ШЫНАЙЫ ДІН ДӘСТҮРМЕН САБАҚТАС

Бүгінгі дін ұстанушылардың басым көпшілігі - жастар. Сондықтан, теріс ағымдардан, әсіресе, мектеп оқушыларын сақтандыру өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өткен семинар барысында осы мәселе талқыға салынды. 

«Дәстүрлі діндердің қай-қайсысы да әр ұлттың өткенін, дәстүрін ешқашан жоққа шығармайды. Жастарымыз осыны түйсінуі керек. Сол себепті де, баланы жасынан дәстүрлі діни ұстанымға берік болуға тәрбиелеу маңызды», - деп атап өтті семинар барысында сөз алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев.

 Сала маманының айтуынша, дінді пайдалана отырып, қоғамға іріткі салу жаңалық емес екен. «Кезінде Абдулла ибн-Саба хазіреті Әлидің уақытында мұсылмандардың арасында теріс діни көзқарастарды таратумен айналысты. Осының негізінде мұсылман әлемі сунниттер мен шииттер болып екіге бөлініп кетті. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқан уағыздарын жеке мақсаты үшін бұрмалап жеткізген оның жолын жалғастырушылар бүгінде қоғамға қауіпті топты тәрбиелеп шығаруда. Діни тұрғыда ауытқыған адам – қоғамға ең қауіпті адам. Ондайлар өздерін жаруға дейін барады» деген ол басқа ағымның жетегінде адасып жүргендерді ұстазсымақтардың таңдау, салыстыру мүмкіндігінен айырып тастағанын баса айтты. Сондықтан да, сала маманы діни тақырыптағы шараларға мектеп оқушыларымен бірге ата-аналарының да қатысуын маңызды деп есептейді. «Яғни, ата-ана дін мамандарының айтқанын үйде баласының құлағына құйып отырса, оның іс-әрекеттерін дінтанушылардың уағыздарымен салыстыратындай деңгейге жетсе, жастарды теріс жолдан алып қалуға мүмкіндік болар еді» деген облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев интернет кеңістіктегі теологтардың белсенділігін күшейтуді ұсынды.

Діни ахуалдың осынша күрделенуінің бір себебін Атырау қалалық жастар ресурсы орталығының жетекшісі Жасұлан Бисембиев жастардың бос уақытының дұрыс ұйымдастырылмауымен байланыстырды. «Мектептердегі тәрбие жұмыстарының әлсіреуі де – басты себептердің бірі. Енді біз «Жастарды не қызықтырады?» деген сауалға жауап іздеуіміз керек. Біздің ойымызша, осы орайда экстремалды спорт түрін арнайы орталық арқылы дамыту маңызды» деген ол жастар арасындағы үгіт-насихат жұмыстарын сайттар арқылы ғана емес, «фейсбук», «в контакте» секілді әлеуметтік желілер көмегімен күшейтуді ұсынды. «Сондай-ақ, оқушылар мен студенттер арасында белсенді блоггерлерді анықтап, олардың әлеуметтік желілерде бетше ашып, тұрақты жұмыс жүргізуіне жағдай жасау қажет» дейді ол.

Орталық «Иманғали» мешітінің наиб-имамы Нұрлан Рамазанов «исламдық терроризм деген ұғымды бұқаралық ақпарат құралдарынан алып тастау қажет» деген ойын айтты. «Өйткені, ислам сөзінің өзі бейбітшілік, амандық, тыныштық мағынасына саяды. Себебі, хақ мұсылман – өзгеге тілімен де, қолымен де зиянын тигізбеген адам» деген ол одан әрі «жиһад» сөзінің мағынасына  тоқталды. «Жиһад» сөзі қасиетті Құранда төрт жерде ғана тікелей «соғыс» деген мағынаны береді. Онда да Отанға қауіп төніп, жау шапқан жағдайда ғана қолға қару алып қорғауға рұқсат етеді» деп атап өтті ол.

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен семинар барысында, сондай-ақ, өзге де теолог мамандар, күштік құрылым қызметкерлері сөз алып, күнделікті іс-тәжірибелерімен бөлісті. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз