«Еділ мен Жайық» әніне ескерткіш қойылды
Сексеннің сеңгіріне көтерілген атақты композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов жақында Ақжайық ауданында арнайы болды. «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Әселім», «Еділ мен Жайық», «Оралдың ерке самалы» сынды ешқашан ескірмейтін керемет әндердің авторын ерке сылқым Ақ Жайықты жағалай қонған жайсаң ел аудан орталығының қақ төрінде орнатылған ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші маңында күтіп алды.
– Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен орайлас келген Илья ағамыздың мерейтойы қуанышымызды еселей түсті. Кеңес Одағы күркіреп тұрған уақытта еш тайсалмай «Мен қазақпын!» деп өткен Жұбан ақынның өлеңіне «Еділ мен Жайық» әнін жазып, қазақтың ұлттық рухын ас-қақтатқаны үшін біз Илья ағамызды ерекше мақтан тұтамыз, – дей келе Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов сексеннің сеңгіріне көтерілген сұлу сазды сазгерге ақбоз ат мінгізді.
– Біздің заманымыздың Махамбеті болған Жұбанның қазақы санада, рухани ділімізде алар орны ерекше. Осы өр рухты қастерлеп, ақиық ақынның, батыл да батыр азаматтың ескерткішін ауылдың қақ ортасына орнатқан ауданның басшы-қосшы азаматтарына алғыс айтып, басымды иемін, – деді Илья Жақанов. Осы сәттер Жұбан ақын мен Илья композитордың шығармашылық шабытынан туған «Еділ мен Жайық» әніне арналған композицияның ашылуына жалғасты. Илья аға мен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев толқыны тайдай тулаған айдын төсіндегі қанатын жайған қос аққу бейнеленген үшбу туындының ақ жамылғысын сыпырды.
Талай жылдан бері бүкіл жұртымызды тебірентіп, сазы мен сөзі, әні мен өлеңі бір-біріне керім жарасып, айрықша мақтаныш сезіммен тербеп келе жатқан әннің ауыл төріне ескерткіш болып жайғасқаны қандай жарасымды! Аудан әкімінің бастамасымен орна-тылған бұл туындының авторы Ақжайық ауданының түлегі – Асқар Отарғалиев. Композицияда Еділ деп еңіреген Қазтуған жырау мен Жайық деп жандасқан Махамбеттің ұлы арманы анық көрініс тауып, Еділ-Жайық бір арнада тоғысып, ынтымаққа шақырып тұрғандай.
Жұбан ақынның ескерткіші маңында саябақ бар. Сол саябаққа композитор Илья Жақанов бастап, өзге жұрт қостап, бірнеше түп қарағай көшетін екті.
Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,
Болат ҚОСЖАНҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы.