Жарықты жүрекпен сезетін жандар

Жары ты ж рекпен jpg Жаңалықтар

Олардың әлемі – саусақ ұшындағы өзгеше әлем. Олар өмірді бізден басқаша, жүрек көзімен көреді. Күннің сәулесін, топырақты, судың түсін де көре алмайтын зағип жандарға мүсіркей қарауыңыз мүмкін. Бірақ, олар өздерін кемсітіп, аяушылық танытқандарды ұнатпайды. Өйткені, өз жан-дүниесінің жарығы бар, сонымен көңілдері нұрланып, сәулеленіп тұрады. 

Жары__ты ж__рекпен jpg

Біз осы жолы олардың өмірі мен толғандырып жүрген мәселелері жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.

Зағиптардың енді екі қоғамы бар

Биылғы жылдың 1 шілде-сінен бастап Соқырлар қоғамы екіге бөлінеді. Біріншісі, «Облыстық соқырлар қоғамының корпоративтік соқырлар қоры» деп аталады. Яғни, қордың қаржылық жағын қамтамасыз етумен айналысады. Екіншісі «Облыстық соқырлар қоғамы» болып қалады. Бұлар зағиптарды тіркеп, оларды оқыту, жұмыспен қамту секілді жұмыстарды көздейді. Қазір уақытша төрағасы – Мақсот Жұмағазы.

– Осы кезге дейін қоғам мен корпоративтік қор бірлескен түрде қызмет жасады. Биыл 8 ақпанда Елордада өткен зағип жандардың құрылтайында жаңадан жоспар құрылып, өз жарғымыз қабылданды. Сонда қоғамның екі бағытта жұмыс жасайтындығы мәлім болды. Қазіргі кезде аудандық бастауыш ұйымдарды қосқанда, филиалдың құрамында 650 мүшесі бар. Қоғамның мүшелері – 18 бен 64 жас аралығындағылар. Қала бойынша 250-дей көзі көрмейтін жан тіркелген. Мүшелікке тіркеп қана қоймаймыз, олардың күнделікті бір іспен шұғылдануына жағдай жасаймыз, – дейді қоғам басшысы.

Алты нүктенің құдіреті

Арнайы барған соң, кітапханаға бас сұқпай кете алмадық. Кітапхана директоры Алуаш Жалмұхамбетова қарсы алды. Айтуынша, мұнда 27864  кітап бар. Оқулықтар үш түрге бөлінеді. Қолмен сипап оқу, дискі арқылы тыңдайтын аудио және кәдімгі сауатты адамдар оқитын кітаптар. Брайль жазу үлгісімен және кәдімгі жазумен Алматыдан тоқсанына бір рет шығатын  журналдар да бар.

Мұндағы оқулықтардың көп бөлігі Брайль жазу жүйесімен жазылған кітаптар болғанымен, көпшілігі – орыс тілінде. Кітапханашыдан қазақ оқырмандары мен орыс оқырмандарының айырмашылығын сұрағанымызда, екеуі де бірдей кітапханаға келетіндігін айтты. Алайда, біздің аңғарғанымыз – Брайль жазу жүйесінде қазақтың төл әріптерінің жоқтығы. Өйткені, біздің елімізде  бұл үлгідегі  кітапты шығаратын бірде-бір баспахана жоқ екен. Сондықтан, «Брайль оқулықтары» Мәскеуден келеді. Мәселен, «кітапхана» деген сөзді жазу үшін «китапхана» деуіңізге тура келеді. Ал, аудио кітаптарды Шымкент қаласынан алдырып отыр. Оқырмандарға шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын ойнауға да мүмкіндіктер қарастырылған.

Кітапхана үйірмесіндегі Брайль әдісімен оқытуды зағип жігіт Рустамның өзі қолға алған. Ол Астрахандағы көзі көрмейтіндер оқитын мектепті тәмамдап, осы мекемеде 2014 жылдан бері тифлопедагог қызметін атқарады. Рустамның Рафаэль атты ағасы да осында жаттығады. Біз барғанда ол нүктелерді сипалау арқылы кітап оқып отырды.  Тіпті, поэма мен жыр-дастандарды да жатқа біледі. Көп сөйлемейтін, тұйық жігіт музыкалық аспап «Ямахада» да шебер ойнайды.

Жары__ты ж__рекпен сезет¦н jpg

Талғаттың таланты

Бұл ортаға келетін жандардың бәрі бір-бірін жақсы түсінеді. Ағайындай болып кеткен.  Олардың ішінде жарықты туғаннан көрмегендер, жүре-бара жанарынан айырылғандар да бар. Соның бірі Талғат Хамиев – тоғыз жасынан  І топтағы мүгедек. Алғашқы кезде өңірдің шалғай ауданында, яғни, Қызылқоға ауданының Мұқыр селосында сабақ оқу, ортаға бейімделу оңай болмаған. Уақыт өте ол бірте-бірте назардан қала бастайды. Қоғамнан алыстап, ағайын-туыспен араласуы сирейді. Жарық дүниенің сәулесін көруден айрылудан бөлек, өзінің керексіз екендігін сезінуден артық қасірет жоқ болар, сірә!

Бір күні анасы қолынан жетектеп, аудандағы әнші балалардың арасына әкеледі. Бұл жерден ол топ жарады. Елордаға барып та өнерін көрсетіп қайтқан. Сөйтіп, 2015 жылы ата-анасы оны «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне мүше етіп тіркейді. Алдымен зағиптарға арналған кітапханаға келіп оқып үйренеді.  Сосын арнаулы кәсіби білім алуға бел буады. Отбасылы болып, бүгінде зағиптарға арналған түрлі іс-шараның өтуіне ұйытқы болып жүр.

Талғат өңіріміздегі зағип жандардың бәрі дерлік өз құқығын білмейтіндігін айтады. Өзі де құқықтық сауатсыздығынан талай қиыншылықтарды бастан кешкен. Сондықтан болар, бүгінде ол Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінде оқып жатыр.

Талғат отбасымен үш жылдан бері Атырау қаласында пәтер жалдап тұрады. Колледжге барып, тапсырма алып кетіп жүретін ол қазіргі кезде «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен аталмыш қоғамда қосымша қызмет етіп, жұбайын да технология мамандығы бойынша оқытып отырған жайы бар.

Талғаттың ән айтуға деген қабілеті ерекше екенін біз де байқадық. Ол әңгіме арасында «Астана» әнінің бір шумағын ыңылдап айтып беріп отырды.

Аман Әзбергеновті әпкесі өткен жылдың қыс мезгілінде әкелген. Ол да жүре-бара көз ауруына шалдығып, көрмей қалған. Мақат ауданындағы жалпы мектепте білім алған. Кейін кәсіптік лицейге оқуға түскен. Қазір «Соқырлар қоғамы» жанындағы клубтың белсендісі, Талғат екеуі бірге ән шырқайды.

Тігіншілер тірлігі

Қазақ Соқырлар қоғамының өндірістік орнында да қызу жұмыс жүріп жатыр. Тігін цехының шебері Сәуле Басарова осы жерде зағип жандарды іске баулып, оларға ине ұстауды отыз жылдың үстінде үйретіп келеді. Сондықтан, әрбір зағиптың мінезін, олардың отбасын жақсы біледі. Көп жылғы тәжірибесі бойынша тігінші мүгедек жандармен сөйлесу үшін психолог болып алған. «Әсіресе, туғанынан көзі көрмейтіндер емес, көріп жүріп, тас соқыр болып қалған адамдар шамданғыш болады, олармен сөйлескенде абай болу керек» дейді ол. Зағип әйелдер өңірдегі жазғы лагерьлер мен ауруханаларға арнап көрпенің тыстарын тіксе, ерлер жағы төсек-орындарды жасайды. Бір жұмысшы күніне 10-15-тен төсек жасап шығады. Біз барғанда өндірістік орында он шақты адам қызмет етіп жүрді. Мұның себебін  шебер көпшілігі өзіне берілген жоспарды орындаса, ертесіне келмей қалады деп түсіндірді. Жасаған жұмыстарына орай күнделікті жалақыларын алады.

Жары__ты ж__рекпен сезет¦н жандар

ҚИЫНДЫҚТАР АЗ ЕМЕС

Бұл кәсіпорын 1946 жылы құрамында сегіз жұмысшымен ашылған. Кеңес кезінде екі жүздей жұмысшы еңбек еткен. 1974 жылы пайдалануға берілген ғимаратта қазір 43 адам жұмыс істейді. Олардың 31-і – бірінші, екінші топ мүгедегі. Зағип жандар өндіріс орнына арнайы көлікпен қатынайды.

– Негізінен, тоқыма өнімдерін шығарамыз. Отандық өнім болғандықтан базардағыдай емес, таза табиғи, сапалы. Мата, мақталарды Шымкенттен, Қырғызстанның Бішкек қаласынан көтерме бағамен әкеліп отырмыз. Картон қағаз, балабақша жиһаздарын жасаймыз. Бірақ, қазір жиһазға сұраныс төмендеп кетті. Өйткені, заманауи сөрелер, парталар шығып жатқанда, біздің өнімдеріміз пайдаланылмай қалып отыр. Бізге қиындық туғызып отырған жайт –мемлекеттік тапсырыстарда базардың бағасымен қоятыны. Ортадағы алыпсатарлар базардан төсек-орынды арзанға алып, біздің алдымызды орап әкетіп отыр. Әсіресе, Алматы мен Шымкенттің азаматтары осы іске мықтап кірісіп, қалай да ұтып алады.

Елбасы отандық өнімді қолдау керектігін жиі айтады. Бірақ, бізге бұл жағынан қолдау жоқ. Сондықтан, жергілікті әкімдіктің нұсқауымен, өз облысымыздағы медициналық емдеу мекемелерінің төсектері мен сыртқы жабындыларына тапсырыс алсақ, жақсы болар еді. Онсыз да өзімізді қаржыландырып отырған мекеме болғандықтан қаражат жағы жеткіліксіз. Жұмыстарымыз жақсы жүрсе, ғимаратты жөндеп, мүгедек жандардың жалақыларын да көтерер едік, – дейді «Қазақ соқырлар қоғамы» Атырау оқу, өндіріс кәсіпорны ЖШС директоры Болат Кустанов.

Оның үстіне кәсіпорын басшысы Болат Мұхитұлы ғимаратта қыс мезгілінде жұмыс жасау мүмкін еместігін айтып қалды. Қырық жылдан астам уақыт бойы бірде-бір жөндеу көрмеген ғимараттың есік-терезелері де тозып біткен.

Мұнда арбамен келетін жандар да бар ғой. Оларда пандустың жоқтығы да –  өзекті мәселе.

Р.S.

«Қазақ соқырлар қоғамы» Атырау облысы филиалы басқармасының төрағасы Теміржан Кенжәлиев зағип балаларға арналған мектептің жоқтығын айтып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, ата-аналары балаларын қазір тек кітапханаға әкеледі. Бірақ, арнайы пәндер оқытылмаса, одан не пайда? Көршілес Батыс Қазақстан облысына айлап, жылдап білім алуға жібергісі келмейді.

 P.S.S.

Осы мәселенің мәнісін облыстық психологиялық-дәрігерлік, педагогикалық кеңес мекемесінің басшысы Зәуреш Әйтеновадан  сұраған едік.  Зәуреш Әдиқызы біздің облыста зағип балалар саны аз болғандықтан, әзірге мектеп ашылмайтынын айтты. Облыстық арнайы түзеу мектеп-интернатынан келер оқу жылында бастауыш сыныптар ашу жоспарланған. 18 жасқа дейінгі облыста көзі нашар көретін 161 бала тіркелсе, оның 125-і – мүгедек. Өткен жылы 3-6 жас аралығында бес бүлдіршін ғана есепке алынған.

«Жалпылай алғанда, өңірімізде мүгедек балалар саны көбейіп отыр. 1997 жылы өзім осы салаға жұмысқа орналасқан кезде мүмкіндігі шектеулі бала саны 400-дей болса, қазіргі кезде олардың саны алты мыңға жуықтады. Ең көбі Атырау қаласында тіркелген» дейді  Зәуреш Әйтенова.

Нұргүл Ысмағұлова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз