Республикалық жаңа журнал таныстырылды (+ФОТО)

img 20201125 wa0055 Жаңалықтар

«Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің баспасөз клубында жаңа республикалық журналдың таныстырылымы өтті.

Атырау журналистикасына еңбегі сіңген ардагер қаламгерлердің қатысуымен өткен басқосуда алғашқы сөз кезегін жаңа басылымның  бас редакторы, мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі Исатай Балмағамбетов алды.

Ол жақында алғашқы саны жарық көрген республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық журналдың мазмұн-мақсаты, бағыт-бағдары, алдағы жоспарлары мен жаңа жобалары жайлы әңгімеледі. Өткен бейсенбіде Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында тұсауы кесілген басылым беттерінде түрлі тақырыптағы жарияланымдарға орын беріліп, оған ел көлемінен авторлар тартылып, материалдар тартылатынын айтты. Алдағы уақытта оның мазмұнды да мәнді болып шығуына кездесуге келіп отырған қаламгерлерді атсалысуға шақырды.

Жалпы алғанда, айына бір рет жарық көреді деп жоспарланған журналдың алдын-ала жасақталып бекітілген тұжырымдамасы бар. Соны негізгі бағыт ретінде ұстанып, оқырмандардың ұсыныс-пікірлері негізінде басылымның бет-бейнесін жақсартып, оқылымын арттыруға көңіл бөлінеді.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Ысқақ Егембердиев бастапқыда таралымы 500 дананы құрап отырған «Сарайшық» журналының санын алдағы жылы 2000-ға жеткізіп, республика деңгейінде жазылуды жолға қою көзделіп отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, ол медиахолдингтің келешек даму стратегиясын таныстырып, кәсіпорынның жұмыс жоспарларымен бөлісті. Мерзімді басылымдарға жазылу, жаңа медиаға көшу кезеңінде ойластырылып отырған іс-шаралар төңірегінде мағлұмат берді. Әсіресе, баспасөзге баламалы және онлайн түрде жазылу, оқырмандармен кері байланыс орнату, атаулы даталарды атаусыз қалдырмау, басылымдардың сыртқы келбетіне сай келетіндей етіп ішкі мазмұнын жақсарту және басқа да мәселелер жөнінде әңгіме тиегін ағытты. Жүздесу барысында айтылған ұтымды ұсыныстарға құлақ түріп, туындаған  сауалдарға жауап қайтарды.

Соңынан сөз алған аға буын өкілдері қоғам өміріндегі жарқ еткен жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болып, жұртқа жеткізіп жүрген журналистердің қызметіне, серіктестік, қала берді аймақ басшылығының қолдауымен іске асқан игі бастамаға құтты қадам, «Сарайшыққа» сәттілік тіледі. Журналдың ұлт руханиятының қалыптасуына өлшеусіз үлесін қосар ортақ құндылық пен қазынаға айналарына сенімділіктерін білдірді.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

img 20201125 wa0056
img 20201125 wa0068
img 20201125 wa0058
img 20201125 wa0061
img 20201125 wa0062
img 20201125 wa0071
img 20201125 wa0069
img 20201125 wa0059
img 20201125 wa0065 1
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз