Жарнама
Жаңалықтар

Еліміздің төтенше жағдай министрі Индердегі ахуалмен танысты

Индер ауданына республика Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов келіп, көктемгі су тасқынына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бақылады. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен министр Индербор кентіндегі ұзындығы 1,3 шақырым болатын бөгеттің жай-күйімен танысты. Бүгінде бұл бөгет 11 арнайы техника арқылы биіктетіліп, құм толы қапшықтармен бекітілуде. Қазір кенттегі мекеме қызметкерлері мен еріктілердің күшімен 24 мың дана қап толтырылған.

–Аудан әкімі Дарын Шамұратов қауіпті аймаққа жататын Жарсуат ауылындағы 4,9 шақырым бөгетті де көрсетіп, жасалған жұмыстармен таныстырды. Бұл учаскеге 17 арнайы техника жұмылдырылып, бөгеттің 3,6 шақырымы биіктетілді. Жоспар бойынша 4 күнде жұмыстар толықтай аяқталады. Ауыл тұрғындары мен еріктілер күшімен 32 мың дана қап топырақ дайындалды. Қазіргі уақытта аудан бойынша су тасқынының алдын алуға 19,6 шақырым бөгет тұрғызылып, 85 арнайы техника жұмылдырылды, 240 мыңға жуық құм толы қапшық дайындалды, — дейді аудан әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Әли Жайшылық.

Айта кету керек, кеше 11 сәуір сағат 20:00-дегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 4,94 метрді құраған. Ал бүгін сағат 08:00-дегі ақпарат бойынша бұл көрсеткіш 5,01 метр болды. Су деңгейі 12 сағатта 7 сантиметрге көтерілген. Жалпы биыл көктемгі су тасқыны кезінде Жайық деңгейі бүгінге дейін 279 сантиметрге өсіпті.

–Бастапқы кезеңмен салыстырғанда қазір судың көтерілуі біртіндеп азайды. Бұрын бір тәулікте 44-50 сантиметрге көтерілген болса, қазір 24 сағатта 15-16 см-ге өсіп тұр. Бірақ соған қарамастан суға кету қаупі бар әр учаскеге жауапты адамдар бөлініп, жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Дәл қазіргі уақытта аудандағы су тасқыны бойынша жағдай тұрақты, — дейді Әли Жайшылық.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Индер ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button