Алаш қозғалысы толық бағасын алды ма?

  Өзімен бірге аштықты, репрессияны, ұлттық сананың дағдарысын ала келген кеңестік билік режимін кешенді зерттеу әлі күнге дейін толыққанды шешімін таппай келеді. Бұл тақырып Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен ғылыми семинарда жан-жақты талқыланды.
  «Алаш қозғалысы және тәуелсіз Қазақстан. Есімдер ұмытылмайды» тақырыбын арқау еткен шараға қатысушы ғалымдар мен профессор-оқытушылар Алаштың көрнекті қайраткері Халел Досмұхамедовтің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Кітап көрмесін тамашалады.
Алаш қозғалысы идеяларының ХХІ ғасырда да өзекті екендігіне тоқталған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Саламат Идрисов мұндай конференциялардың ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды екендігін айтты. Әрі қарай аталмыш тақырыпта баяндамалар жасалды
   Лесқали БЕРДІҒОЖИН, профессор, тарих ғылымдарының докторы:
– 1886-1890 жылдардың өзінде Әлихан Бөкейханов Ресей империясының отаршылық езгісінде отырған алты алаш тарихын, мәдениетін, көшпелі шаруашылығы мен кәсібін зерттей келе, отаршыл империяның жүргізіп отырған жыртқыштық, озбырлық саясатына сыни көзқарасын білдіре бастайды. Сол жылы жазылған мақаласында Әлихан қазақ қоғамында заманына лайық мәдениеттің, адамгершілік, моральдық құндылықтардың аяқ¬асты болғанын өкінішпен атап көрсетеді. Орыс империясының аяусыз езгісінің нәтижесінде көне дәуірден жалғасқан төл мәдениетін ұмытып, жер-суы¬нан айырыл-ған қазақ қо¬ғамы, байлардың қалың бұқараны қанауы, болыс билігі үшін талас-тартыс туралы ашына жазды.
Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін, яғни отаршыл патшалық самодержавие тұсында қандай күрес жүргізгенін мынадай фактіден байқауға болады. 1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде Әлихан жеті рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шыққан. Екі рет саяси айдауға ұшыраған.
   Жеңіс АРОНОВ, «Аяз би» қоғамдық қорының жетекшісі, ақын:
– Аспандияр Кенжин – осы жердің азаматы. Білімге құштар болды. Кеңестiк билiк өкiлдерi өз басымдылығын нығайту үшiн ел iшiндегi сауатты жандарды, бұрын большевиктер қозғалысына қарсы шыққандарды да өз қатарына тарта бастады. Бiрақ, бұл саясат ұзаққа бармады. Қазан төңкерiсiнен кейiн дүниеге келген ұрпақтың өз қолы өз аузына жеткен уақытта, яғни 1937-1938 жылдары ел зиялыларын жаппай тұтқындау, жазалау қолға алынды.
Олардың тағдыры тығырыққа тірелді. Партия-кеңес жұмыстарында жүрген А.Кенжин де өзінің сан қырлылығын танытты. Ауыл шаруашылығы, ет-мал өнімдерін дайындау, астананы көшіру, абаттандыру, ішкі және сыртқы сауданы дамыту жұмыстарында жетістіктерге жетті. Мемлекет мүддесі мен қарапайым халық қажеттіліктерінің ортақ мүддеге тоғысуына ықпал етті.
Әбілхан ТӨЛЕУІШЕВ, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының саяси жетекшісі:
– «Алаш» партиясының бағдарламасы, біріншіден, Қазақ елін өзінің бөлінбейтін территориясы бар, отаршылық тәуелділіктен азат елге айналдыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Партия мүшелері халықтың арманы болған өзін-өзі билеу идеясын қазақтың алғашқы заманауи үкіметі – Алашорданы құрып, аз уақытқа болса да іске асырды.
Кез келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш қайраткерлері жете түсінді. Оны ұлттық басымдықтардың бірі ретінде қарастырды. Алашорда идеясы біздің қоғамға жат емес. Сондықтан, Алашорда тарихын әлі де бүгінгі күн тұрғысынан зерделеу, бағалау аса қажет. Оның көшбасшыларының заңдық тұрғыда ақталғанына қарамастан, өкінішке қарай, әлі күнге дейін Алаш қозғалысына толық баға берілмей келеді.
Қазақ қоғамы ұлттық тарихи мәселелерге қозғау сала беруі қажет. Тарихшылардың пікірінше, сонда ғана зобалаң жылдардың нақты бағасы беріледі. Ғалымдардың басын қосып, ойларын ортаға салған шараның түйіні осы болды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз