ЕҢБЕКШІЛЕРДІҢ ЕРЕК ҮНІ
Аталған учаскенің төрағасы Бауыржан Қартанның айтуынша, сайлаушылар жоғары белсенділік танытты. Таңғы сағат 6.30-да учаске есігі алдында 40-қа жуық сайлаушы жиналып тұрды. Бұл халықтың саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қарағандығын байқатады.
Ал, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияда орналасқан №40 сайлау учаскесінде 2600 сайлаушы тіркелген. Соның тоқсан пайызы келіп, сенімді үміткеріне дауысын берді.
— Халықтың көңіл-күйі өте жақсы. Өйткені, олар саяси шараны үлкен мереке ретінде қабылдап, жарқын болашақ үшін өз таңдауын жасауда. Әр адамның дауысы маңызды. Мұны халық дұрыс түсініп, белсенділік танытқанының өзі бұл сайлаудың елдің болашағы үшін жасалып жатқан маңызды шара екендігін тағы бір айғақтайды, — дейді №40 сайлау учаскесінің төрайымы София Әлібаева.
Мұнай және газ технологиялық колледжінде орналасқан №41 сайлау учаскесінде 18 жасқа толып, алғашқы рет сайлауға қатысып тұрған Арайлым Зайдуллина да бұл күнді ерекше күткенін айтады. Ол ел Президенттігіне үміткерлердің барлығының сайлауалды бағдарламасымен толық танысып, өз таңдауын жасаған.
Сайлаудың талапқа сай өтуіне жас отбасылар да өз үлесін қосты. Серік пен Гүлназира Ерболатовалар үш сәбиімен бірге Ә.Шәріпов көшесінде орналасқан облыстық балалар саз мектебіндегі №42 сайлау учаскесіне келіп, өз дауыстарын берді.
Облыс орталығындағы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында орналасқан №43 сайлау учаскесінде Тұрғындар қалашығындағы 12 көше мен «Қашаған» кен орнындағы жұмысшылар таңдаған үміткеріне өз дауысын берді. Солардың қатарында көптің құрметіне бөленген ел анасы Ділдә Матайқызы, ҚР Құрметті журналисі Любовь Монастырская, еңбек ардагері, ғылым докторы, профессор Қадыр Жүсіп, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Лариса Жұмағалиева, Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мәди Тәкиев және тағы басқалар болды.
Аталған сайлау учаскесінің төрағасы Ақылбек Рысқалиевтың айтуынша, таңертең сайлау комиссиясының екі мүшесі «Қашаған» кен орнына арнайы ұшақпен барып, 450 сайлаушыға өз таңдауын жасауға мүмкіндік туғызды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі 32 тұрғынның арызы бойынша, олардың үйлеріне жылжымалы жәшік арнайы апарылды. Сөйтіп, ауысымдық әдіспен қызмет ететін жұмысшылар мен қамкөңіл жандар да саяси науқаннан тыс қалмады.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.