КЕМЕЛ БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Тәуелсіздік және тұғырлы президенттік институт. Бұл ұғымдар жасампаз Қазақ елінің жарқын келбетінің ажырамас бір бөлігі, ел тұтастығы мен татулығының берік кепіліне баланады.
Сөз жоқ, әлемдік тәжірибеде бастауын сонау жылдардан алатын аталмыш ұғымның біздің елімізде көрініс табуы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен етене байланысты.
Президенттік институт ұғымын қолданысқа енгізу тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуына шешуші ықпал жасап, КСРО ыдыраған соң мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамсыз еткен айтулы оқиға болғаны сөзсіз.

 

Әлемдік модель

Дүниежүзілік тәжірибеге сай, алғашқы Президенттік институт Америка Құрама Штаттарында қалыптасқан. Британдық монархиядан бас тартқан АҚШ-та мемлекет тізгіні мен үкімет басшылығын қолына қатар ұстаған Президент лауазымы пайда болған. 1776 жылы басқарудың осынау формасы тәжірибеге ене бастаған сәтте өзге елдер бұл үрдісті өздеріне үлгі санай бастады. Еуропада тұңғыш президенттік республика атағына 1848 жылы кәрі құрлықтағы Швейцария мен Франция ие болса, бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Австрияда, Веймар республикасында, Чехословакияда, Польшада, Балтық бойы елдерінде президенттік республика орнады. Ал, екінші дүниежүзілік соғыстан соң, Италия, Грекия, Португалия, Мальтада мемлекет басшысы Президент болып саналды.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап, Еуропаның озық елдерінде кеңінен қолданылған басқарудың бұл түрі Азия елдеріне де қадам басты. Бұл құрлықтағы президент өкілеттілігі Филиппин, Сирия, Ливан елдерінен бастау алды. Кейін Оңтүстік Корея, Оңтүстік Вьетнам, Тайвань, Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Ирак та осы тәсілмен ел билеу ісіне көшірілді.

Десек те, президенттік басқару жүйесі туралы түсінік те әртүрлі, конституциялық өкілеттік те сан алуан. Мәселен, АҚШ пен Мексикада президент мемлекет басшысы әрі үкімет басшысы қызметін қоса атқарса, Италия мен Германияда ел тізгіні премьер-министр мен канцлерге жүктелген, президент халықаралық-құқықтық қатынастарға өкілеттік етеді. Дәл осындай жүйе Финляндия мен Үндістанда да бар, яғни құжаттық негізде президенттік өкілеттіктер белгіленгенімен, премьер-министрдің құзыры жоғары саналады.  

Қазақстандық феномен

Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт ел саналатын АҚШ-та пайда болған президенттік билік институты Қазақстанға Кеңестер Одағының керегесі сөгіліп, іргесі шайқала бастаған тұста жетті. Бұл 1990 жылдың 24-ші сәуірі еді. Дәл осы күні Қазақстанның жоғарғы кеңесі «Президенттік қызметті енгізу» туралы шешім қабылдады. Іле-шала, алаш жұрты аңсаған азаттыққа қол жеткізді. Сол уақыттағы бекітілген заңға сәйкес, яғни 1993 жылы қабылданған конституцияға сай екі жылдай парламенттік-президенттік республика атанғанымыз рас. Сол шақты саралаған саясаткерлер «Егемендікке елдің еті үйренісе қоймаған елең-алаң шақта қос биліктің орнауы қолайсыздық тудырды. Сондықтан 1995 жылы Ата Заңға өзгеріс енгізіліп, Қазақстан президенттік республикаға айналды. Содан бері сол жолдан тайған емес. Ел тізгінін бір адамға тапсырған мемлекет талай тығырықтан шығып, талай асуды бағындырды» деген пікірлер білдіруде.

Ал, Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Роговтың пікірінше, «Қазақстандағы президенттік институт мемлекеттің ең маңызды қызметін институттандырудың ерекше формасы болып табылады. Ол биліктің басқа тармақтарының үстінен қарайтын саяси-құқықтық қабат сияқты. Президенттік биліктің басқа билік тармақтарынан жоғары тұруы тиімді қарым-қатынасты қамтамасыз етеді, осы арқылы Мемлекет басшысы Конституцияның, адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының жоғарғы арбитры мен нышаны бола алады. Мұндай құрылым Қазақстан тарихының, қоғамдық-мемлекеттік қатынастардың, дәстүрлі қоғамдық сананың негізінде қалыптасқан». Міне, персонофикация, яки Қазақстандағы Президенттік институтты жеке тұлғамен байланыстырудың негізгі себебі де – осы және ол Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасымен тікелей байланысты екендігін ел жетістіктері арқылы дәлелдеп берген ұғым болды.

Жалпы, кейбір елдерде тұңғыш президент лауазымын атқарған тұлғалар ұлттың саяси көшбасшысы мәртебесіне ие болып жатады. Оның жарқын мысалы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік жолы, жасампаздықпен өрілген өмірбаяны. 

Мемлекет пен қоғам дамуының қай тұсын қарасақ та, президенттік басқарудың нәтижесінде қол жеткізген соны өзгерістерге куә боламыз. Алқалы жиындар төрінде айтылған шетелдік маман-сарапшылар пікірі де осыған саяды. «Азат елдің аздаған уақытта-ақ аяғынан нық тұрып, халықаралық дәрежедегі беделін айшықтауы – сөз жоқ, Қазақстан Президентінің көрегендігі, кемел болашаққа деген жарқын ұмтылысының жемісі. Мемлекетті басқару деген – жоғарғы лауазым тұрғысынан әміршілік жүргізу емес. Ол – сол мемлекеттің барлық қоғаммен үйлесімділігін қалыптастыру, заңдық құжаттарын жасақтау, елдің жағдайын жақсарту. Осы айтылғандардың барлығы бүгінгі Қазақстанның бет-бейнесінен айқын аңғарылады» деген ой-пікірлер үлкен мінберлерден ұдайы айтылуда.

парасаттылық пайымы

Назарбаев – әлемге әйгілі көреген саясаткер. Ғаламдық дәрежеде маңызы бар саяси-экономикалық реформаларды белсенді іске асырған, дінаралық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықтың негізін қалаған, әлемдік қауымдастықта мәнісі зор саналатын өміршең бастамалардың жаршысы болған тұғыры мықты президенттік институт осынша аз уақыт аясында өзін ақтап қана қоймай, өзіндік қазақстандық моделін қалыптастырды да. Сондықтан Қазақ елінде қалыптасқан президенттік институт ұғымы мен Тұңғыш Президент бейнесінің орасан зор саяси, тарихи рөлін өзара сабақтастырмай қарау мүмкін емес.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық деңгейдегі көшбасшылық қасиеттерге ие, жаһандық ауқымдағы парасат-пайым мен мүлде жаңа ойлауға бейім екенін, прагматизм, ұлтжандылық, тынымсыз ізденіс, қауырт жұмысты серік еткен сарабдал қайраткер екендігіне дүйім ел куә. Сарапшылар Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың феномені ретінде елді ТМД-дағы еңселі, ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысына, халықаралық беделі жоғары, сан салалы көрсеткіштер бойынша қуатты елге айналдыруын ерекше айтады. Алаш абыройын асырған ЕҚЫҰ мен Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық, айбынымызды асқақтатқан Азиада ойындары, ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу мәртебесіне ие болуымыз Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегінің, сарабдал саясатының, халықтың Елбасыға зор сенім артуының арқасы екені даусыз.

Түйін

Әлемде мемлекетті басқарудың бірнеше институты бар. Соның ішінде көп тарағаны – президенттік билік. Десек те, ел билеудің осындай формасын қолданатын 140-тан астам елдің салт-санасына байланысты бір-бірінен өзгешелігі көп. Бірақ, қазақстандық жүйеге сай, яғни биліктің бір қолда болуы халық тұрақтылығының кепілі ретінде өзгелерге үлгі болып отырғаны – бүгінгі күннің ақиқаты.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз