Елдік белгілерді елемеу – мемлекетті менсінбеу

елдік белгілерді Жаңалықтар

Еліміз бен Елбасыға деген көзқарасымыз елдік нышандарымызға деген құрметімізден айқын көрінеді. Ал, облыс орталығы мен аудандардағы мекемелерде ілінген рәміздердің жай-күйі көңіл көншітпейді. Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жұмыстары да баяу жүруде. Осы және өзге де мәселелер аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды.

елдік белгілерді

 Мәдениет күндері ойдағыдай өтті

Алдымен, облыс әкімі халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында 16-20 шілде аралығында өткен Елордадағы Атырау облысы күндерінің жоғары деңгейде өткендігін айтып, оған сүбелі үлес қосқан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевке, облыстық мәдениет, спорт, ауылшаруашылық, кәсіпкерлік және басқа да басқарма басшылары мен қызметкерлеріне, белсенді азаматтар мен өңір тұрғындарына алғыс жариялады. Бұл орайда, осы іске айрықша үлес қосқан бір мыңға жуық жергілікті өнерпаздар мен қолөнер шеберлерінің, спортшылар мен қоғамдық ұйым мүшелерінің еңбегін ерекше атап өтті.

– Аймақтың өзіндік тарихы және дәстүрімен, әлеуметтік-экономикалық ,  басқа да салаларда жеткен табыстарымен шетелдік меймандар толық таныса алды. 12 алаңда концерттер мен көріністер қойылды. Аудандардан келген ұжымдар да аянып қалмады. Ұмытылып бара жатқан ұлттық өнер түрлері – ши мен алаша тоқу, зергерлік, ұсталық және ағаштан бұйым жасаудың қыр-сыры өткенімізден сыр шертті. Көрме әлі аяқталған жоқ. Барлық басқарма мен мекеме басшыларынан қарамағындағы қызметкерлер мен тұрғындардың көрмені тамашалауына мүмкіндік жасауын сұраймын. Себебі, көрмені тамашалау еліміз үшін шексіз мақтаныш сезімін тудырады, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Бәрімізге ортақ міндет

2017 жылдың бірінші жартыжылдығында  облыстың барлық аудандарында арнайы мониторинг жүргізілді.   Осы бағытта   орталық және жергілікті атқарушы органдарда  жан-жақты және терең талдау жасалды. Нәтижесінде,  әрбір   басқарма мен мемлекеттік  органдарда  мемлекеттік  рәміздерді пайдалану мен насихаттау бойынша  бірқатар бұзушылықтар анықталды.

Оның нәтижесімен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев таныстырды. Бұл ретте өңір басшысы да өз пікірін білдірді.

– Қоғамда «рәміздердің мәселесімен мемлекеттік қызметкерлер айналысуы керек» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Елдік нышандарымыздың жағдайына алаңдаушылық білдіру – еліміздің әр азаматының міндеті. Бір байқағаным, кейбіреулер Әнұран орындалып жатқан кезде қолдарын жүрек тұсына қойып, қосылып шырқауға қысылып-қымтырылып жатса, біреулері бір-бірімен әзілдесіп күліп тұрады. Үлкен лауазымдағы азаматтар, өз-өзін қайда, қалай ұстау керектігін білуі керек қой, ұят емес пе? – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Өткенді жаңғырту – келешекке қадам

Аймақ басшысы Елбасы мақаласы ел ішінде соны серпіліс, тың идея туғызу үшін жарияланғанын атап өтті. Оған жалынды жастарымыз, қазыналы қарттарымыз өз үлестерін қосуы қажет.

– Рухани жаңғыру өткенімізді ұмытпай, келешекке қадам басу үшін маңызды. Ұлттық құндылықтарды ұмытпаған ұрпақ қана жаһандану үрдісіне төтеп бере алады,-деді облыс әкімі одан әрі. – Қанша уақыт өтсе де, адамгершілік, достық, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттер өзгермейді. Бұларсыз ешқандай даму болмайды. Кейде «ғылыми, не басқа да атағы жоқ» деген желеумен дарынды да дара жандарды елемей жатамыз.

Арамызда «шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады» демекші, Атырауға келуге қысылып жүргендер де, бойындағы қарым-қабілетін көп көрсете бермейтін жандар да бар, соларды ортаға тарту керек. Біреудің ойына келмеген нәрсені басқасы ойлап табуы мүмкін, бірқалыпты ойлау шарт емес. «Ешкім бармайды» деп жатқан кітапхана мен мұражайды жаңа технологиямен жабдықтасақ, оларға бәрі де асығатын болады. Жаңа музей салу мәселесі кезек күттірмейді. Халықтан түскен ұсыныстарға да мән берген жөн.

P.S. Сонымен, алқалы басқосудың түйіні – мемлекеттік рәміздерді қастерлеу, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, қазақи қағидаларымызды орнықтыру. Мұның бәрі Елбасының күллі қазақстандықтарды бірігуге үндейтін мақаласында айқын көрініс тапқан. Аталған міндеттерді орындау барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдарға парыз. Осы орайда басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз