Жарнама
Жаңалықтар

ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ

Қазылар алқасының қорытынды шешімінде республика облыстарының ішінде атыраулық өнерпаздардың еңсесі биік екендігі, өңірде өнер өлкесінде дарынды да, алымды жастар көптеп өсіп, жетіліп келе жатқаны атап өтілді.

Бәйгенің Гран-при бас жүлдесіне А.Жайымовтың «Әзіл Ақжелең», Есбайдың «Бөгелек» күйлерін орындаған Нұрпейіс Жұмабаев, Құлшардың «Кербез керік», халық күйі «Ел айырылғанды»  төгілткен Досбол Төлеев, әншілерден Әсеттің «Хисмет» әнін орындаған Рауан Матаева, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқаған Мұхаммед Рзаханұлы, термешілерден Ғарифолланың «Сәлем» шығармасын аманаттап әкелген Нұрхан Айдарбаев ие болды.

Дүбірлі өнер байқауында топ жарған талапты һәм талантты өнерпаз жеткіншектер мұнымен шектелмейді. Өрге жүзген өнерлілер сапында бірінші орын биігіне Қ.Ахмедияровтың «Иманқұл», Құрманғазының «Арба соққан» күйлерін нәшіне келтіріп тартқан Аружан Жүнісова, «Алтын бесік» әнін тамаша шырқаған Шерхан Өмірғалиев және нәзік иірімді даусымен көрермендердің көзайымына айналған Жаннұр Оспанова көтерілді.

Ел іші – өнер кеніші. Шынында, Атырау өңірінің бір қиырындағы ауданның бір ғана саз мектебінен жиырма тоғыз жас дарынның  республикалық маңызы бар өнер додасына қатысып, бақ сынасулары үлкен оқиға әрі жетістік деуге тұрарлық.

Бір қызығы, бұлардың қатарында жеке ән орындауда екінші орын алған Думан Бақтығалиев сол күндері жанама өтіп жатқан «Бейбітшілік әлемі» халықаралық байқауына және қатысып,  Бас жүлдені жеңіп алыпты.

— Осы ретте саз мектебінің ұстаздар ұжымының еңбегін, олардың ішінде жас буын өнерпаздарды өнер сайысына баулыған Гүлшат Ысқақова, Гүлнәр Демеуова, Күләш Нематова, Жаңыл Айтжанова, Сәлима Байғазанова  сынды мұғалімдерді де атай кеткен жөн болар,-   деді директордың  оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмаржан Қанжанова. – Ұстаздар ұжымы жаңа жылдың бастауында саз мектебінің 435 оқушысын өнердің алуан түріне баулуда. 

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз,

Жылыой ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button