Екі бірдей басқармада – жаңа басшы (ФОТО)
Бүгін облыс активінің кезекті жиналысы өтті. Онда облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ өз өкімімен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалған Мақсот Сайполұлы МҰҚАНОВТЫ таныстырды. Бұған дейін аталған лауазымдық қызметті атқарып, таяуда ғана Махамбет ауданының әкімі болып тағайындалған Сырым Мұрат Рысқалиевке абыройлы қызметі үшін алғысын білдірді.
Мақсот Мұқанов 1959 жылдың 21 қаңтарында Атырау облысы Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосында дүниеге келген. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын (қазіргі Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университет) ауыл шаруашылығы өндірісінің экономист-ұйымдастырушысы мамандығы бойынша бітірген.
Меңгерген мамандығына сәйкес, еңбек жолын 1985 жылы Қызылқоға ауданының шаруашылықтарында бастап, аға экономист, бас экономист болды. 1989 жылдан мемлекеттік қызметте – аудандық ауыл шаруашылығы бірлестігінде төрағаның орынбасары, экономика комитетінің төрағасы, экономика, қаржы және қаржы бақылау бөлімдерінің басшысы. 2006-2013 жылдары – ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары. 2013 жылдан осы уақытқа дейін – Қызылқоға ауданының әкімі.
Осындай жауапты да лауазымды қызмет баспалдақтарынан өткен Мақсот Сайполұлын жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаған аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы ол басқаратын басқарманың алдында маңызды міндеттердің тұрғандығын, оларды толықтай орындауға ұжымның тәжірибесі мен күш-жігері толықтай жететіндігін мәлімдеді. Соның ішінде, агроөнеркәсіпті кешенді өркендету, экономиканы әртараптандыру бағытындағы жобаларды жүзеге асыру қажеттігін қаперледі.
Сондай-ақ, Атырау облысы әкімінің өкімімен Нұрсұлтан Орақұлы БИСЕМБИЕВ облыстық қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды. Осыған дейін аталған лауазымды қызметті жоғары жауапкершілікпен атқарып келген, басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылған Бақытжан Мазғалиұлы ЖЫЛҚЫБАЕВТЫҢ атына жылы лебізін арнаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жаңа басшының өмірбаянымен таныстырды.
Нұрсұлтан Бисембиев 1991 жылдың 24 желтоқсанында Атырау облысы Құрманғазы ауданының Сафон селосында дүниеге келген. Атырау аграрлы-техникалық колледжін және М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бухгалтер-аудитор, экономика және бизнес мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2013 жылдың қазан айында Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясында оператор болып бастап, 2014-2016 жылдар аралығында осы мекемеде мамандығына сай түрлі жауапты жұмыстарды атқарған. 2017 жылдың мамыр айынан қазірге дейін – облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары.
Басқарма басшысын жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаған облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы оның жұмысына сәттіліктер тілеп, тапсырмаларын берді.
Сонымен қатар аймақ басшысы екі жылдай облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасына басшылық жасап, жақында ғана басқа қызметке ауысып кеткен Әбіл Тауфихұлы Жоламановқа рахметін айтып, алдағы атқаратын қызметіне сәттілік тіледі.
Даулетқали Аруев
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ