КӨП БОЛЫП КҮРЕСЕР ІНДЕТ

«Жемқорлық – індет, жою – міндет». «Адалдық – ардың ісі». «Жемқорлықсыз Қазақстан». Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өткен «Жастар жемқорлыққа қарсы!» атты акцияда қатысушылар осылай деп ұрандатты. Қоғамдық індетті жою мақсатында өткен шараны Атырау қалалық әкімдігінің әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Номад» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.

 

– Жемқорлық бүгінгі күні бүкіл әлемдегі қоғамдастыққа қауіп тудырып отыр. Біздің қаламызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары соңғы жылдары актуальды болып табылуда. Жемқорлықпен ел-жұрт болып жұдырықтай жұмыла күресу – әсіресе, жастардың кезек күттірмейтін маңызды міндеті, – деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова. Ол барша жастарды, оқытушылар қауымын бірлесіп жемқорлықпен күресті насихаттауға, жегіқұрттың алдын алуға шақырды. Жоғары және арнаулы оқу орындарында сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның жұмыс жасап отырғанын да атап өтті. Гүлмира Мүсілімқызы айтып өткеніндей, Ұлт жоспарын жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын орындау мақсатында облыс орталығында жыл бойы түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді.

Қалалық студент жастар арасындағыакцияға қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Алмаз Кәрімжанов та сыбайлас жемқорлық мемлекетті іштен обып,  жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетін кесел екеніне тоқталды.  «Сондықтан да, мемлекет саясатының негізгі басымдықтарының бірі – осы індетпен күресу болып табылады», – деді ол.

Акция барысында қала жастарының арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған баннерлер макеті байқауы қорытындыланып, жеңімпаздары марапатталды. Байрақты бәсекеде ІІІ жүлделі орынды облыстық арнаулы №3 мектеп-интернатының оқушылары Аян Қайырғали мен Жаңабай Мұхаммед иемденсе, ІІ орын Атырау қаласының оқушылар орталығының қатысушысы Дамир Маратов жеңіп алды. Ал, І дәрежелі байрақ бағдарламашы Азамат Ерғалиевке бұйырды.

Шарада Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенттері жастарды жемқорлыққа қарсы күреске үндейтін, тағылымы мол көріністі көрермен назарына ұсынды. Ал, аталмыш оқу орнының жаратылыстану ғылымдары факультетінің ІІІ курс студенті Айкенже Жасұланова жастарды жемқорлықсыз қала атануға күш біріктіруге шақырып, Үндеу жолдауға ұсыныс берді.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз