Жарнама
Жаңалықтар

Елдің тілегі ескерусіз қалмайды

Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік саланың  дамуы жайында баяндады.

Елдің тілегі ескерусіз қалмайды

Қажетті мамандыққа –  шәкіртақы

Әлібек Ибатоллаұлының айтуынша, облысымызда  240 әлеуметтік нысан бой көтерді. Өткен жылдың өзінде аталмыш салаға 49 миллиард теңге қаражат бөлінген.

— Оның ішінде білім саласына ерекше назар аударылып, қазір апатты жағдайда тұрған алты мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биылғы жылы   Атырау қаласының Ширина елді  мекенінде орналасқан  Марат Отарәлиев атындағы мектептің құрылысы салынып, пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Индер ауданының Жарсуат ауылында 75 орындық  саз мектебінің құрылысы жүруде, — дейді облыс әкімінің орынбасары.

Баяндамадан байқағанымыздай, соңғы жылдары балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер санының артуына байланысты аймақта мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары көптеп салынуда. Атап айтқанда, өңірде 164 балабақша болса, оның 30-ы жекеменшік тәрбие ұйымы, ал, шағын үйірменің саны – 139. Жетеуін жеке кәсіпкерлер ашқан.

— Күн тәртібінен түспейтін мәселе – сапалы білім беру. Осы ретте айта кету керек, биылғы оқу жылынан бастап, еліміз бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу екі кезеңде  өтеді. Сондықтан, мектеп, оқушы, ата-ана арасында түсінік жұмыстары жүруде. Яғни, мектепте түлектер емтихандарын тапсырады, кейін жоғары оқу орнына түсу үшін өздерінің таңдаған пәндеріне орай тағы білім сынағынан өтеді. Өңірде жетіспейтін мамандықтарды да сараптап отырамыз. Қазіргі уақытқа сай сұранысқа ие    дәрігер, мұғалім мамандықтарына бітірушілерді тегін оқытуға жағдай жасамақпыз. Салаға қажетті мамандар үшін облыс әкімінің арнайы шәкіртақысы тағайындалады, — дейді Әлібек Ибатоллаұлы.

Ол осы бағыттағы мамандарды дайындау үрдісі жалғаса берсе,  екі жылда өңірдегі мамандар тапшылығын түгелімен жоюға болатынын да баса айтты.

Елдің тілегі ескерусіз қалмайды-2

Қаршыға мен Хамитке ескерткіш орнатылады

Денсаулық саласында да бірқатар нысандар бой түзеді. Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін арман болып келген амбулаториялық фельдшерлік пункттер пайдалануға берілді. Емдеу мекемелеріне заманауи қондырғылардың көптеп алынуы – саладағы күрделі мәселелердің оңынан шешілуіне жол ашты. Денсаулық саласына өткен жылы 144 маман қажет болса, соның қазір 75-і шақыртумен келіп, мұнайлы аймақта қызметтерін жалғастыруда.

«Өңірде соңғы жылдары мәдениет саласында үлкен жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – тұлғалардың есімін ұлығылап, ескерткіш орнату игі дәстүрге айналған. Ағымдағы жылы Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Хамит Ерғалиевке және Қазақстанның халық әртісі, күйші-домбырашы Қаршыға Ахмедьяровқа облыс орталығынан ескерткіш орнатылады» — деді Әлібек Ибатоллаұлы.

Бұдан бөлек жастардың «Жас отау» бағдарламасы арқылы баспанаға ие болғандары, жастар тәжірибесі арқылы 896 жас тұрақты жұмысқа орналасқандығы,  116 жас маманның «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен қызметін жалғастырып жатқандығы, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен 30433 адамның жұмыспен қамтылғандығы да айтылды.

 

Сұраққа – нақты жауап  

Баяндамадан соң тілшілер әлеуметтік сала бойынша толғандырған сауалдарын жолдады.

— Үстіміздегі жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен кәсіптік білім беру тегін жүзеге асады. Осы бағытта облыста қандай мамандықтар бойынша  қанша  жұмыссыз жас оқытылады деп күтілуде? Ауылдан келетін жастарға жатақхана қарастырылған ба? Әлде, әлеуметтік ақы төлене ме?

— Облыс бойынша 25 кәсіптік білім беру мекемесі бар. Нақты қай мамандық бойынша оқытылатынын біле алмай отырмыз. Әзірге, жұмыс орындарынан сұраныстағы тапшы мамандықтарды анықтаудамыз. Қаржыны облыстық білім беру басқармасы бөледі. Облыс әкімінің бастамасымен қала орталығындағы кәсіптік білім беретін ұйымдарға жатақхана құрылысы салынуда. Сондай-ақ, шалғайдағы ауылдардағы жастарға арнап қысқа мерзімді  оқу курстарын тегін өткізуді жоспарға енгіздік.

—  Қаладағы Нұрсая ықшам-ауданында бірде-бір емдеу мекемесі жоқ. Осы кезге дейін  жалғыз жекеменшік клиника болған. Ол да жабылып қалды.  Жүздің үстінде көп қабатты үйі бар ықшамауданға емхана салына ма?

— Бір ғана Нұрсая емес, Жұлдыз, Көктем, тағы басқа елді мекендерде де емхана жоқ. Осы жерде бір ғана мәселені айта кетейін. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі келесі жылдың қаңтар айынан бастап қолданысқа енеді. Сол жаңа жүйе арқылы кез келген емханаға қарала аласыз. Аталмыш ауданның тұрғындары да карта арқылы емделеді. Картасы болмаса ешқандай емдеу орны қабылдамайды. Жаңа жүйенің енуі – еліміздегі мемлекеттік емханалар мен жекеменшік клиникалардың бірдей дәрежеде қызмет етуіне алып келері анық. Медициналық сақтандыру жүйесін халыққа түсіндіру бағытымен жұмыстар жүйелі жүргізілуі керек.

Қазіргі таңда облыстық онкологиялық аурухананың жаңа құрылысымен және бүйрегі ауыратын науқастарға арналған орталық ашу жұмыстарымен айналысудамыз.

— Шығармашылық тұлғаларға көрсетіліп жатқан құрметке қуанамыз. Өткен жылы қазақтың көрнекті ақындары Жұмекен мен Фаризаға ескерткіш қойылған еді. Биыл да Хамит Ерғалиев пен Қаршыға Ахмедьяровқа ескерткіш орнатылатынын айттыңыз. Осы жерде Халық жазушысы, абыз Әбу ұмыт қалғандай. Қазақтың көптеген белгілі ақын-жазушыларының қамқоршысы болған тұлға Әбу Сәрсенбаевқа ескерткіш орнату қарастырылған ба?

— Атырау облысы дарынды тұлғалардан кенде емес. Әсіресе, сіз  айтқан  Әбу Сәрсенбаев  қандай  құрметке де лайық. Дегенмен, бәріне бірдей бір уақытта ескерткіш орнату мүмкін емес. Облыс әкімінің өзі әркез тұлғаларға құрмет көрсетуге, оларды ұлығылауға оң көзқарас танытып келеді. Бұл пікірді алдағы уақытта ескеретін боламыз.

— Білім министрі Ерлан Сағадиев «бастауыш сынып оқушыларының құрал-жабдықтарын жеке сөрелерге орнатамыз»  деген ұсынысын халықтық талқылауға ұсынды. Онсыз да кейбір мектептер үш ауысымда оқып жатқан кезде  бұл мәселе қаншалықты орынды деп ойлайсыз? 

— Өзіңіз есептеңіз, үйдегі бір баланың кітап жинайтын сөресін   сыйыстыру үшін бөлменің тең жартысын арнаймыз, ал, әр сыныпта отыз оқушы бар. Осыны  ойлай беріңіз. Сондықтан, бұл мәселе әлі нақтыланбаған, тек ұсыныс қана.

— Атырау қаласында балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндер саны көп. Күтіп-күтіп кезегі келгенше мектепке баратын жасқа жетеді. Сөйтіп, балабақшаның не екенін сезінбей  талай бала мектеп табалдырығын аттады. Тәрбие ұйымдарының санын облыс орталығында көптеп салынып, пайдаланылмай тұрған «Бизнес орталықтары» есебінен көбейтуге болмай ма?

— Айтуыңыз орынды. Олқылықтың орнын толтыру үшін облыста он балабақша салынатын болды. Қазір құжаттары дайындалуда.

 

Мәдениет саласын қаржыландыру 1991 жылмен салыстырғанда 286 пайызға өсті. 2016 жылы 3,5 млрд. теңге бөлінді.

Индер ауданының орталығында 400 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Исатай ауданының Жанбай ауылдық елді мекенінде 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуда.

«ТШО», «НКОК» кәсіпорындарының қаражаты есебінен облыс бойынша жеті жаңа нысанның құрылысы басталды. Атап айтқанда: Индер ауданында Бөдене (200 орындық) және Есбол (300 орындық), Атырау қаласының Ақжар, Жаңаталап, Жұмыскер және Еркінқала елді  мекендерінде (200 орындық), Махамбет ауданында Береке (200 орындық) ауылындағы мәдениет үйлері.

Биыл Қызылқоға ауданында Мұқыр (400 орындық), Тасшағыл (300 орындық), Құрманғазы ауданының Дәшін (400 орындық) ауылдарындағы мәдениет үйлерінің құрылысы басталады.

Қазіргі таңда облыста 173 денсаулық сақтау ұйымы халыққа қызмет көрсетеді, оның ішінде мемлекеттік жүйеде 80 пайызы жұмыс жасаса, ал, жекеменшікте  жұмыс жасайтыны –  20 пайыз.

2000 жылдан бастап, 66 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді.

НұргүлЫСМАҒҰЛОВА.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button