Елімізде Бас мүфти ауысты
Atr.kz/7 ақпан, 2020 жыл. Наурызбай қажы Тағанұлы енді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы болды.
Жаңадан тағайындалған Бас мүфти бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ құрылтайында таныстырылды. Бұған дейін ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары қызметінде болған Наурызбай қажы Тағанұлы енді еліміздің мұсылмандарына рухани ұстаздық ететін болады.
«Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300 делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды.
Осы мерейтой аясында 30 мешітке ел игілігі жолында қызмет еткен тұлғалардың, соның ішінде әл-Фараби мен Абайдың есімін беруді, 30 елді-мекеннің ауыз су, жол-көпір мәселесіне оң ықпал етуді, 30 отбасыға қайырымдылық жасауды, 30 студентке грант тағайындауды, 30 мешітке күрделі жөндеу жүргізуді, т.б. игі іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап қойдық. Барша жамағатты сауапты істі бірлесе атқаруға шақырамын», – деп атап өтті ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында.
Бұған дейін Бас мүфтидің қызметін атқарған Серікбай қажы Ораз Наурызбай қажы Тағанұлына сәттілік тіледі.
Еске сала кетелік, құрылтайға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және 300 делегат қатысуда.
Өтпенов Наурызбай Тағанұлы 1977 жылдың 13 наурызында дүниеге келген.
Білімі:
1993-1997 жылдары Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтында оқып жоғарғы діни білім алған.
1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтын оқыған.
2009 жылы Мысыр Араб Республикасында қысқа мерзімде діни білімін жетілдірген.
2010 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетін сырттай оқып бітіріп жоғарғы білім алған. 2011-2013 жылдары аталған университеттің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын бітірген.
2017 жылдан бастап «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Исламтану» мамандығы бойынша PhD докторантурасында оқуда.
Еңбек жолы:
1997-2006 жылдары Республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызметтерді атқарумен бастау алған.
2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы.
2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының Бас сарапшысы.
2013-2018 жылдары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы.
2018 жылдың шілде-қазан айлары ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкілі имамы.
2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы.
Еңбек жолындағы жетістіктері:
Наурызбай Тағанұлының тікелей жетекшілігімен 2002-2005 жылдары ШҚО, Аягөз қаласында орталық және «Жаңауыл» мешіттерінің құрылысы сәтті жүргізіліп, іске қосылған. 2010-2011 жылдары Қарағанды қаласындағы орталық мешіттің салынуына үлес қосқан. Қарағанды облысында «Сұлу әлем», «Нұрлы мінбер», «Жұлдызды гол» атты жобаларды іске асырған. Республикалық БАҚ беттерінде жарияланған көптеген діни, рухани-танымдық мақалалар мен «Үміт сәулесі», «Мазһабсызбен сұхбат» атты кітаптардың авторы.
Марапаттары:
«Құрмет» орденінің иегері, Аягөз ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медалімен, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы медалімен, Қарағанды облысы әкімінің құрмет грамотасымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА