Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

ЕХРО – 2017: Көрмеге қаншалықты дайынбыз?

Бітпей жатып құлап тынған құрылыс нысанына кім кінәлі? – Осы сұраққа жауап берген «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов жауапкершіліктің «BI Group» компаниясынан сұралатынын айтты. «Декоративті мәнге ие нысанның құрылысына осы компания жауапты. Құрылысты қалпына келтіру жұмыстарымен де тікелей өздері айналысады. Бұл мақсатқа бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Әрине, қауіпсіздік мәселесі үлкен шараларды қажет етеді» деп мәлімдеді ол аймақтық журналистер үшін Астана қаласында ұйымдастырылған тур аясындағы баспасөз мәслихатында.

20161123_102816

Туристік маршруттар жасақталып жатыр

Және ол ЕХРО қалашығының құрылысына зейнетақы қорынан ешқандай қаражат бөлінбегенін мәлімдеді. Белгілісі, дәл қазіргі таңда құрылыс нысандарын аяқтауға және ұйымдастыру жұмыстарына баса назар аударылып жатыр.

Компания басшысының бірінші орынбасары Әлішер Пірметовтің айтуынша, халықаралық мамандандырылған көрменің Қазақстан таңдаған тақырыбы, яғни «болашақтың энергиясы» мәселесіне шет мемлекеттер тарапынан қызығушылық жоғары. «Көрме – Астананың жаңа идеялар мен технологиялардың орталығы атануына мүмкіндік береді» деді ол.

20161123_120019

«Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясының туризм дамыту департаментінің директоры Аллен Шайжүнісов ауқымды іс-шараның отандық туризм саласын дамытуға жол ашып отырғанын айтты. Белгілі болғаны, шара аясында арнайы турпакеттер де жасақталады. «Еліміздегі қасиетті мекендерден бастап, жергілікті өңірдің табиғи ерекшелігін, тарихи құндылықтарын насихаттауға назар аударылады. Бір ғана Атырау облысының өзінде көненің көзіне айналған мекендер жетерлік» деген ол, еліміздің барлық аймағы бойынша 73-тен астам туристік маршруттың жасақталатынын хабарлады.

«Туристік маршруттар үш бағытта жұмыс істейді. Бірінші бағыт – тарихи-рухани кеңістік. Екінші бағытта арнайы маршруттар болады. Бұл категорияға «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен таулы өңірлерге саяхат жоспарланып отыр. Үшінші категорияға экологиялық маршруттар жатады. Саяхаттаушылар бұл бағытта ұлттық парктерді таңдай алады.  Бүгінгі таңда 12 ұлттық саябақпен арада тиісті меморандумдар жасақталуда» деп атап өтті спикер Аллен Шайжүнісов.

20161123_103048

Билеттер қанша тұрады?

Компания ЕХРО көрмесінің қарапайым халыққа қолжетімді болуын басты назарда ұстап отыр. Мәселен, әлеуметтік жағдайға қарай туристік пакеттер үш деңгейге бөлінген. Эконом пакеттің құны 35 мың теңге тұрады. Бұл пакетті алғандар жатын орынмен қамтамасыз етіліп, ауқатпен бірге, көрмені алаңсыз аралап, Астана қаласы бойынша саяхат жасай алады.  Бизнес пакеттің құны 50 мың теңгеге бағаланып отыр. Люкс класты премиум пакеттің құны – 120 мың теңгеден жоғары.

Халықаралық көрмедегі қазақстандық үлес туралы  да  тарқатып айтуға болады. Баспасөз мәслихатының бас спикері Әлішер Пірметов атап өткеніндей,  күні бүгінге дейін дайындық және құрылыс жұмыстарына 320-дан астам отандық кәсіпорын тартылған. Олармен арада жасалған келісім-шарттың жалпы сомасы 47 миллиард теңгеге жуықтап отыр. Осы шарттар аясында 50 мыңнан астам адам жұмыс жасауда. Оның сыртында 14 мыңнан астам қазақстандық құрылыс алаңдарына тартылып отыр. Яғни, бұл – Астана көрмесі әлеуметтік жағдайға оң әсер етті деген сөз.

20161123_102324

50-ге жуық жоба іске қосылды

«Атырау» газетінің Қазақстандағы баламалы қуат көздері жобалары туралы сұрағына жауап берген «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов күні бүгінге дейін елімізде альтернативті энергия көздері бойынша 50-ге жуық жобаның іске қосылғанын мәлімдеді. «Бұл тақырып бойынша еліміздің Энергетика министрлігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Күні бүгінде баламалы қуат көздері арқылы өндірілетін энергия көлемі елімізде 300 мегабайттан асады. 2013 жылы «жасыл экономикаға» көшуге бағытталған тұжырымдама бекітілді. Бұл құжат аясында 2020 жылға дейін баламалы энергия көздерінің үлесін 3 пайызға,  2030 жылға қарай 10 пайызға дейін ұлғайту көзделіп отыр» деп атап өтті ол.

Айта кеткен жөн, халықаралық мамандандырылған  ЕХРО–2017 көрмесі келер жылы 10 маусым – 10 қыркүйек аралығында өтеді. Күні бүгінге дейін көрмеге қатысатынын 105 ел,  17 халықаралық ұйым растаған. Көрмеге келушілердің 85 пайызы негізінен қазақстандықтар болады деп күтілуде. Назар аударарлығы, халықаралық іс-шара жол қатынасы күрделенетін маусымға сәйкес келіп отыр. Осыған орай, ел ішінде транспорттық қатынас мәселесінде проблема туындауы мүмкін. Баспасөз мәслихатында осы мәселеге тоқталып өткен «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов халықтың алаңсыз қозғалысы үшін қажет жағдайда қосымша әуе рейстерінің қарастырылып, теміржол және автотранспорт бойынша мүмкіндіктер жасалатынын атап өтті.

20161123_100153

P.S.

Астана қаласында салынып жатқан ЕХРО көрмесінің құрылыс нысандары келер жылдың мамыр айына дейін толықтай тапсырылады деп күтілуде.  Баспасөз туры аясында журналистер болашақ ЕХРО қалашығын аралады. Бұл туралы репортаж алдағы нөмірлерде берілетін болады.

Атырау – Астана – Атырау.

Айта кету керек, 23-24 қараша күндері болып өткен баспасөз турын «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясы Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті ұйымдастырды. Оған он төрт облыстағы аймақтық телеарна, жергілікті газет өкілдері қатысты.

Қазіргі таңда халықаралық көрмеге қазақстандық – 27, шетелдік 22 жоба ұсынылып отыр.

 

Марат Омаров,

«Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясының Контент және ісшаралар ұйымдастыру департаментінің директоры:

Бүгінде біздің компаниямыз бен Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі арасында меморандумға қол қойылды. Аталған құжат халықаралық көрме аясында бір ғана Астана қаласында үш мыңнан астам мәдени шара өткізуге мүмкіндік береді. Көрме кезінде Елордада күніне отыз ісшара өтеді деп күтілуде.

 

Дәулет Еркімбаев,

«Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясының Коммерцияландыру департаментінің директоры: 

– Билеттердің компания іске қосқан ресми сайт арқылы онлайн режимде, сонымен бірге, үстіміздегі жылдың қараша айынан бастап, «Қазпоштаның» барлық бөлімшелерінде сатыла бастағаны белгілі. Күні бүгінге дейін туристік компаниялармен арада билет сатып алу мәселесі бойынша 600 мыңға жуық   келісім жасалды

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button