Екпеге сенбесек, індет дендемек…
Вакцинация – вирустың таралуын азайтудың жалғыз жолы. Денсаулықты нығайтып және белгілі ауруға төтеп беру мүмкіндігін жоғарылататындықтан көп жағдайда екпе алудың пайдасы зор. Өзімізді қорғасақ, оның маңызы мен пайдасын ұғынсақ, инфекциялық ауруханаға ауыр халде баратын жағдайларды болдырмаймыз.
Екпені алу-алмау – әркімнің өз еркі. Бәріміз айтып отырған, әлі де зерттеліп жатқан коронавирус індетіне қарсы вакцина – жаңа. Оның қандай әсері болатынын әзірге ешкім нақты айта алмайды. Бірақ дертке шалдыққан жағдайда аурудың ауырлығын төмендететіні анық. Көріп отырғанымыздай, әлем ғалымдары, еліміздің білікті мамандары вакцина жасауда, оны зерттеуде көп күш жұмсап, білімдерін сарп етуде. Вакцина бірнеше кезеңдік зертханалық тексерістен өтті. Қорқыныш болатыны – түсінікті жағдай. Бейтаныс заттарға, қоршаған ортада болып жатқан құбылысқа жатырқай қарау жаратылысымызда бар. Екпе жайында толық мәліметті кез-келген азаматтың біле бермейтіні рас. Медицина саласының мамандары вакцинацияны өмірдегі ең сенімді қорғаныс деп атайды екен. Байыбына бармай жатып, «екпе салдырмаймын» деп байбалам салып жатқандар жетерлік. Бірақ денсаулығымызды ойласақ, бұл сезімді артта қалдыру керек. Ә л е м д і д ү р л і к т і р г е н пандемиядан еліміз аз зардап шеккен жоқ. Бір жылдың ішінде қанша отбасы қара жамылып, арыстай азаматтардан айырылдық. Бұған дейін де халық арасында қауіпті әрі жұқпалы аурудың неше түрлісі тарағаны тарихқа аян. Дегенмен ғалымдар оған қарсы препараттарды ойлап тауып келеді. Ендеше медицина саласы дамыған бүгінгі күні де адамзат кез-келген дертпен күресуге қауқарлы. Қазір әлемдік қауымдастық тәжтажалға қарсы барын салуда. Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, дені сау жан ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі. Ендеше «ғасыр тажалымен» күресу ақ халатты абзал жандардың ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығының жұмыла істейтін ісі екені белгілі. Ал, «сақтансаң, сақтаймын» дегендей, қарапайым тұрғын үшін ең бастысы осындай қауіпті індеттің бар екенін естен шығармау. Бұл сыннан да сүрінбей өтеміз деген сенімдемін.
Балғаным ХАСЕНОВА,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы