Жарнама
ЖаңалықтарМедицинаҚоғам

«Емханалар арасында көшбасшы атандық»

Қазіргі кезде басы ауырып, балтыры сыздаған адам дәрігерге қаралу үшін емханаға жүгіріп, ол жерде бірнеше сағат кезек күтпейді. Өйткені, дәрігердің қабылдауына кез келген қолжетімді және ыңғайлы тәсілмен жазылуға болады. Науқас адам үйінде отырып, қалта телефонының көмегімен де  дәрігерге жазылатын заман келді. Электрондық тіркеу жүйесі енгізілген соң ауруханалар мен емханалардағы ұзын-сонар кезектер келмеске кетті.

Бір қуанарлығы, осындай технологиялар Атырау қалалық  №7 емханасында сәтімен іске асырылуда. Бұлай дейтін себебіміз, осы мекеме екі жыл қатарынан республикалық стандарттау орталығының рейтингілік көрсеткіштері бойынша ең үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ, биылғы жылдың соңында өңірдегі алпысқа жуық емхананың арасында «Үздік емдеу-сауықтыру мекемесі» номинациясын жеңіп алды. Мекеме ғимараты 2011 жылы пайдалануға берілген кезден бастап, ұжымның жеткен жетістіктері көп.

Емхананың бас дәрігері Сағытжан Жанқылышұлы Айдарәлиевтен мекемедегі жаңашылдық сырын сараптап беруді өтінген едік.

%d0%b5%d0%bc%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%80-%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0-%d0%ba%d3%a9%d1%88%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%88%d1%8b-%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d1%8b

— Облыстық байқауда үздіктерді саралау қалай жүзеге асты? Емхананың өзге сауықтыру орындарынан ерекшелігі неде?

— Өткен жылдың ақпан айынан бастап емхананың бас дәрігерімін. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына орай байқауды облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды. Әрине, әрбір емдеу-сауықтыру мекемесінің өз әлеуеті,  мүмкіндіктері бар. Мәселен, ауруханалар өз функцияларына қарай жұмыс жасайды. Біз оларға жете алмауымыз мүмкін. Бұл орайда, заманауи технология негізінде қызмет етіп келе жатқан ұжымның еңбегі ескерілді деп білемін. Ең алғаш автоматтандырылған кезекпен дәрігерге қаралу біздің емханада жүзеге асса, қазір қаладағы №2 емханада іске қосылды.

Сондай-ақ, терминал арқылы кезекті де енгіздік. Бұл дегеніміз, әр адам банкідегідей жеке куәлік нөмірін терминалға теру арқылы өз кезегін анықтайды. Тағы бір өзгешелігі, науқастың алған емін де компьютер шығарып береді. Бұрынғыдай дәрігердің түсініксіз жазуы болмайды. Жұмысқа жарамсыздық бетшесін де осы бағытта алуға болады. «Жұмысқа келмей қалған күнімді ұзартамын» деп дәрігердің соңынан жүрмейсіз, бәрі компьютер арқылы автоматты түрде қарастырылуда. Сондай-ақ, облыстық туберкулезге қарсы күрес дипсансерінің  мамандары, нарколог, психиаторлар да  бізде қызмет етеді. Оңалту бағытында да бірқатар жұмыстар бар.

— Қазіргі кезде миға қан құйылу, жүрек-қан тамырлары ауруынан, жарақаттан кейінгі мүгедектік көбейіп барады. Емін алып шыққан соң науқастың қайда барарын білмей қалатыны бар.  Бұған не дер едіңіз?

— Науқас емін алады да үйіне шығады. Бірақ, емнен кейінгі оңалту өз жайына қалатыны жасырын емес. Оған жауап беретін мамандар да табылмай қалады. Содан науқастың одан сайын денсаулығы нашарлайды. Бұл мәселеге баса назар аударып, биылғы жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен  5,5 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алдық. Оңалту бөлімшесінің реабилитолог дәрігері бар. Қазір жалпы тәжірибелік бір дәрігерімізді оқытуға жібердік. Жылдың аяғында ол оқуын тәмамдап келеді. Бөлімше құрамында невропатолог, реабилитолог, логопед, дефектолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, емдеу-денешынықтыру нұсқаушысы, сылап-сипаушы мамандар да бар. Олар науқастарға арналып биылғы жылы ашылған бес орындық палатада қызмет етеді. Алдағы уақытта топ құрамын кеңейтіп, емханаға келе алмайтын науқастарға үйіне барып және өзге емхана аумағындағы оңалтуға мұқтаж жандарды қамтып, ем-дом жасайтын деңгейге жеткіміз келеді.

%d0%b5%d0%bc%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%80-%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0-%d0%ba%d3%a9%d1%88%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%88%d1%8b-%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d1%8b

— Өңірде дәрігер мамандар тапшылығы байқалады. Бұл  ұжымға қалай әсер  етуде?

— Біздің емханада маман тапшылығы жоқ. Күні бүгін  300-дің үстінде қызметкер болса, оның 68-і – дәрігер, 138-і – орта буын медицина қызметкері. Атырау медициналық колледжімен тікелей байланыстамыз. Орта буын қызметкерлеріміздің көпшілігі – сол оқу орнының түлегі. Біздің емхана колледждің оқу-өндірістік базасы болып есептеледі. Студенттер тәжірибеден өтуге келеді. Сонымен қатар, бұрынғы жалпы тәжірибелік дәрігерлерді қазір жанұялық дәрігерге оқытудамыз. Биыл жұмысқа келген екі жас дәрігер осы бағытта білімдерін жетілдірді.

— Шешімін күткен қандай мәселелерді атар едіңіз?

— Сағат таңертеңгі 8.00-ден кешкі 8.00-ге дейін амбулаторлық негізде  қызмет етеміз. Бұл аралықта науқастың үйіне барып, жедел түрде медициналық қызмет көрсететін қызметтер болады. Мобильді топтың құрамында екі фельдшер маман бар. Жасыратыны жоқ, олардың санитарлық көлігі жарамсыз болып отыр. Жылы ескі бір «Нива»  және бұрын апатқа түскен санитарлық «УАЗ»  ғана бар. Екі күннің бірінде бұзылып тұрады. Жүргенінен тұрғандары көп. Келесі жылы ақылы қызметіміздің есебінен өз қаражатымызға жаңадан санитарлық көлік сатып алуды жоспарлап отырмыз. Негізі жедел  жәрдемді үйге шақырушылар көп. Әсіресе, эпидемиологиялық маусымда  бала мен ана арасында ауру көп. Оларға жедел медициналық көмек керек. Шүкір, соңғы жылдары біздің емханаға қарайтын тұрғындар арасында ана өлімі тіркелген жоқ. Мұндай жағдай соңғы рет 2013 жылы болған еді. Бала өлімі де  жылдан жылға төмендеп келеді. Былтыр бір жасқа дейінгі тоғыз сәби шетінесе, биыл алты бала тіркелген. Көпшілігі ананың денсаулығындағы кінәраттан туындаған. Атап айтқанда, сәбилер іштен туабіткен кемтарлық салдарынан көз жұмған болып шықты.

Қазір күн сайын «WhatsApp» арқылы  облыстық денсаулық сақтау саласы басшылығына хабар беріп, өз жұмысымызды қорытындылап отырамыз. Бұл да саланың алға жылжуына оң ықпалын тигізеді.

%d0%b5%d0%bc%d1%85%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%80-%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d0%b0-%d0%ba%d3%a9%d1%88%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%88%d1%8b-%d0%b0%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d1%8b

— Емхананың екі ғимаратын жалғайтын өткел салынатыны туралы айтып едіңіз.  Бірақ, байқауымша әлі сол күйінде тұр.

—  Иә, дұрыс айтасыз. 2013 жылы жасалынған ғимараттың жобасында екі нысанның ортасына дәліз құрылысын салу болған еді. Соған байланысты бас дәрігер болып тағайындалғанда, ең алдымен, осы мәселемен айналыстым. Бұл бастаманы көтерудегі мақсатым – тұрғындарға жағдай жасау. Әсіресе, жауын-шашынды, қыстың тайғақ күндері емхананың бір ғимаратынан келесісіне қатынау қызметкерлер мен науқастарға қиындық туғызады. Жағдай ескеріліп, екі ғимаратты жалғайтын өтпелі дәліз құрылысын салу қолға алынды. Осы жылдың сәуір айында облыстық мәслихаттың сессиясында ортаға өткел салу мәселесін көтеріп, қаражат сұрадым. Сұранысым қабылданып, 17 миллион теңге бөлінді. Бірақ, жобаның сауатсыз жасалуы салдарынан өткелді тұрғызу мүмкін болмай шықты. Мамандар келіп сараптама жасады.  Қысқасы, қаржыны кері бюджетке қайтардық.  Бұрын жобаны жасаған  жеке кәсіпкер қайта өзгеріс енгізу жұмысына кірісіп кетті. Жобаны аяқтаған соң, сараптамаға жібереміз. Егер мақұлданса, келесі жылы дәлізді салуға кірісеміз.

Былтырғы көктемдегі нөсер жауынның салдарынан шатырдан су кетіп, көптеген кабинет пайдасыз болып қалған еді. Өзіміздің ішкі қаржымызды жинақтап, 5,5 миллион теңгеге жәй жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Күні бүгін мекеменің айналасында қоршау болмағандықтан, еккен талдарымыз сынып, төселген мәрмәр  тас жабындылар да бұзылуда. Сондықтан, қоршау салу бағытында да жұмыстарды қолға алып жатырмыз.

— Осы жылды жемісті, табысты аяқтағалы отырсыздар. Келер жылдан да үміт көп. Жоспарларыңыз қандай?

— Жұмыс та, жоспар да көп. Негізгі үш бағытта жұмыстанбақпыз. Біріншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды халыққа түсіндіру, екіншісі – автоматтандырылған ақпараттық жүйенің байланысын кеңейту, үшіншісі – оңалту-сауықтыруға орай жұмыс көлемін арттыру.

 — Әңгімеңізге рахмет!

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button