Архившілер марапатталды

shkrgkrp Жаңалықтар

Архив –кешегі мен бүгінгінің айнасы, тарихи сырларын қойнауында сақтайтын сыр сандық. 22 желтоқсан – Архивші күніне орай ұйымдастырылған шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсия Қыстаубаева құттықтау сөзбен ашты.

– Өңір тарихынан сыр шертетін құнды құжаттар архивте сақталатыны белгілі. Расында, бұл адамзаттың саяси тарихы, экономикалық және әлеуметтік дамуының құжаттарын жинақтайтын негізгі мекеме. Тұтас дәуірлердің куәсі болған осынау мұраны сақтау, өңдеу және қоғам игілігіне пайдалану мақсатында архив саласының қызметкерлері аянбай еңбек етіп жатыр, – деген Әсия Баянқызы сала үздіктеріне марапат табыстады. Облыстық мемлекеттік архив басшысы Қайрат Қуанышев саланы дамытудың жолдары, проблемалары мен жетістіктері туралы баяндады.

– Біздің мекемеде баға жетпес құнды құжаттар сақталып, өміріміздің барлық тарихы жинақталады. Сондықтан бүгінгі төл мерекеде мемлекеттік архивтердің қоғамдағы ролі туралы айтып, архив саласы қызметкерлерінің еңбегін елеп, марапаттауды мақсат еттік, – деді архив басшысы.

Шараның құрметті қонақтары – мемлекеттік қызмет саласының ардагері Мадина Ғабдусалимова мен облыстық мәслихат депутаты Қайрат Қоныс «Қайраткерлікке дейінгі жол» атты жинақтың тұсауын кесті. «Сарайшық» мемлекеттік тарихимәдени музей-қорығының директоры Әбілсейіт Мұқтар жаңа кітаптың архив құжаттарының негізінде дайындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған еңбек Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Исеновтың өмір жолына арналған. Төл мерекеде облыстық мемлекеттік архив басшысының орынбасары Баянсұлу Рамазанова «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен, бөлім басшысы Райса Тастемірова «ҚР еңбек сіңірген қызметкері» және «Х.Доспанованың туғанына 100 жыл» төсбелгілерімен және басқа да саланың үздіктері марапатталды.

 Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз