ЕЛДЕСТІРМЕК – ЕЛШІДЕН
Өткен жылы Атырау облысы мен Нидерланд корольдігінің арасындағы тауар айналымы 5 млрд. доллардың шамасын құрады. «Бұл көрсеткіш арғы жылмен салыстырғанда сәл төмендеу. Оған Қашағандағы үлкен жұмыстардың аяқтала келгені әсерін тигізді. Соған қарамастан, алдағы уақытта екі ел арасындағы экономикалық байланыстар нығая түседі деген үміт бар» деген облыс әкімінің бірінші орынбасары әңгіменің бағытын экономикалық мәселелер тақырыбына бұрды.
Бүгінде елімізде Үдемелі индустриалды-инновациялы даму бағдарламасы қарқынды жүзеге асып жатыр. Соның ауқымында Атырау облысында арнайы экономикалық аймақтың индустриалды инфрақұрылымын дамыту көзделуде. Қарабатанда кешенді мұнайхимия өнімдерін шығаратын негізгі өндіріс орындары орналасады. Теңіз кенішін кеңейту жобалары қолға алынбақ. Оған қоса соңғы кездері Атырау облысының ауыл шаруашылығында да жағымды жаңалықтар көп. Бұрын-соңды естімеген жаңа құрылымдар жұмысын бастауда. Осынау ауқымды жобаларға голландиялық компаниялар да сүбелі үлес қосса, екі жаққа да тиімді болар еді.
— Қазақстан мен Нидерланды корольдігінің арасында сенімді, өзара іскерлік байланыс орныққан. Соның көрінісіндей, бүгінде қос мемлекеттің арасындағы экономикалық байланыс тереңдей түсуде. Бүгін біз Атырауда өтіп жатқан мұнай-газ көрмесінде болғанбыз. Сондағы байқағанымыз, өнімдерін көпшілікке көрсетіп жатқан компаниялардың көбі – жаңа ұжымдар. Бұл «қара алтынның» астанасы атанған Атырауға деген инвесторлардың үлкен қызығушылығын байқатады, — деді Нидерланд корольдігінің Қазақстандағы өкілетті және төтенше елшісі.
Кездесуде алдағы уақытта Атырау облысы делегациясының Нидерланд корольдігіне баратын сапары туралы да айтылды.
Азамат БАЗАРБАЕВ.