Жарнама
Жаңалықтар

ЕДІЛ МЕН ЖАЙЫҚ АРАСЫН – ЖАЛҒАҒАН ДОСТЫҚ ЖАРАСЫМ

 

МӘДЕНИЕТ ҰЛТТАРДЫ ЖАҚЫНДАТА ТҮСЕДІ
Дәстүрлі фестиваль «дөңгелек үстел» басындағы кездесуден басталды. «Шекаралас аймақтағы этномәдени саясат. Мәселелер мен жетістіктер» тақырыбында өткен кездесуде Ресей Федерациясының Астрахан облысынан және көршілес Ақтөбе аймағынан келген меймандарды облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қабылдады.
«Әлемде ортақ мәдениетке ұйысқан халықтар аз емес. Кез-келген елдің дамуы ең алдымен рухани, мәдени байланыстардың нығаюымен тікелей байланысты. Тәуелсіз елімізде бүгінде жүздеген ұлттардың мәдениеті тоғысты. Олар үшін Қазақ елі туған үйлеріне айналды» деген Шыңғыс Мұқан фестиваль аясында ұйымдастырылып отырған «дөңгелек үстелдің» шетте жүрген қандастарымыздың мәселесін көтеруге, ұлтаралық қатынастағы өзге де маңызды проблемалардың қозғалып, шешімін табуға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Одан әрі сөз алған делегация жетекшісі, Астрахан облысы губернаторы әкімшілігіне қарасты ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Лариса Елдышева қоғам тұрақтылығының негізі татулық пен бірлікте екендігін айтты.
«Көп ұлтты топтастырған Астрахан облысы тарихқа бай өлке. Бүгінде өңірімізде 216 этника өкілдері өмір сүреді. Олардың ішінде 618 мыңы орыстар, 150 мыңы қазақтар, 60 мыңы татарлар. 39 аймақтық, 27 жергілікті мәдени ошақтар жұмыс атқарып отыр» деген ол алты мешіттің тұрғызылғалы жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, ол күй атасы Құрманғазының 190 жылдық мерейтойының көршілес облыста кең көлемде аталып өткендігін, бұл датаның ресейліктер үшін үлкен оқиға болғандығын әңгімеледі.
Кездесу барысында сондай-ақ, Атырауда көп ұзамай «Достық үйінің» ашылатындығы белгілі болды. Бұл туралы әңгіме арасында Шыңғыс Мұқан мәлімдеді. «Облыс әкімі арнайы ғимарат бөлді. Енді оны жөндеуден өткізу үшін қаржы қарастырылады. «Достық үйінде» енді барлық этномәдени ошақтар бас қосатын болады» деді ол.
Ақтөбе облыстық «Достық үйінің» директоры Роза Беркешова мамандар тапшылығын мәселе етіп көтерді. Оның айтуынша «Достық үйіне» қарасты жастар ұйымы белсенді ұландардың қатарынан тұрады. «Сол жастарға оңды бағыт беріп, ұлтаралық қатынастардың маңыздылығын түсіндіретін мамандар жетіспейді. Арнайы әдістемелік әдебиеттердің болмауы да жастар жұмысын жандандыруға қолбайлау болып отыр. Жалпы жастар жұмысын нәтижелі жүргізетін бір орталық керек» деген ол «Достық үйінің» негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталып өтті.
«Қазақстан Президентінің арнайы қатысуымен ашылған «Достық үйінің» басты міндеті — әр түрлі этномәдениеттерді жоғалтпай дамыту, облысымызда тұратын барлық ұлттардың тілдері мен ұлттық дәстүрлерін өркендету жолында айқын, мақсатты жұмыс жүргізу. Жылдан жылға этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздық шығармашылығы кеңейіп келеді. «Достық үйінде» этномәдени орталықтардың жұмысын жүйелі түрде қамтамасыз етіп отыру жолға қойылған — ақсақалдар кеңесі, «Мирас» жастар қанаты өз қызметтерін мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктер, оқу орындарымен байланыста жүзеге асырады. Осы арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасын табуда» деп атап өтті ол.
«Дөңгелек үстел» барысында ұлт мәдениетін сақтау, оны келесі буынға жеткізу, ұлтаралық бейбіт қатынас мәселелерімен қатар, екі елдің байланысын саяси, экономикалық жолдармен ғана емес, рухани, мәдени қатынастармен де нығайта түсу жолдары айтылды.
Иә, Атырау мен Астрахан – ежелден ауылы аралас, малы қоралас, бейбітшілік пен ынтымақтастықта келе жатқан егіз облыс. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бөлініп, өзара шекара белгілесе де, жүректегі жылулық, туыстық қатынас пен мейірбан достық бір сәтке үзілген жоқ. Бүгінде бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған фестиваль осы сөзімізге дәлел бола алады.

ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТІП…
Бейбітшілік, этносаралық келісім, патриотизм, ұлттық бірлік сияқты қазақстандық құндылықтарды бұрынғыдан әрі де нығайта түсуге бағытталған фестиваль аясында мәртебелі меймандар «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында журналистермен жүздесті.
Баспасөз мәслихатында әңгіме ежелден ауылы аралас, малы қоралас екі облыс арасындағы татулық, экономикалық, мәдени байланыстар, ынтымақтастық пен келісім төңірегінде өрбіді.
— Астрахан облысында 200-ге жуық ұлт өкілі 27 ұлттық-мәдени бірлестікке бірігіп, мәдениеті мен салт-дәстүрі, діни ортақ мақсат-мүддені дамытып, жалғастыруда. Өңірімізде 150 мыңға жуық қазақ мекен етеді. Біз тек, экономикалық салада ғана емес, жалпы мәдени бағытта да жұмыстар атқарып келеміз. Астрахан облысы Ресей Федерациясындағы көп ұлтты өңір болып саналады. Бүгінгі фестиваль 10 ұлттың өнерін ұсынып отыр», — деген астрахандық делегация жетекшісі Лариса Елдышева ыстық ықыласпен қабыл алған атыраулықтарға Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкиннің атынан сәлемін жолдап, ризашылығын білдірді.
Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облыстық хатшылығының меңгерушісі Ермұқан Қыдырғали бүгінгі шараның маңызына тоқталып, оған Ақтөбе облысынан 15-ке жуық өнерпаздың қатысып отырғанын баяндады.

ӘУЕЛЕП ӘН, КҮМБІРЛЕП КҮЙ ТӨГІЛДІ
Атырау, Ақтөбе және шекаралас Ресей Федерациясының Астрахан облыстары этномәдени бірлестіктерінің «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» атты V халықаралық фестивалі Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры залында өткен концерттік шарамен жалғасын тауып, ұлттар мен ұлыстардың бірлескен, бауырласқан достық сезімдері ән болып әуелеп, күй болып күмбірледі.
Шара шымылдығын ашқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан:
— Екі мемлекеттің басын қосқан, игі дәстүрге айналған «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» атты халықаралық фестиваль бесінші рет өтіп жатыр.
Мемлекетіміздің бүгінгі таңдағы басты жетістігі – қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісім. Соның ішінде, Қазақстан халқының бірлігін нығайтуда, ұлтаралық мәселелерді оң бағытта шешуде, қазақстандық қоғамды жетілдіруде Қазақстан халқы Ассамблеясының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Облыстағы барлық ұлттық-мәдени орталық тату-тәтті өмір сүре отырып, өздерінің салт-дәстүрін дамытып, төл мерекелерін тойлауда. Сондай-ақ, олар тарихи отандарымен байланысты нығайту үшін қазақ тілін үйреніп, халықаралық дәрежедегі әртүрлі шараларда белсенділік көрсетіп келеді. Бүгінгі шара – Қазақстан Республикасы Атырау және Ресей Федерациясының Астрахан облыстарын біріктірген «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» халықаралық фестивалі – соның айғағы.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында біз Қазақстан Туының астында барлық этностардың рухани дамуына, өз тілдерін үйренуіне, ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғыртуға қолдау көрсетіп отырмыз, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Орыс этномәдени бірлестігінің «Росияночка» хоры халық әні «Над окошком месяц», «Ой, при лужке, при лужке» әнін әуелете шырқап, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйласа, ақтөбелік «Достық сазы» халықтық фольклорлық ансамблінің солисі Гүлмарыс Аманбаева орындаған Б.Тәжібаевтың «Ақбұлақ», түркімен халық әні «Бибижанды» орындап, әннен шашу шашты. Тау халықтарының биін мың бұрала билеген «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің өнерпаздарының өнеріне де жұрт сүйіспеншілікпен қол соқты. «Танец с самоваром» әнін сауатты орындай білген «Камелия» халық ансамблінің арулары қыр дала төсінде құлпырған қызғалдақтың бейнесіндей әсер қалдырды.
Күй өнерін көршілес Ресей еліндегі қандастар да құрмет тұтады екен. Олай дейтініміз, Александра Киселева күй атасы Құманғазының «Балбырауынын» домбырада күмбірлетіп, бабаларымыздан қалған сырлы да сазды әуендермен сусындатты. Ал, «Достық сазы» халықтық фольклорлық ансамблі кеңес кезіндегі кинофильмдердің музыкаларын үлкен шеберлікпен орындағанда көрермендер әлемге әйгілі сазды әуендерді қосыла шырқап, жастық кезеңдерді еске алды. Сондай-ақ, «Айбул булым» әнін шырқаған татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің «Татулық» хорының өнері де көпшілікті бейжай қалдырмады.
Қалай десек те, бүгінгі шара шын мәнінде достықта, өнерде шекара болмайтынын дәлелдеді. Олай дейтініміз, түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір өнерпаздар өнерлерімен көрермендер жүрегіне жол тапты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ,
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button