Басқармада – жаңа басшы

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалды.

Кеше облыс әкімі аталған басқарманың жаңа басшысы Азамат Бауыржанұлы Бекетті ұжымға таныстырды.

Азамат Бекет 2004  жылы Алматыдағы Қазақ гуманитарлық заң институтын, 2009 жылы экономика және құқық академиясын заңгер, қаржыгер мамандықтары бойынша тәмамдаған. 2002-2004 жылдары ҚР Қарулы Күштері қатарында азаматтық борышын өтеген. 2004-2013 жылдары Астана, Алматы қалаларында және Батыс Қазақстан, Алматы  облыстары бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде  қызмет атқарған, қаржы полициясының капитаны.

2013 жылдан осы лауазымға тағайындалғанша Батыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымында қызмет еткен. Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, халықаралық жарыстардың жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Орталық Азия ойындарының күміс жүлдегері, ТМД Қарулы Күштері спартакиадасының чемпионы.

– Жаңа лауазымға тағайындалып отырған Азамат Бауыржанұлының облыстық басқарма алдына қойылған міндеттерді орындауға, спорт саласын дамытуға  білімі мен тәжірибесі, қарым-қабілеті  жетеді деп ойлаймын. Атырау облысында қалыптасқан  жақсы дәстүр бар. Биыл баскетболшыларымыз бен шайбалы хоккейшілеріміз еліміздің чемпионы атанды. Екі спортшымыз Бразилияда  өтетін жазғы олимпиадалық ойындарға қатысуға дайындалуда. Елбасының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі саясатын жүзеге асыруда бар күш-жігерді жұмсап, биік жетістіктерге  жетеді деген сенімдемін. Облыста спортты дамытуға барлық жағдай жасалған. Бюджеттен бөлінген қаражаттан тапшылық жоқ. Тек жұмысты заман талабына сай ұйымдастырып, жоғары нәтижелерге жету шараларын алу керек, – деді аймақ басшысы.

Жиында А.Бекет сөз алып, өзіне көрсетілген зор сенім үшін ризашылығын білдірді.

Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз