Рулі оң жақтағы такси көліктеріне қатысты шектеу енгізіледі
Республика Көлік министрі Марат Қарабаев рулі оң жақтағы такси көліктеріне қатысты шектеу енгізілетінін айтты, — деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«InDriver агрегаторымен тиісті меморандумға қол қойдық. Құжатта оң рульді көліктерді InDriver жүйесінде тіркеуден бас тарту қарастырылған. Яғни, оң рульді көліктерге таксиде жүруге тыйым салынады, сондықтан InDriver де, Яндекс те оларды өз қосымшаларында тіркемейді», — деп түсіндірді М.Қарабаев.
Оның айтуынша, келер жылдың 1 қаңтарына дейін Яндекс пен InDriver өздерінде инвентаризация жасап, оң рульді көліктерді анықтап, олардың такси қызметіне рұқсатын шектейді. Сонымен қатар, дәл осындай шектеулер осыған дейін рулі оң жақта болғанымен, кейін оны сол жаққа ауыстырған көліктерге де қатысты болады.
«Рулі сол жаққа ауыстырылған оң жақ рульді көліктер бар. Олар азаматтарымыздың денсаулығына және көлік қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан оң рульді көліктерде 13 таңбалы VIN коды бар, ал сол рульді көліктерде 17 таңбалы VIN коды таңбаланған. Бұл тұрғыда такси қызметтері осындай көліктерді анықтап, 1 қаңтардан бастап қызметтен босатады. Мұнымен қоса, Ішкі істер министрлігі жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілердің тізімін ұсынады. Бұл ретте, осы жүргізушілер такси жүйесінен шығарылады», — деді министр.