Екі елді жалғайтын жаңа көпір қашан салынады?
Еділ өзенінің үстімен өтетін жаңа көпір (тұрғындар арасында «Северный» деп аталып үлгерген) құрылысы жуырда Астрахан әкімдігінде сөз болды.
Бұл туралы ресейлік kaspyinfo.ru сайты жазды. Құрылысқа қатысты мәселе екі-үш жылда бір көтеріліп тұрады. Әйтсе де, қаражат көзі табылмай тұр. Сондықтан кейінге қалып келді. Енді аталған жоба қайта қаралып жатыр. Егер жоба қаржыландырылған жағдайда, келесі жылы жобалық-сметалық құжаттама, жер және маман тарту мәселелері шешілмек. Құрылыс кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады. Алғашқы кезеңі 2022 жылдың соңына жоспарланған.
Алдын ала бағалау бойынша көпірді көтеру үшін кем дегенде үш жыл уақыт керек екен. Ал, жалпы құрылыс жұмыстары алты жылға созылуы мүмкін. Сайып келгенде, жаңа көпірді 2027 жылға дейін күтуге тура келеді.
Жоспарға сәйкес, қос қабатты көпірдің ұзындығы екі шақырымды құрауы қажет болатын. Төменгі бөлігіндегі көлік нөпірі Мәскеуге, ал, жоғарғысы Атырау қаласына бағыт алуы тиіс еді. Енді жоспарға өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Демек, бұрын 23 миллиард рубльге бағаланып келген жоба құны да құбылады деген сөз.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ