Екі жасар мүгедек сәби жантүршігерлік жағдайда қаза болды
Бүлдіршін сал ауруына шалдыққан. Ал оның 43 жастағы анасы есту қабілетінен айырылған. Қарқаралы ауданының тумасы екі ай бұрын қалаға көшіп келіпті.
«Абайсызда адам өлтіріп алу» бабы бойынша соталды тергеу жұмыстары басталды. Қарағандының Октябрьский ауданындық прокуратурасы анасының күдікті деп танылғанын мәлімдеді. Әйел қызын шомылдыру үшін ваннаға жатқызып, ыстық суды қосқан күйі шығып кеткен, сол арада баласы айқайлағанымен, анасы түк естімегендіктен көмекке асықпаған деген де болжам жасалуда.
Ваннадан әбден күйіп қалған бүлдіршінді тәтесі алып шыққан. Өкінішке қарай, қыз бала азаппен көз жұмды. Нәрестесінен айырылған әйел қызын жалғыз бағып жүрген.
«Бүлдіршін науқас болатын. Оның өздігінен жүргенін бір рет көрген емеспін. Қашан да анасы көтеріп жүретін», — дейді тұрғындардың бірі.
Әйел бүгінде ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілді.