ЕЛДІҢ ЕҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ – ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ
«Біз инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығын аяқтап келеміз. Өткен төрт жылда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында елімізде 600-ден астам жоба іске қосылды. Бүгінде 60-тан астам кәсіпорын өз өнімін экспортқа шығарып, шетелдік нарыққа 126 млрд. теңгенің өнімі жіберіліп, Индустрияландыру картасы ая-сында 50 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты»,-деді Елбасы өз сөзінде.
САНДЫҚ ТЕЛЕАРНА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Түркістан халқының қолы отандық «көгілдір отынға» жетті. «Индустрияландыру күні» барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалаға газ беруге рұқсат етті. «Шымкент-Түркістан арқылы автокөлік дәлізі салынды. Темір жол бар. Енді газ келді» деген Елбасы түркістандықтарға елімізге жақсы қызмет етуді тапсырды. Осы жерде айта кеткен жөн, таяуда ғана қосылған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы еліміздің оңтүстігіне отандық газ келе бастады. Соның нәтижесінде 200 мыңнан астам халқы, 40 мың тұрғын үйі бар Түркістан қаласы экологиялық отынға қол жеткізіп отыр.
Сондай-ақ, бұл күні Қазақстанның облыстарында сандық телехабар тарату жүйесі іске қосылды деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазтелерадио» АҚ филиалының коммерциялық директоры Әділхан Жанбосыновтың айтуынша, сандық теледидарға арнайы қабылдағыш орнату арқылы қосылуға болады екен.
Кеше Атырау облысында да сандық телехабар тарату жүйесі іске қосылды. Баламалы хабар тарату желісі сандық хабар тарату желісімен бірге 2015-2016 жылдарға дейін жалғасады. Осылайша, ұлттық жер серіктік және сандық эфирлі хабар тарату желілері бүкіл Қазақстан халқына қазақстандық арналарды тегін көруге баламалы мүмкіндік береді.
Ел экономикасына тың жаңалық енгізген жоба Қостанайда іске қосылды. Кеше Елбасының рұқсатымен бұл қалада сұрыпты прокат, яғни болат илеу зауыты іске қосылды. «Қостанайда мұндай металлургиялық кәсіпорынның пайда болғанына қуаныштымын. 450 мың тонна сұрыпты прокат Кеңес Одағы өлшемі бойынша да ірі кәсіпорын болып саналады. Бұл – қажетті өнім. Біз Қазақстанға үлкен көлемде құрылыс металын, арматураларды және басқа өнімдерді тасымалдаймыз. Сондықтан да мұндай зауыттың іске қосылуы айрықша қуантады» деп атап өтті Мемлекет басшысы. Бүгінде зауытта 250-ден астам адам қызмет етеді. Орташа жалақы 160 мың теңгені құрайды.
«БАТЫС ЕУРОПА – БАТЫС ҚЫТАЙДЫҢ» АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ
Атаулы күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының «Шымкент-Түркістан» учаскесі ашылды. Оңтүстік Қазақстан облысынан тікелей байланысқа шыққан ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаевтың атап өтуінше, биыл ҚР Президентінің тапсырмасымен салынып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 806 шақырымы аяқталған. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары бес облыста жүргізіліп жатыр. Жол салуға 35 мың адам қатысуда. Жаңа жол бойында заманауи қызмет көрсету орындары да ашылып жатыр.
Сондай-ақ, кеше Мемлекет басшысы Жаркент крахмал-сірне зауытын іске қосты. Алматы облысының Панфилов ауданында іске қосылған зауытта жүгері терең өңделіп, онда толық қантты айырбастайтын өнімдер шығарыла бастайды деп күтілуде. Бұдан бөлек, зауытпен қоса жүгеріге қатысты терең өңдеудің кластері қалыптаспақ. Сөйтіп, индустрияландыру картасы аясындағы нысан шеттен импортталатын өнімдерді отандық өніммен алмастыратын болады. Зауыт азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан да маңызды болмақ.
«Панфилов ауданы өзінің жүгері сұрыптары арқылы ұдайы мақтанышқа ие еді. Алайда, бұл дәрежеден соңғы уақытта айырылып қалған едік. Оны қайтадан қалпына келтіруге тиіспіз. Осы тұрғыдан алғанда жүгеріні терең өңдеуге кіріскендеріңіз қуантады» деп атап өтті Елбасы. Индустрияландыру картасы аясында Президент баспана құнын 30 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін зауытты іске қосуға рұқсат берді.
Жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған бұл жоба – Қарағанды облысында. Іске қосылған темір-бетон өндіру зауытында тұрғын үй, өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы құрылысына қажетті өнімдер шығарылады. Осы орайда зауыт өнімдері құрылыс мерзімі мен шығыстарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретіндігін атап өткіміз келеді. «Бұл – өте маңызды кәсіпорын. Қазіргі кезде халық үшін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Барша Қазақстанда бүгінде құрылыс крандары құрылып, құрылыс жұмыстары жүруде. Сондықтан да біз неміс технологиясы бойынша осы комбинаттарды Германиядан алдық. Бұл комбинаттардың құрылысы баспана құнын 15-30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде осы өнімдер жеңіл, энергия үнемдегіш технологияға негізделген» деді Елбасы.
«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА» ЖОЛ АШЫҚ
Әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуге ұмтылып отырған Қазақстанның экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде «жасыл экономикаға» бет бұра бастағаны белгілі. Кеше Қапшағайда осынау басты бағытқа алғашқы қадам жасалды. Аталмыш қалада күн электр стансасы іске қосылды. «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, Қапшағай күн электр стансасының қуаты 2 МВт-ты құрайды. Бұл 600 үйді электр қуатымен қамтамасыз етуге жетеді. «Мен үлкен қуанышпен бұл жобаны іске қосамын. Бұл – еліміздің «жасыл экономикаға» көшуіндегі алғашқы қарлығаштардың бірі. Бұл жоба ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында да маңызды. Күннен қуат алатын электр энергиясы ел игілігіне жұмыс істейтін болсын. Іске сәт!» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қапшағай күн электр стансасын Қазақстанның бірыңғай электр желісіне қосуға рұқсат берді.
Сондай-ақ, бұл күні Каспий теңізіне түсірілген жүк тасымалдайтын екі кемеге ел Президенті Түркістан және Бекет ата аттарын берді.
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізден Ақтау портына келіп жеткен ұлттық флотымыздың бірінші құрғақ жүк тасымалдау кемесіне атау беруіңізді сұраймыз», — деді Ақтау теңіз порты құрғақ жүк тасымалдау компаниясы өкілі.
«Бұл – еліміздің өміріндегі өте маңызды оқиға. Алғаш рет темір жол, автомобиль жолдары арқылы Батыс Қытайды Қазақстан арқылы Каспий теңізімен Еуропаға жалғайтын мемлекетке айналып отырмыз. Сондықтан да құрғақ жүк тасымалдау мәселесі біз үшін маңызды болатын. Қазір біз суға қазақстандық кемелерді түсірдік. Мен барлық теңізшілерді және маңғыстаулықтарды осы зор оқиғамен құттықтаймын. Жалпы, ат беру қарапайым іс емес. Оның зор жауапкершілігі бар. Сондықтан да, егер қарсылық болмаса, кемелердің бірін мен «Түркістан», ал екіншісін «Бекет ата» деп атар едім» деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Президент бұл күні Ақтаудағы жол битумын өндіру зауытын іске қосты. Бұл – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен қытайлық «Сити групп» компаниясының бірлескен жобасы. Зауыт өкілдерінің айтуынша, ол қоршаған ортаға еш зияны жоқ, экологиялық таза кәсіпорын болып табылады. «Бұл зауытты салу үшін біз Қытай басшыларымен көптеген келіссөздер жүргіздік. Оңай болған жоқ. Енді, міне, елімізде салынып жатқан барлық жолдар өзімізде өндірілген битуммен толық қамтамасыз етілетін болады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы. Осы жерде айта кеткен жөн, бұл – үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ең ірі жобалардың бірі. Жаңа зауыт битум импортынан құтылуға ықпал етеді. Кәсіпорын жылына 450 тонна жол битумын шығарады деп жоспарлануда. Оған шикізат ретінде Маңғыстау облысындағы Қаражанбас мұнайын қолдану қарастырылған.
Телекөпір барысында Мемлекет басшысы сонымен бірге, Павлодардағы алюминий зауытындағы күйдірілген анодтар өндіру цехын іске қосты. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ президенті Алмаз Ибрагимовтің айтуынша, зауыттың жылдық қуаты – 250 тонна. Жылына шығарылатын 136 дана күйдірілген анодтар оларды шетелден тасуды азайтып, алюминийдің бағасын арзандатады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 300 млн. АҚШ долларына жеткен. «Біздің елдің индустриялануы өзімізде бар шикізатты өңдеуді одан сайын тереңдету арқылы жүргізілуі керек. Павлодар облысындағы алюминий шығару зауыты осындай өңдеудің қанатқақты жобасы болып табылады» деп атап өткен Мемлекет басшысы Павлодарға және Үкіметке осындай қуаттағы тағы бір зауыт салуды тапсырды.
БИЗНЕСКЕ ӘРКЕЗ ҚОЛДАУ КЕРЕК
Телекөпір барысында барша қазақстандықтарға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы елдің ең басты бағытының индустрияландыру екендігін атап өтті. «Біз инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығын аяқтап келеміз. Бұрын елімізде мүлдем болмаған өндіріс пен тауарлар іске қосылды. Біз әлемнің 30 дамыған елдің арасына кіруге меже белгілеп отырмыз. Ендеше, бұл ең басты табыстарымыздың бірі болмақ» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл ретте алдағы міндеттер ретінде технологиялық бағытта дамып, озық өркендеген елдермен бәсекеге түсетіндігімізді алға тартты. Сондай-ақ, Президент индустрияландыру бағдарламасының келесі бесжылдығы бірқатар өңдеуші саланың нақты міндеттерін шешуі керектігін баса айтты.
«Жалпы еліміздің индустрияландыру ісінде бастама жаман болған жоқ. Қазір индустрияландырудың екінші бесжылдық кезеңін қалыптастыру жұмыстары қолға алынуда. Бірінші бесжылдық тәжірибесін ескере отырып, біздің алдағы қадамдарымыз нақты есептеліп, екшелген болуы керек. Екінші бесжылдықтың міндеттерін, жоспарларын даярлау барысында сапаға, тиімділікке, жоспарлардың бір-бірімен байланыстылығына баса мән беруге тиіспіз» деген Елбасы бизнесті заңсыз тексерген шенеуніктерге жазаны қатаңдату қажеттігін де тапсырды. «Бұл мәселеде Бас прокуратура өз міндетін әлі де болса аяғына дейін орындап отырған жоқ» деген Мемлекет басшысының атап өтуінше, ағымдағы жылдың тоғыз айының ішінде ғана 140 мың заңсыз тексеру жүргізілсе, соның жартысынан астамы жоспардан тыс, яғни мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жалған ақпараты негізінде орын алған. «Барлық министрліктер бүгінде тексерудің қысымында жүр. Олар қайдан шығып жатыр? Бізде Парламент жанындағы Есеп палатасы бар. Оның міндеті – кеңестік анахронизммен айналысу емес, аудит жүргізу. Жасырын арыз қаралмасын. Мұндай жолмен кете берсек, мен Қазақстандағы бірқатар тексеруші органдарды тарату туралы шешім қабылдаймын» деген Елбасы негізгі күш ел экономикасын индустрияландыруға бағытталуы керектігін баса айтты.
ҚазАқпарат.
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ