де егіз тауыпты). Әдеттегі науқан бойынша мал таңбалаушылар келіп, «СА» деген қос   әріп  жирен қасқаның да санына түседі. Құнандардың ұзындығы, биіктігі өлшеніп, бәрі қағазға түсіріліп, кестіріледі. Осылайша күзді күні 40 шақты саяқты Мыңбай, Маржан болып төрт адам айдап  шығады. Сол кездегі Гурьевке апарып, басқа колхоздардан да бар көптеген жылқыны пойызға тиеп жатқан. Кенет бір жылқы қайта-қайта қарғып, ақыры темір торды бұзып ен далаға шаба жөнеледі. Оны қанша аттылы қоршап тұрса да қайыруға біреуінің шамасы жетпейді. Сонымен, тиелген жылқы Волгоград, Ленинградқа қарай жөнелтілетін болып, жылқымен бірге көзделген жерге тапсыру үшін Мыңбай қарт бірге кеткен көрінеді. Қалғандары төрт-бес күн жүріп Қаройға келсе, әлгі жирен қасқа Шағыршегірдегі үйірінде жүрген көрінеді. Мал екеш мал да туған жерін қимай, соңғы демін ішіне тартып қарғыған ғой. Сол шабыспен Жайықты жүзіп өтіп, 300 шақырымды артқа тастап келуді қарасаңшы!  

Енбай төбесі

Енбай туралы айта берсе біраз дүние әлі де табылары анық-ау деп ойлаймын. Ешкімге есесін жібермеген Енбайдың өжет, намысқойлығын айтқанбыз. Байқаған адамға даланың өз қырандары бар. Біз оларды қарақұс деп айта саламыз ғой. Нағыз қырандар даланың биік төбелеріне екеуден ұялайды, мекен етеді. Ендеше, қырдың текті адамдарында да сондай ұқсастық болса керек.

Енбай өмірден өткен соң жылқыны Маржан, одан кейін інісі Құрман бағады. Құрман атқа қонымды нағыз шабандоз болыпты. Айталық, 1945 жылы Жеңіс тойына орай Елтайдың қырындағы Тапай деген жерде ат бәйгесі өтеді. Сол жарысқа Құрман Сәкеннің табынынан шыққан құла ала аяқ құнанға шауып, бас бәйгені алады. Одан кейін де осы атпен облыста үш рет, аудандағы бәйгелерде де  сан мәрте топтың алдынан келіпті. Ал, атты Аққаладағы атбегі Қамаш қарт арнайы  жарататын көрінеді. Кейін  ол әскерден келген соң қой бағуға ойысады. Құрман –  ұрпағы жайылған үлкен әулет. Қазір Елтайда тұрып жатыр. Ал, Маржан апайдың баласы Руслан жасынан шабандоз,   құрық тастаудың шебері деседі. Қызы Дариға Атырауда, Гүлзадасы Махамбет ауданында тұрып жатыр.  Бүгінде бұл ұрпақ малбегіліктен мүлдем ажырап, заман талабына сай жаңа өмірдің бәйгесіне түсіп кетті. 

 Сонымен…

Осылайша апамыздың ақтық сапарына келген жамағатқа қолымыздан келгенінше қызмет еттік. Ертесіне жаназа намазын өткізіп, ауылға – мәңгілік мекені «Абай» қауымына  қарай бет алғанбыз. Жолжүріс адамға әртүрлі ой салады ғой, ауылдың тұсынан өтіп бара жатқанда менің құлағыма иесін іздеп, шұрқырап келе жатқан жирен қасқаның дауысы естілгендей болды. Көзімнен бір тамшы жас үзіліп түсті. Осы бір сәл ғана әсер менің осы мақаланы жазуыма алып келді.  

Қалай дегенде де Маржанның арғы тегі  Бектен, Бұғанай, Енбай – бәрі-бәрі даланың бір-бір төбесін иеленіп жатыр. Ал, көзінің тірісінде-ақ «Маржан қыз» ұғымын қалыптастырып кеткен Маржан апамыздың да есімі бүкіл қазаққа, күллі Кеңес одағына  тарады. Ол ана төбелерден де биіктеп кетті-ау деймін.

Жанай АМАНТУРЛИН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Индер ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button