Жаныңда жүрсе жақсы Адам

сенбілік сұхбат Жаңалықтар

Ардақ Қонысқалиев – аймаққа белгілі мұнайшы, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылқоға және Мақат аудандарының Құрметті азаматы, үш мәрте облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған. Қызмет бабында талай кездескенбіз. Сонда әріден қозғап айтатын естеліктерін де, сындарлы сөз саптауын да байқайтынбыз. Ал, жақында онымен еркін әңгімелесудің сәті түсті. Сонымен…

%d1%81%d0%b5%d0%bd%d0%b1%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%ba-%d1%81%d2%b1%d1%85%d0%b1%d0%b0%d1%82
– Ареке, кітапханаңыздан екінің бірінде жоқ белгілі мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлері О.Көшеков, Н.Балғымбаев, А.Әшімов, И.Жақанов, ақын-жазушылар Ф.Оңғарсынова, Т.Медетбек, А.Бақтыгереева, Р.Отарбаев, М.Құлкенов, С.Санбаев, Н.Әжіғалиев, А.Ершуов, аймағымыздың абзал азаматтары Т.Тілегенов, Н.Үлкенбаев, С.Мұқанов сынды белгілі адамдардың қолтаңбасы бар кітаптарды көріп отырмын. Сірә, бәрімен етене таныс болған секілдісіз ғой.
– Атырауда мен сияқты қарапайым мұнайшылар баршылық. Сондықтан, өзің айтқан парасатты да пайымды зиялы қауымның назарына ілігуім – біріншіден, тағдырдың маған берген сыйы.
Екіншіден, «жақсыда жаттық жоқ» дегендей, осындай шоқтығы биік дархан жандардың бауырмал көңілдерінің арқасы. Бір сұхбатта, әрине, олардың бәрі туралы айту мүмкін емес. Әйтсе де, кейбірін атап өтейін.
Халқымыздың «Әкім бол, хал-қыңа жақын бол» деген нақылы жадымызға түскенде ойыма Оңайбай аға Көшеков оралады. «Тек ұлы адамдар ғана кішірейе біледі» дегендей, Оңекеңнің ғажайып қарапайымдылығы, адамдармен тез тіл табысуы бүгінге дейін жыр болып жүр ғой. Қазақы қалжыңдасуы қандай жарасымды! Әсіресе, нағашы жұртымен әзілдескенді ұнатады екен.
Мен өткенге орынды-орынсыз күйе жағуға қарсымын. Сол шақты аңсаудан аулақпын, бірақ ол кездің де әлі қолдануға жарайтын жақсы жақтары болды. Мәселен, кадрлар жүйелі тәрбиеленіп, оның сенімді резерві жасақталды емес пе? Сайып келгенде, бүгінде билік басында жүргендердің дені – компартияның шекпенінен шыққандар. Бұл да – біздің тарихымыз. Демек, оны да ұмытпаған жөн. Дағыстанның ұлы ақыны Расул Гамзатов «Егер сен өткеніңе тапаншамен оқ атсаң, болашақ саған зеңбірекпен жауап береді» деген екен.
Осы орайда аймақтың дамуына ерен еңбек сіңірген С.Құбашев, М.Есенов, С.Мұқашев, С.Өтебаев, Ж.Досмұхамбетов, Б.Сағынғалиев, М.Сағымбаев, Қ.Түгелбаев, С.Сүйінов, Т.Жұмағалиев, Ә.Кенжебаев, Б.Саппаев, С.Сағытжанов сынды ерлерімізді естен шығармау керек.
Атыраудың айбынын асырып, ел өмірінде өшпес із қалдырған айтулы азаматтардың бірі де бірегейі – Нұрлан Балғымбаев. «Қазақ мұнайының қара нары» атанған ол – тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарындағы қиын шақта Үкімет тізгінін қолына алып, Елбасымен бірге ел экономикасын көтерген тұлға. Мұнайшы ретінде өзім пір тұтатын дарабоз қолбасшының сенімді сарбаздарының қатарында болғаныма бақыттымын. Үлкен жүректің тоқтағанына да жыл толып қалыпты-ау…
– «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді ғой, көп жылғы еңбек жолыңызда жөн сілтеген ағалар болған шығар?
– Әрине. Мен оларды ұмытқаным жоқ. Сонау 1973 жылы Түмен индустриялдық институтын бітіргеннен кейін сол кезде «Эмбанефть» бірлестігіне қарайтын Ақтөбедегі Кеңқияқ мұнай-газ өндіру басқармасына жіберді. Сонда өзіме қамқорлық жасаған қарт Ембінің майталман мұнайшысы, өнегелі басшы Сәлім Хисметов еді. Кейін Жайық мұнай-газ өндіру басқармасында есімі алты алашқа мәлім, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құмар Балжанов өндірісте жауапты қызметтерге жұмсап шыңдады. Партиялық қызметте үлгі көрсеткен, тәлім берген қоғам қайраткері Беркін Ізтілеуов рухына басымды иемін. Мұнай өнеркәсібінің көрнекті қайраткері Махамбет Батырбаевтың басшылығымен жұмыс жасаған кездерімді өмірімнің айшықты белестері деп санаймын.
Менің жиырма жылдай ғұмырым қасиетті де қазыналы Исатай ауданында өтті. «Бәлкім, аңсайтын да шығармын мен, қызығын көп күндердің сенде қалған» деп осы өлкені жырға қосқан Нарынның Наркескені Нұралы Әжіғалиевпен жақсы сыйластым. «Нарынның Нартуғаны» атанған Бақтығали Ғұбайдуллинмен етене араластым. Осы өңірдің тағы бір нар тұлғасы – Нариман Үлкенбайұлы. Өмір соқпақтарында Нәкеңдей үлкен өнер иесімен кездестірген тағдырыма ризамын. Исатайлық тағы бір атпал азамат – Өнербек Жанбала. Атына заты сай жампоздың өзі. Кезінде облыстық мәслихатта белсенді депутат болса, бүгінде ұлттық ойындарды дамытуда жанкештілікпен еңбек етіп жүр. Оның мәрттігінің де куәсі болғанмын. Мақат кен орнының 90 жылдығына арналған шарада бәйгеде ұтып алған жеңіл көлігін сондағы мұнайшылардың ардагерлер үйіне сыйға тартқан-ды. Берекет дарыған Бектен ата әулетінің үлкені, ардагер мұнайшы, өлкетанушы-жазушы Мұрат ағамен жақсы сыйласпын. Оның інісі Абатпен Түменде бірге оқығанбыз. Дарынды жас еді, әттең өмірден ерте өтті.
Өзге де абзал ағаларға серік болуға жарағанымды мақтан тұтамын. Солардың бірі – Қуаныш Ғилымов ақсақал. Алдаспандай жарқылдаған жақсы ағамен көрші болған кездерімді сағынышпен еске аламын. Киелі Қызылқоғаның қазыналы қарттары – Төлеп Тілегенов пен Сайпол Мұқанов ағаларым тұтас өңірдің мақтаныштары. Туған жеріме жол түсіп жатса, осы кісілермен жүздесуге асығамын. Әрине, өзге де асыл азаматтар баршылық. Бірақ, соның бәрін тізуге газет беті көтерер ме?
– Жазу үстелі үстінен басқа басылымдармен қатар «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тілі», «Қазақ» және спорт газеттерін көріп отырмын. Үнемі оқисыз ба, әлде зейнеткерлікке шыққан соң ермек етесіз бе?
– Мен бұл басылымдардың тұрақты оқырманымын. Өйткені, еліңнің тарихын, әдебиеті мен өнерін, бүгінгі күннің батырларын, спорт саңлақтарын білу – әркімнің парызы. Сол секілді өз өлкеңнің де өткенін, белгілі адамдарын жадыңда сақтау керек.
Ертеректе курортта тарих және саясаттану ғылымдарының докторымен бірге демалдым. Қос ғылыми атағы болғанымен, әлі де білуге құштар жан екен. Жасымыз да қатар болып шықты. Сол әңгіме арасында «Құрдас, менің Атырау жаққа жолым түспепті, қандай атақты адамдарың бар, айта отырсаңшы» деді. Жоғарыда айтқандай, аз-мұз ізденістерімнің арқасы шығар, әйтеуір, ұятқа қалғаным жоқ.
Әлемдік додаларда жеңімпаздың құрметіне сол елдің Әнұраны орындалып, Туы көтеріледі. Қандай ғажап! Жалқы жеңістің соңында жалпы елдің мүддесі тұрады емес пе? Сонау жетпісінші жылдары Серік Еуропа төрінде атой салғанда белгілі спорт шолушысы Б.Губин «Қонақбаевтың фамилиясын жұрт әлі жаттай алмай жатыр, бірақ, оны әлем мойындайтын күн қашық емес» деген-ді. Расында да, Серік «Ринг гроссмейстері» атанып, қазақ боксының көшін бастады. Содан бергі уақытта алты арысымыз Олимп шыңын бағындырды. Үш ұланымыз әлемде ең үздік боксшыға берілетін Вил Баркер кубогін қоса алды.
Солардың бірі – Бақтияр Артаев. Мен оның құрметіне 2004 жылы туған немеремнің атын Бақтияр қойғанмын. Қызықты қараңыз, ол он жылдан кейін Астанадағы спорт кешенінде әйгілі аттасымен кездесіп қалады. Немеремнің тегі Ардақов. Көп баланың ішінен оның аты-жөнін сұрағанда аты да бірдей, тегі де ұқсас болғанына қатты таң қалған үлкен Бақтияр інісіне қолтаңбасымен қолғабын сыйлапты.
Жалпы, жастарға үлгі болатын тұлғалар облыста да баршылық. Мәселен, күрестен Қазақстанның бес дүркін чемпионы, талай өренді тәрбиелеген қызылқоғалық Мәлік Сүлейменов – жерлестерінің мақтанышы. Ол отыз шақты спорт шеберін дайындаған. Таланты талабымен ұштасқан, мүмкіндігі мол бола тұра туған жерін тастап ешқайда кетпеген, аудан жастарының піріне айналған азамат.
Біздің қазақта ғарышкерлерімізді айтпағанда көп халықтың қолы жете бермейтін биіктерге көтерілген саңлақтарымыз жетерлік. Кейбірін ғана айтайықшы. Мәселен, жер бетінде биіктігі сегіз мың метрден асатын 14 шың бар. Солардың бәрін бағындырған әлемде 12 альпинист болса, соның біреуі Мақсат Жұмаев. Немесе Марат Жыланбаев – барлық ұлы шөлдерді жүгіріп өтіп, жеті мәрте Гиннес кітабына енген жалғыз адам. Ақырында, Кеңес Одағының және Ресейдің Батыры атағын алу тек төрт адамның пешенесіне жазылса, солардың біреуі Ақ Жайықтың перзенті Қайыргелді Майданов екенін қазіргі жастар біле ме?
Сыртта жүрген марқасқа қандастарымыз қаншама?! Ресейдің үш миллионнан астам халқы бар Кемеров облысының 30 жылдан бері тізгінін ұстап отырған Аманкелді Төлеев – өзіміздің қандасымыз. «Су ішкен кезде құдықты қазған адамды сұра» деген екен бір данышпан. Осы губернаторды туған елімен таныстырған да табыстырған Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Шардара тынысы» аудандық газетінің бас редакторы Жұмабек Мұқанов екенін айтуға тиіспіз.
Әйтсе де, «әттеген-ай» дейтін жәйлар да бар. Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рахимовтың ұлты ұзақ жылдар бойы өзбек саналып келді. Біраз тартыспен қазақ екенін дәлелдедік. Ал, көрсетіп отырған құрметіміз қандай? Астанадағы оның атындағы көшені іздеп жарты күн жүрдім. Ешкім білмейді. Ақыры тапқанымда көңілім құлазып қалды. Қып-қысқа ғана, елеусіз жерге орналасқан екен. Тіпті генерал атағы да жазылмапты.
«Қара жорға» биін қазақтың төл туындысы санап, кәрі-жасымыз түгел қастерледік. Жаппай биледік. Өзге ұлт өкілдері түгілі, шетел азаматтары қатты қызығушылық танытқан кезде орта жолда тастап, орынсыз ұмыта бастадық. Жаһандану заманында сырттан келер қауіпті Елбасымыз да ескерткен. Мұның ұлттық өнерге де қатысы барын ұмытпалық.
Кезінде мешіт аштыңыз, «қара алтын» қорын құрдыңыз. Қос кітап та шығарып тастапсыз.
– «Адам өмірге келген соң артында ұрпақ қалдыруы, үй тұрғызуы және ағаш отырғызуы керек» деген қағида бар. Әрине, өзге де игіліктер істелсе, нұр үстіне нұр. Сонау 1999 жылы Қайнар мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы болып жүргенімде №23 Сағыз сайлау округінен облыстық мәслихатқа депутаттыққа сайландым. Тәуелсіздікпен бірге дінге де еркіндік берілді ғой. Сол кезде қарттар Мұқырдан мешіт ашуға көмектесуімді сұраған. Қазақстан Діни басқармасының шешімімен сол мешітке «Аманияз ата» аты берілді.
Ал, «қара алтын» қорына келетін болсақ, 2000 жылы Мақат мұнай-газ өндіру басқармасына келгенімде мұндағы жергілікті халықтың төмен тұрмысын көрдім. Содан басқарма активін жинап, 45 жалғызбасты кісілерге, 17 тұл жетім балаларға, басқа да мұқтаж жандарға жәрдемдесуге ұсыныс жасадым. Өз жалақымыз есебінен қаржы жинадық. Сол қор жеті жыл бойы жергілікті тұрғындарға риясыз көмек көрсетті.
Сонымен қатар, қор есебінен Мақаттағы М.Баймұханов атындағы мектептің үздік оқушыларына биыл туғанына 100 жыл толып отырған Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Жолдасқали Досмұхамбетов атындағы стипендия тағайындалды.
«Майлы қияң Мақат» кітабы осы кәсіпшіліктің 90 жылдығына орай жазылды. Мерекені ұйымдастырушылар оны маған тапсырды. Бұған дейін Сұлтан Уәйіс атамыз туралы «Шапағатты әулие» кітабын шығарғам. Сол тәжірибем кәдеге асты. Кітаптың алғысөзін атышулы Теңіз кенішін ашушылардың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Орынғазы Есқазиевтің жазғаны шығармаға ерекше шырай берді. Сапалы басылуына жерлес жазушы, қарымды қаламгер Мереке Құлкенов сүбелі үлес қосты.

Ал, бүгінгі сұхбатымызды қорытындылағанда, Сағат Әшімбаев «Жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді» деген екен. Мен де өзім араласқан, қазір де сыйласып жүрген жандар туралы шын көңілден лебізімді білдіргім келді. Өмірімде жанымда осындай жақсы адамдардың табылғанына қуаныштымын. Абай атамыз «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демеп пе еді? Сол биіктен көрінейік, ағайын.

Меңдібай
СҮМЕСІНОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз