ЕҚЫҰ ӨКІЛДЕРІ – АТЫРАУДА
Ел экономикасының локомотиві саналатын Атырауда соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамыту ісінің жолға қойылғандығын, өңірдің жан-жақты дамып келе жатқандығын айтқан облыс әкімінің аппарат басшысы Ернар Баспаев сайлауалды дайындық жұмыстарына тоқталды.
«Облыс бойынша 241 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Оның тоғызы – аумақтық сайлау комиссиясы. Соның ішінде, учаскелік сайлау комиссияларының он екісі жабық режимде жұмыс істейді. Яғни, олардың тоғызы ауруханада, екеуі – әскери бөлімде, біреуі тергеу изоляторында орналасқан», — деді ол. Әкімдік өкілінің айтуынша, сайлау учаскелері қажетті байланыспен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дауыс беруге құқылы азаматтардың тізімі жасақталған. Кез келген сайлаушы өзінің тізімде бар-жоғын облыс әкімдігінің веб-сайтына немесе учаскелік сайлау комиссиясына жүгіну арқылы тексере алады.
«Жергілікті билік әділ, әрі демократиялы сайлау өткізуге мүдделі. Сол себепті де, бұл мәселеде байқаушылардың ролі жоғары» деген облыс әкімінің аппарат басшысы мәртебелі меймандарды сайлауда халықаралық талаптардың сақталатынына сендірді.
Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы миссиясының басшысы Корнилия Йонкер бастаған делегация құрамында құқықтық мәселе жөніндегі маман Мерсе Кастелс, Голландия мемлекетінің өкілі Кристина Джонна Ван Хоут және Ресей Федерациясының өкілі Александр Кобринский болды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.