МӘДЕНИЕТ – ӨМІР МӘЙЕГІ

облыста мәдениет және өнер
қызметкерлерінің мерекесі аталып өтті
Елбасы Жарлығымен 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Бұл – шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің көрінісі. Осы мерейлі мерекеге орай облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәдениет және өнер саласы қызметкерлері мен ардагерлеріне арнап салтанатты жиын өткізді.

– Елімізде мәдениет күні тұңғыш рет жадыраған көктемде аталып өтіп отыр, – деді аймақ басшысы. – Өздеріңіз куәсіздер, өткен жылы облыста бірқатар мәдени шаралар өтті. Биыл да бұл үрдіс жалғасын тауып келеді. Наурыз айында Д.Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі Түркия, Германия, Австрия елдеріне гастрольдік  сапармен барып, тоғыз концерт қойып келді. Қазақ өнерін, Қазақстанды шет мемлекеттерге таныстыруға өз үлесін қосты деп сеніммен айта аламын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәдени мұра», мәдени даму, өрлеу, халықтық өнерді насихаттау мақсатындағы тапсырмасына орай облыс өнерпаздары Батыс Қазақстан облысында мәдениет күндерін абыроймен өткізіп келсе, күні кеше Атырауға мәдени бағдарламасымен келген көрші облыстың өнерін халық жақсы қабылдады.
Мемлекет басшысының жариялауымен Атырауда өткен «Жасыл ел» Х еңбек маусымының салтанатты ашылу шарасының жоғары деңгейде өтуінде мәдениет саласы қызметкерлерінің елеулі еңбегін атап өткім келеді. Өткен аптада алты алашқа танымал Әзидолла Есқалиев атындағы «Алтын домбыра» байқауы еліміздің түкпір-түкпіріндегі таланттарды біздің өңірімізге жинады. Орталық «Исатай-Махамбет» алаңында 1 мамырдан бастап 32 күндік концерт өтуде. Жалпы, көктем мезгілі – мерекелерге, көтеріңкі көңіл-күйге толы кезең. Мерекелердің әрқайсысын өз деңгейінде өткізуге үлес қосып жүрген мәдениет саласы қызметкерлеріне облыс тұрғындары атынан алғыс айтамын.
Мерейлі күнгі салтанатта мәдениет саласының ардагерлері Қадырғали Танкиев, Чапай Зұлқашевтар өнер адамдарын әр кез қолдап жүретін облыс әкіміне деген алғыстарын білдірді. ҚР Жазушылар Одағы облыстық бөлімшесінің басшысы Қойшығұл Жылқышиев соңғы екі жыл көлемінде бұл салада өрлеу болғанын айта келіп, ауыл-село клубтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылса, ақын-жазушылардың ел аралауына қолдау көрсетілсе деген тілегін жеткізді.
Жақында ғана Атырау облысының Құрметті азаматы атанған Дина оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Орақ Жауыров оркестрдің қазір театрдың бір бұрышын паналап отырғанын, жеке ғимарат керек екенін айтты. Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония директоры Ғаділ Дүйсенғалиев облыста би мамандарын даярлайтын оқу орындары ашылса деген ұсыныс білдірді.
Облыс әкімі бұл ұсыныстарды қолдайтынын, алдағы уақытта іске асатынын айтып қуантты. Сондай-ақ, мерекелік басқосу барысында мәдениет қайраткерлері Алма Андарбаева, Асылбек Ықсан, Қайрат Кәкі-мов, Төлеген Жангелдиевтер ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Шыны керек, соңғы екі жылда облыстағы бірқатар мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, жаңа мәдени ошақтар ашылды. Алдағы айларда Махамбет ауданының Ақжайық ауылында мәдениет үйі ашылады. Тағы да тоғыз елді мекенге клуб салу үшін жобалау-сметалық құжаттар жасақталып жатыр. Олар – Құрманғазы ауданының Дәшін ауылы, Қызылқоға ауданының Мұқыр және Қарабау селолары, Махамбет ауданының Береке ауылы, Атырау қаласындағы Жаңаталап, Жұмыскер, Ақжар және Еркінқала селолық округтері. Облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрын күрделі жөндеуден өткізуге қаражат бөлінгенін, жастар шығармашылық орталығын жөндеуге қаржы қаралғанын да атап өтті. «Ендігі кезекте мәдениет қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлетін боламыз, – деді облыс әкімі. – Биыл осы сала қызметкерлеріне, әсіресе, жас мамандарға 11 қызметтік пәтер бөлуді қарастырып отырмыз. Салынып жатқан 240 пәтерлік тұрғын үйден тағы 10 қызметтік пәтер беріледі. Мемлекеттік мекемелерге бағытталған реформа аясында нәтижеге байланысты лайықты еңбекақы тағайындау тетіктерін ойластырып жатырмыз. Ұжым басшылары осы мүмкіндікті тиімді пайдалануы қажет деп есептеймін. Сіздердің шығармашылық ізденістеріңіз алдағы уақытта да еліміздің ең үздік мәдени дәстүрлерін сақтау мен дамытуға бағытталатынына сенеміз».
Әрине, кәсіби мереке сый-сияпатсыз өтпейді. Облыс әкімі салтанатты жиынға қатысқандардың бәріне сыйлық ұсынып, гүл шоқтарын табыстады. Ал, Д.Нұрпейісова атындағы академиялық  халық аспаптар оркестрінің директоры Қамбар Дүйсембаев пен облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Азамат Жолаев облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Бақытгүл БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз