Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«ЭКСПО 2017»: қарапайым ардагердің көзімен

ТАҢҒАЖАЙЫПТАР ТОҒЫСҚАН ОРДА-1

Еңсесі неткен биік Бас қаламның!

Назарды Астанаға ынтықтыра бұрғызып, делебені қоздырған EXPO – 2017  халықаралық мамандандырылған көрменің дабысын естіп, қызыққан  бізге  – атыраулық 30 ардагерге барып көру кезегі тиіп, жақсыны көзбен тамашалағанша асықтық. Шіркін, осы алып ұшқан көңілімізді түсінгендей Жайықтың төменгі сағасының оң жағалауынан көтерілген Air Astana алып лайнері әп-сәтте Елорданың Нұрсұлтан Назарбаев әуежайына алып жетті. Әуежайдың жаңадан бой көтерген бөлігі қандай ғажап! Көрерге көз керек.

Әуежайда бізді қарсы алған екі автобус «Астана-Бурабай» тас жолымен қала сыртына бет алды. Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданының «Қызыл кенші» («Красный горняк») ауылындағы  табиғаты тамылжыған, тоғай қолтығындағы «Family Garden» демалыс орталығы жанға аса жайлы орын екен. Осы жерде қонып, EXPO-ны тамашалауға кіріспестен бұрын ертесіне еліміздің Бас қаласын аралауға шықтық. Демалыс орталығының жол көрсетуші қызы (гид), бірнеше тілді білетін, қазір Кореяда оқып жатқан ақ жарқын Аида  Ақсақалова бізді бірден баурап алды. Кеше де әуежайдан келе жатқанда жолшыбай шаһардың біраз сәулетті орындарымен таныстырып, бастапқы мағлұматты беріп үлгерген еді. Бүгін Хазірет Сұлтан мешітінен бастау алған саяхатымызда ауыз жапқан жоқ. Зәулім биік, мұсылмандық рухқа толы сән-салтанатпен астасқан мінәжат ету орнының көрік, келбеті таң-тамаша қалдырды. Жарқырап, жайнап тұр. Қазақы айшықтармен өрнектелген, көздің жауын алатын ішкі  орталық бөлігіне кіріп, төбесіне қарағанда бас киімің жерге түсетіндей. Мешітті Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2012 жылы түрік ағайындар салып берген. Онда  аруақтарға құран бағыштадық.

– Осындай ең ірі мешіт бүкіл Орта Азияда, ТМД елдерінде жоқ дейді, рас па өзі, — деп ұзақ жылдар бойы Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласында, кеңшарларда басшылық қызметтер атқарған ардагер Аманғали Қалмағамбетов аса ризашылықпен басын шайқап, қайран қалып, таңданыс білдірді. – Керемет!  Керемет!

Орталық мешіттен алып шыққан толайым әсеріміз «Астана опера» театрын  көргенде одан әрі шарықтап, шалқи түсті. Театр 2010-2013 жылдары бой көтерген. Аумағы 9 гектар жерді алып жатқан көрінеді. Мәрмәр залы жанарды арбайды. Көркемдеп, айшықтаудың, безендіріп, әрлеудің, сәндеудің шынайы құдіретін осы зал айна-қатесіз көрсетіп тұрғандай. Тамаша! Ғаламат өнер ордасы өз сахнасының шымылдығын тұңғыш рет қазақтың атақты композиторы Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен ашқан. Содан бергі төрт жылдай уақыт ішінде мұнда еліміздің және шетелдердің небір жауһар қойылымдары көрсетіліп, көрермендерінің көзайымына айналған.  Италяндық архитектор жобалау, салу барысында ішкі, сыртқы келбеттерін, фойесін, акустикалық, сахналық, синтет жанрдың және басқа да ерекшеліктерін, қажеттіліктерін  шеберлігі мен көрегендігін ортаға сала отырып, ескере білген. Театрдың өзге де залдары, Елбасы ложасы, 120 музыканттық орын, бәрі-бәрі бір-біріне сайма-сай. Көргенде қызықпай бейтарап қала алмайсың.

Президент  Ақордасы, мерекелік шерулер өтетін алаң, мәртебелі мінбер, Парламент, Үкімет үйі, Жоғарғы Сот ғимараттары бірімен-бірі теңдессіз өзара үйлесім тапқандығы таңдантады. Бұл арадан  «Бәйтерек» алаңына қарағанда бергі жағындағы көріністер әдемі де әсерлі ансамбль құрайды.

ТАҢҒАЖАЙЫПТАР ТОҒЫСҚАН ОРДА-2

Көз алдымызда – байтақ Қазақстан

Байтақ еліміздің барлық өңірін көз алдымызға жайып салатын «Атамекен – Қазақстан картасы» атты ашық аспан астындағы бірегей  мұражай – этно-мемориальдық кешенді аралау  қазақ жерінің кеңдігін, дарқандығын, байлығын әйгілеп берді. Қазақстанға деген мақтаныш сезіміміз арта түсті. Алдымыздан алғашқы болып шыққан Маңғыстаудың ақ таулары айнымаған табиғи көркімен қызықтырды. Қалай шебер бейнеленген?! Құдды сол таулардың өзі ме деп қаласың. Тек кішкентай түрі ғана. Түйе аунағанда жамбасы қара май болғаннан кейін Қаражамбас атанған кеніш сұлбасы бейнелі түрде қалай тауып орналастырылған?! 1001 баспалдақпен жоғарыдан төменге түскендегі Бекет ата мешіті, Қашаған күмбезі, Отпан тау, Шақпақ ата, Арантас, Бесшоқы… әрбіреуі жатқан тарих, санаңа мықтап ұялап қалар ғажап жәдігерлер. Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы көрікті жерлерді, Исатай-Махамбет, Көтібар, Есет батырлардың, ақ тарының атасы Шығанақ және басқалардың ескерткіштерін, Мұғалжар, Сәңкібай тауларының, өзендер мен Каспий теңізінің кішірейтілген көріністерінен  айналшықтап  шыға алмайсың. Қайта-қайта көре бергің келеді-ақ.

Қазақстанның әр аймағын бірер сағатта-ақ саяхаттап, өз көзіңмен көргендей болу қандай ләззат береді десеңізші. Бірде Байқоңыр ғарыш айлағында жүресің, сонау Юрий Гагариннен бастап, қазақ ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтермен тілдескендей күй кешесің. Енді бірде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көріп ұлылықтармен жүздескендей боласың, ал Аңырақай шайқасы болған жердің кейпін тамашалап тәуелсіздік жолындағы сан-сапат күрестерді көз алдыңа елестеді екенсің. Шарын шатқалы, Бурабай, Алатау, Қаратау, Ұлытау, Қазығұрт, Жамбыл таулары, Жетісу өңірі сынды қазақ жерінің аса көрікті, сұлу, жерұйыққа тең табиғатына көз қанықтырғанда кеуде кере мақтанасың, шаттанасың. Астана қаласынан  көрмеген ғимараттар мен басқа да орындарды ашық аспан астындағы мұражайға жалғасқан бөліктен көріп, көз суардық.

Кезінде облыстың кеңшарларын басқарған ардагерлер,  құрманғазылық  Елемес Абдошев, қызылқоғалықтар Аманғали Қалмағамбетов, Жасан Есқайыров, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев, исатайлық кәсіпкер Хисап Қабиев, атақты дәрігерлер Басаролла Харасов, Мұхамбетжан Сапаров, Төлеміс Қизатов, Ғазиз Есқали, қызылқоғалық ұстаз Құмар Хасанов, мақаттық теміржолшы Мырзағара Хасанов еліміздің байлығын, күш-қуатын, қарым-қабілетін әйгілейтін өндіріс нысандарына, мәдени-тарихи орындарға, айқұш-ұйқыш теміржол тораптарына шұқшия қарағыштап, бір-біріне:

– Қазақ жерінің қазына-байлығы, кеніші ұшан-теңіз емес пе?!

– Осының барлығын Астанаға келіп-кетушілердің көз алдына әкеліп, жарқыратып, жайнатып көрсетуді қалай жақсы ойлап тапқан?! — десіп таңданысты.

ТАҢҒАЖАЙЫПТАР ТОҒЫСҚАН ОРДА-3

Бірінен-бірі асып түсетін кереметтер

Халық даналығында «Мың естігеннен бір көрген артық» демейтін бе еді. Атыраулық ардагерлердің ынтықтырған EXPO – 2017 ғажайыптарымен танысу сәті қазақстандық «Нұр әлем» павильонын аралаудан басталды. Биіктігі 96 метр, ені 80 метр әлемдегі ең биік сфера тәріздес ғимараттың 8-ші қабатына лифт арқылы көтерілген екі топ әуелі осы биіктіктен Астана қаласының келбетін тамашаладық. Ел кіндігі болғаннан бергі жиырма жылға жуық кезеңде қаланың шапшаң  да ажарлы, базарлы болып, қарыштап өскендігін алақандағыдай көз алдыңа әкелетін орын екен. Бұл қабаттағы су, жел, күн тәрізді баламалы әнергия көздерімен таныстыратын «Мөлдір. Қуат. Сәуле» павильонының кереметтері кім-кімді де тамсантпай қоймасы хақ. Халықаралық ғарыш станциясының, «Луноходтың» тұрпаттарымен жақынырақ танысу ой-қиялыңды, өрісіңді бұрынғыдан да кеңейте түседі.

«Нұр әлем» павильоны сырттай қарағанда шар тәріздес шағын дүние сияқты көрінгенімен, іші даладай кең, байтақ әлем. Оған небір ғаламаттар жиынтығы сыйып тұр. Қабат-қабатты шыр айналып шығып, жоғары қабаттан төмен қарай  беттегенде  бірінен-бірі асып түсетін кереметтерге кезігесің. Күн энергиясын насихаттайтын 6-шы қабаттан сол энергиямен көкке көтеріліп, аспан жүзінде ұзақ қалықтаған ұшақты көру көзімізді ашып-жұмғызды.

– Адам баласының қиялы жетпейтін нәрсені  ойлап таппайтыны жоқ екен-ау, бензинсіз күннен алған қуатпен самолет ұшыру деген мүмкін деп ойладық па?- деп әдетінше қасын керіп, жанарын аударып-төңкерген тарихшы, өлкетанушы ардагер Аманғали Әміржанов таңырқағанын жасыра алмай, іште буырқанған толғанысын сыртқа лекіте шығарды.

Сол қабаттан көрген тағы бір кереметті – күн энергиясымен жүретін  автомобильді де едәуір уақыт төңіректеп жүріп алдық. Болашақ энергиясының осындай адам таңғаларлық кереметтерден тұратынын сезініп, оларды ертеңгі күндері ғұмыр болса өзіміз мініп, серуендейтінімізге, көкірегімізде біз болмасақ ұрпағымыз көретініне деген сенім ұялады.

Келесі қабаттардағы жел, биомасса энергиялары да соншама қызықтырарлық құбылыстар. Айналып өтіп бара жатқанымызда желдің түр-түрінің қуаттары  сезіндірді. Бірі жанға жайлы самал жел, бірі аңызақ, бірі үскірік, енді бірі кісі жығарлықтай жойқын жел. Бәрінен де энергия алуға болатын көрінеді. Назарымыз өсімдіктер бойынан да баламалы энергия алынатынын дәлелдеп тұрған құбылыстарды да жібермеді. Желге табынатын ұлттар аңыздарын негізге алған бейнелеулер де бейқам қалдырмайды. Бәрі де қызықтырады, ойлантады. Бұлармен сырласқандай күй кешкен сабырлы, сырбаз азамат, құрманғазылық халық ағарту саласының  қайраткері Амангелді Хилауов:

– Табиғатта энергия алынбайтын ештеңе жоқ екен ғой, — деп өзіндік байламын білдірді. Әрине, құптарлық түйін. Біздің қай-қайсымыз да осы пікірдің жетегінде жүргеніміз ақиқат еді.

Арасында үшінші қабаттағы акробатикалық шоуға көңіл аударып, цирк гимнастикасы шеберінің өнеріне, ептілігіне, шапшаңдығына тәнті болып алып, әрі қарай одан төменгі қабаттағы су энергиясының көздерімен танысу мүмкіндігі туды. Сарқырамалар, алып гидростанция, өзендер, бетінде кеме жүзген көл, су асты мен су үсті әлемдері сиқырдай арбап қастарынан шығармайды. «Нұр әлем» павильонының ең төменгі қабатында қазақстандық ғалымдар ойлап тапқан 28 жаңғырмалы энергия көздері таныстырылды. Біз бір күннің жартысындай уақыт ішінде гидтеріміз Айдос Туғанбаев пен Марал Қали көмектерімен осының бәрін шолып, көріп үлгердік.

– Осындай таңғажайып жетістіктерді көзбен көрген қандай тамаша?! Әрі қарай  EXPO-ға қатысушы мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың энергияның жаңғырмалы көздері мен энергетиканы сақтау аясындағы жетістіктерін, басқа да ұсынғандарын көргенімізде ризашылығымыз арта түсері сөзсіз,- деп атыраулық ардагерлер тобының жетекшісі Сергей Алпатанов жайдары жүзбен алға бастады.

EXPO-ға келген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар саны көп-ақ. Бәрінің павильондарын аралап көру мүмкін емес. Оған аптадан астам мезгіл керек. Сондықтан,  демалыс орталығынан бастап жүрген жол көрсетуші қыздарымыз Аида Ақсақалова мен Қадиша Ағытаева қай павильондарға баруға ниетті екенімізді сұрап, кеңесіп алды. Бәрін де көргіміз келеді-ақ. Әйтсе де, ақылдаса келе біздің топ ардагер Сәния Оразованың ұсынысын құптап жақын арадағы Германия павильонынан бастауды ұйғарыстық. Ондағы «Жел ешқашан ұйықтамайды» деген айқарма жазу көңілімізді аударды. Демек, бұл мемлекеттің көрмедегі негізгі тақырыбы жел энергиясын көбірек насихаттауға бағышталған.  Жел энергиясын пайдаланудың қилы-қилы тәсілдерін ойлап тауып, баршаға ұсынып отыр.

Ресейліктер ұсынған Арктикалық мұз сеңі де қатты қызықтырды. Алып мұз сеңінен төмен қарай еріген су моншақтап тамшылап тұр, одан құралған төмендегі су арнасы мұп-мұздай, бір қалыпты деңгейді ұстап, ортаймайды. Өзбекстандықтар да өздеріне бөлінген павильонда көрікті жерлерін таныстырып, мақтасы бар, басқасы бар бұл салада қыруар жетістіктерін әйгілеген. Ал, Түркия павильоны өте бай көрінді. Кіргенде бірден көзге ілігетін қабырғадағы «Бейбітшілік үшін бөліс» деген сөздің мән-мағынасын павильондағы жәдігерлер легі ашып береді. Мұндағы кәдімгі өзіміз жиі кездестіретін жәндігіміз арадан да энергия көзі алынатындығын көру бізді  бейжай  қалдырмады.

Жібек жолы бойындағы мемлекеттерден келушілер бірыңғай орналасқан. Солардың ішіндегі Тянь-Шань тауларымен, Ыстықкөл демалыс аймағымен, мұзды көлдерімен әйгілі Қырғызстанның павильонындағы сөреден қып-қызыл мұқабалы, аса қалың «Манас» эпосы жанарымызды бірден жаулады. Сұрап көрсек алып кітап сатылмайды екен. Өкінішті-ақ. Келесі гидроэнергетика мықты дамыған Тәжікстан павильонының да келушілердің көзайымына айналдырары аз емес. Пәкістанның «жасыл технологиясы да» маңыздылығының арқасында атүсті көргізбейді, кідіресің,  қалай жүзеге асатынына ынтыға көңіл бөлесің.

Баламалы энергия көздерін тиімді пайдаланатын елдер баршылық. Сингапур, Малайзия, Корея, Жапония мемлекеттерінің павильондарының алды ұзын шұбақ кезек. Бұл көрме залдарына кіру үшін сағаттап күтуге тура келеді.

– Бәрі де жақсы, — деді Исатай ауданының Тұщықұдық ауылы ардагерлер кеңесінің төрайымы Қабира Қаюмова өз пікірін ортаға салып, – Жапония мен Қытай павильондарын аралағанбыз, қатты ұнады. Жаңғырмалы энергияны дамытудағы әлеуеттері зор. Көрмелері мәнді, мазмұнды.

EXPO – 2017 көрмесі – сөз жоқ, ел өміріндегі айтулы оқиға. Алған әсеріміз ұшан-теңіз. Айтып тауыса алмаспыз, сірә. Бізге көл-көсір рухани байлық сыйлады. Мәңгі жадымызда жатталып қалды.

Көңілді демалыс – жанға шипа

Осы сапарға баруымызға демеуші болған «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» (НКОК) компаниясы мен мердігер «Family Garden» демалыс орталығы атыраулық ардагерлердің Астанамен кеңінен танысуларына, EXPO – 2017 көрмесін көрулеріне, саяхаттан тыс мезгілдегі демалысты көңілді, мәнді  өткізулеріне толық жағдай жасағаны елдің Бас қаласына табанымыз тигеннен-ақ сезілді. Қаланы аралап келген күні-ақ демалыс орталығының асханасында басталып, келесі екі тәулікте тағы  жалғасқан ду-думан көрігі қызудай-ақ қызды. Көрген, білген әсерлер ортаға салынды. Партия, кеңес органдарының ардагері Кеңес Қосыбаевтың әуелете ән шырқауы қандай келісімді?! Баяғы қоңыр дауысы сол күйінде сақталған, сезімді шымырлатады. Мақаттық Жамиға Халенова мен исатайлық Қабира Қаюмованың назды әуендері де делебені қоздырды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың өзі Құрманғазының күйі «Балқаймақты» нақышына келтіре, құйқылжыта орындағанда риза болмаған жан бар ма екен?! Индерлік Мұстахима Аязғалиева, Сүйеу Халықов, Атырау қаласының ардагерлері Надежда Литвина, Райса Нұрғалиева, Сәуле Қалмағамбет және басқалар да бидің түбін түсірді. Топ құрамында Қызылқоға, Мақат аудандары ардагерлер кеңестерінің төрағалары Мақсот Карин пен Сәбит Халенов  болған еді. Екеуі де демалыстың қай саласында да белсенділіктерімен танылды.

Екінші күнгі отырыста Аманғали Әміржанов жыр-сайыс ұйымдастыруға мұрындық болды. Алғашқы шумақты Аманғалидың өзі бастады да, әрі қарай осы жолжазбаның авторы – маған,  жалғастыру реті тиді. Арасында Төлеген Берішбай да қалыс қалмай, сөз қосты. Қыздар жағынан қарсы жауапты негізінен Қабира Қаюмова қайтарды. Әзіл-қалжың жұртты едәуір желпінтіп тастады. Егер денсаулығына орай отырыстардан шеттеу қалған ақын Жеңіс Аронов жыр сайысқа қатысса дода одан сайын қыза түсер ме еді дестік.

Енді көңіл этноауылға баруға ауды. Бірақ, үшінші күнге белгіленген шаралар легі де жетерлік, бірінен-бірі асқан тартымды. Түске дейін тоғайды еркін кезіп, орталықтың алаңындағы табиғат аясында суретке түсіп, фуршет-пикник дәмін тату көңілге қанат бітірді. Түс қайта қалада Есіл өзені толқынын кешіп, кемемен серуендеу, Астана көркіне су үстіндегі әр тұстан көз салу да жанға рахат сезімін ұялатты. Кеште «Астана опера» театрынан Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсын тамашалап, рольдерді орындағандардың актерлік шеберліктеріне, тыңдаушыларын тебірентерлік дауыстары мен әуезді тембрлеріне тәнті болып тарастық. Түске дейінгі қолы қалт еткен кезді пайдаланып,  қала сыртынан едәуір қашықтағы «АЛЖИР» («Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері») лагерінің орнында қаз қалпында сақталған және жасақталған мұражайды көріп үлгеріп, оралған  мақаттық ардагер Диас Мәженовтің қызықты да мұңды әңгімесін тыңдау да бір ғанибет.

Төрт күнге жуық уақытқа созылған Астанаға, EXPO – 2017 көрмесін көруге арналған сапарымыз аяқталып, әуежайға ризашылыққа толы көңілмен аттанып бара жатқанымызда біздің – атыраулық ардагерлердің жүрек түкпірінде  «Family Garden» демалыс орталығының басшысы Ғалия Асхаттың, – Біз сіздерге бауыр басып қалдық. Тағы да келіп тұрыңыздар, — деген ыстық лебізі тұрақтап тұрып алды. Ел кіндігінен ауылдарымызға  бүкіл қазақ еліне деген мақтаныш сезімін арқалап оралдық.

Төлеген  ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button