Жарнама
Жаңалықтар

ЕЛ СЕНІМІ — ЕҢ ҮЛКЕН АБЫРОЙ

 Жаңа  дәуірдегі  бес институционалдық реформа

«Ел экономикасын өркендетіп, халықтың жағдайын, әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Бөліну емес, бірігу қажет. Қазақтың тарихының өзі солай, ылғи бірігу үшін күресіп келе жатырмыз. Қазір де сол бағытты ұстайтын боламыз. Ішкі-сыртқы саясатымыз өзгермейді. Осы жолмен жүре береміз. Себебі осы жолды халық қолдады» деп атап өтті Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев журналистер үшін өткен жиында.

Басты жаңалық, Елбасы бірінші кезекте бес институционалдық реформаға қатысты комиссия құрылатынын мәлімдеді. «Сайлаудан кейін, бүгін жұмыс бірден жалғасып жатыр. Бәлкім, менің ең бірінші қол қоятын актім бес институционалдық реформаға қатысты комиссияны құру туралы болатын шығар. Біз осы мәселеге бірден кірісеміз, әр пунктімен жеке-жеке жұмыстар атқарамыз», — деді Мемлекет басшысы.

Айқын басымдықпен жеңіске жеткен Президент Нұрсұлтан Назарбаев «бес институционалдық реформа аясында ішкі саясат байыпты өзгеріске ұшырайды» деп есептейді. «Ең қауіптісі  — мемлекетте қандай да бір жаңа бұрылыс жасау. Меніңше, бүгінгі күнге дейін жасалған мемлекетті құру, саяси реформаларды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бар. Кешегі сайлау халықтың сол бағдарды қолдайтындығын тағы мәрте қуаттады. Сондықтан да ішкі саясатты, сыртқы саясатты өзгертудің еш қажеті жоқ», — деді Елбасы.

«Дегенмен, бұл реформа мемлекеттік шығыстарды да талап етеді. Жаңа кадрларды дайындау, барлық іріктеу, аттестациядан өткізуді қажет етеді. Халық мемлекетке қызмет еңбекпен келетіндігін ашық көруі тиіс», — деді Президент.

Елбасы өз сөзінде автономды болатын үкімет конъюнктураға  ықпал етпейтіндігін, ал саяси қызметшілер сайланатындығын айтты. «Қалғанын бұған дейін қалай жүргізсек, солай жүргізе береміз. Өйткені, дәл осыны халық қолдаған болатын», — деді Президент. 

ЕХРО-2017:  меже  мен мүмкіндік

«ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі Қазақстан үшін аса маңызды. Біз оны 160 мемлекеттің арасында жеңіп алдық. Бұл шара бүкіл Қазақстанның, соның ішінде Астананың келбетін өзгертетін болады. Бұрын-соңды елімізде болмаған орталық пайда болады. Онда жайғасатын диаметрі 100 метрді құрайтын Шардың ішінде зертханалар орналасады. «Мұхиттың толқынынан энергияны қалай алу керек, жел энергетикасын қалай өндіру керек, жерасты ыстық суларын қалай кәдеге жарату керек, сутегі энергиясын қалай алу керек?» деген мәселелердің барлығы Шардың сегіз қабатындағы зертханаларда зерттеледі» деп атап өтті Елбасы. Президенттің сөзіне қарағанда, мұнда тиісті компаниялар келіп жұмыс істейді. Сонымен қатар, Елбасы ЕХРО нысандарын мұқият қадағалап отырғанын, жұмыстар кестеге сай өтіп жатқанын жеткізді.

Ендігі мақсат – көрмеге әкелінетін жаңа технологияларды меңгеру, игеру және ЕХРО көрмесіне арналып салынған қалашықты мемлекет мүддесі үшін тиімді пайдалану. Осы орайда Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЕХРО нысандарын жаңа қаржылық орталық ретінде әрі қарай пайдалана түсу қажеттігін еске салды. Халықаралық көрменің «Болашақ энергетикасы» атты тақырыппен өтетініне назар аударған Елбасы стратегиялық іс-шарада бұл саладағы Қазақстанның ғана емес, әлемнің жетістіктері паш етілетінін атап өтті. Яғни, бұл Қазақстанның Астанасында жаңартылатын қуат көздеріне қатысты бүкіл әлемдік тәжірибе шоғырланады деген сөз.

«Қазіргі күні 150 гектар аумақта ЕХРО нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Ал, ЕХРО-дан кейін бұл нысандардың барлығы әрі қарайғы пайдалануға берілетін болады. Тұрғын жайларға да беріледі. Менің ойымша, сол орындарды әрі қарай өңірдегі жаңа қаржылық орталық ретінде қолдануға тырысатын шығармыз. Бұл үшін барлық мекемелер мен ғимараттар осыған ыңғайластырылғаны дұрыс», — деді Президент.

Елбасының пікірінше, ЕХРО көрмесі аясында қазақ мәдениетін әлемге паш ететін мүмкіндік мол. «Әрбір мемлекет экономикасымен ғана өсіп-өркендей алмайды. Мемлекет болу үшін, өркениетті болу үшін экономикасы да, тұрмысы да, мәдениеті де бірге жүруі керек»,-деген Мемлекет басшысы әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіру үшін мәдениетіміз бен өнеріміз де сол отыздықтың үдесінен шығуы тиістігін атап өтті. 

Отандық  бизнес шыңдалуы  тиіс

Үстіміздегі жылдан бастап, Еуразиялық экономикалық одақтың ресми түрде күшіне еніп, оның құрамын төртінші елмен толықтырғаны белгілі. Одақтың жұмысын бастауы, сөз жоқ, отандық бизнеске жаңа міндеттер мен зор жауапкершілік жүктейді. Осы мәселеге тоқталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «қазақстандық бизнес Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы күресте шыңдалуы керек» деп мәлімдеді.

«Сегізінші мамырда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одақтың Жоғары Кеңесінің отырысында біздің Үкіметтеріміз атқарылған шаралар туралы баяндайтын болады. Жалпы, бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одақ аясында жағдай тұрақталып келеді. Дегенмен, мен қазақстандықтарға ескерткенмін. Егер біз үш мемлекеттің арасында жүріп, тиісті деңгейде бәсеке құра алмасақ, онда бүкіл әлеммен қалай бәсекелесе аламыз? Егер біздің бизнесмендер жақсы бағаға жоғары сапалы тауар шығара алмаса, ол Еуропалық Одақпен қалай бәсекеге түседі?» деген Мемлекет басшысы бәсекеге қабілеттіліктің маңызын атап өтті.

Тағы бір жаңалық, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейлі датасына орай көршілес Ресей елінің астанасы Мәскеуде өтетін мерекелік шеруге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысатын болды. «Мен шешім қабылдадым, 9 мамырда Жеңіс шеруіне қатысатын боламын. Бізде 7 мамыр — Қазақстан Қарулы күштерінің құрылған күні. Бізде де шеру өтеді. Мен осы жерде өзіміздің ардагерлермен кездесемін және 8 мамырда Мәскеуге барамын. Өйткені, сол уақытта біздің Еуразиялық экономикалық одақтың және ұжымдық қауіпсіздік ұйымының Жоғары кеңесі өтеді», — деп атап айтты Елбасы.

ҚР Президенті Мәскеуге сапары барысында РФ Президентімен және басқа да әріптестерімен екі жақты кездесу өткізетіндігін, елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынас мәселелері талқыға салынатынын атап өтті. Сонымен қатар, ҚР Президенті Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына қатысты да пікір білдірді.

«Біз сол уақытта бір ел болдық және бірге соғыстық. Сол кезде, соғыс алдында Қазақстан халқы тоғыз немесе он миллион болатын. Оның 2 миллионы, халықтың 20 пайызы соғысқа шақырылды. Олардың жартысы соғыс даласынан елге оралмады. Сондықтан да, Ресей мен басқа да елдердегі сияқты Қазақстанның әрбір отбасы соғыс салдарын біледі. Жылдан-жылға ардагерлер қатары сиреп барады. Олардың  барлығын біз өз қамқорлығымызға алдық», — деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. 

Қашаған  мұнайы  көп күттірмейді

Баспасөз мәслихаты барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге Қашаған төңірегіндегі ахуалға байланысты түсініктеме берді. Елбасы өз сөзінде аталған кен орнынан Қазақстан алғашқы мұнайды 2014 жылы алуды жоспарлағандығын еске салып өтті. «Құбырлардың барлығы дұрыс төселіп, күкірт пен газдың бөлінуін өңдеу зауыты іске қосылуы тиіс еді. Сол сәтте су астындағы және су бетіндегі құбырдан жарықшақ анықталды. Егер жұмыс жалғаса бергенде ірі апат орын алар еді. Сондықтан да, өндірісті тоқтатып, аталған жоғары қысым құбырларын ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Ерекше таңғалдырарлығы – олар Жапонияда жасалған», — деді Елбасы. Негізгі жаңалықтың бірі ретінде Қашаған кен орнына мұнай өндіруді қайта қолға алу 2015 жылдың соңында не 2016 жылы жандануы мүмкін. «Қазіргі уақытта компания «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, қарқынды жұмыс жүргізуде. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 2 миллиард доллардан астам қаржы шығындалады. Осы жылдың соңында немесе 2016 жылы мұнай өндіре бастаймыз деген үмітіміз бар», — деді  Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Баспасөз мәслихаты барысында журналистер сауалына жауап бере отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «сайлау нәтижесі – менің ел басшылығында жүріп өткен жолдарыма берілген зор баға» деген ойын айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, өткен сайлауда қазақстандықтардың басым бөлігі елдік дамудың айқындалған бағытына қолдау білдірді. «Мен барлық бағдарламаларды сайлауға дейін жариялаған болатынмын. Үкімет отырысында, «Нұр Отан» партиясының съезінде, Ассамблея сессиясында мұның бәрі талқыланды. Мұның бәрін жұрт қолдап отыр. Ендеше, халық маған «өзіңнің бастаған ісіңді аяқта» деп бұйыратын секілді сезінемін. Яғни, басты мақсат – елімізде тыныштық пен тұрақтылықты сақтай отырып, жұртшылықтың жағдайын жасау. Әрине, дағдарыстың туындауы сайлау үшін де, мегажобаларды жүзеге асыру үшін де жақсы кезең емес. Десе де, Қазақстан мұндай дағдарыстың барлығын жақсы еңсеріп шықты, бұл жолы да жүрісімізден жаңылмаспыз» деген Мемлекет басшысы алда үлкен істер күтіп тұрғанын, белестерді көп этносты Қазақстанның бірлігінің нәтижесінде ғана бағындыру мүмкін екендігін атап айтты.

«ҚазАқпарат» материалдары бойынша дайындаған

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button