ҰБТ-ға дайындық пысықталды

Ұлттық бірыңғай тестілеуге қаншалықты дайынбыз? Оқушылар қауіпсіздігі, әсіресе, шалғай ауылдардағы балаларды тасымалдау ісіне кімдер жауапты? Тестілеу өткізу пункттері сынаққа әзірме? Осы және өзгеде сауалдар Атырау облысы әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында жанжақты талқыланды.

Жиында Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова аймағымызда Ұлттық бірыңғай тестілеу 2-9 маусым аралығында өтетінін, мектеп бітіретін 4633 түлектің сынаққа 3170-нің қатысатынын мәлім етті. «ҰБТ-ны ұйымдастыру шеңберінде 9 тест өткізу пункті әзірленген, оның екеуі – қалалық болса, жетеуі ауылдық елді мекендерде. Тест өткізудің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ғимараттар тиісті техникалық құралдармен қамтамасыз етілген. Бүгінгі күні облысымыз ҰБТ өткізуге дайын», – деді.

Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау саласы және Атырау қаласындағы екі тестілеу пунктінің әзірлігіне көз жеткізу үшін құзырлы орган өкілдерінен дайындық барысын білді. Әсіресе, Құрманғазы ауданындағы Сүйіндік, Балқұдық секілді шалғай, жол қатынасы қиын ауылдардан бала тасымалында аса сақтықтың қажеттігін айтты. Ал, жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев тестілеуді уақытылы бастау керектігін және тестілеу пунктерінде балалардың сынақты еркін тапсырып шығуы үшін барлық жағдайды қарастыру керек екенін баса айтты.

Облыс орталығындағы екі тестілеу пункті – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Атырау мұнай және газ институтында орналасқан. Аталған институт ректоры Әли Әбішев тест өткізу орнының дайын екендігін, университет өкілі, ҰБТ орталығының №30 филиал жетекшісі Айнагүл Дүйсекенова  сынақ өтетін орынның толықтай қажетті құралдармен жабдықталғандығын мәлімдеді.

Қоғамдық кеңес отырысында өткен 2015 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалу барысы да қаралды. 

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз