ЕҢБЕК ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Атырау облысының серпінді экономикалық дамуы мемлекеттік бюджет кірісіне түсімдердің артуына қол жеткізуге мүмкіндік туғызды. Ағымдағы жылдың қорытындысымен мұнайлы өлке Ұлттық қорға 2 триллион теңге салық түсіріп, аймақтар арасында рекордтық меже көрсетті.
— Атырау облысы Жылқы жылын сәтті аяқтағалы тұр. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бірнеше жобалар жүзеге асты. Елбасының тапсырмасымен инновациялық бағыттағы шағын және орта бизнес дамуда. Өлке экономикасының жан-жақты дамуына салық қызметінің де қосып жатқан үлесі зор. Ел үшін қызмет етуде бізбен бірге қоян-қолтық араласып, тығыз байланыста жұмыс жасағаныңыз, жоғары жетістіктерге жетуге сеп болғаныңыз үшін алғысымды білдіремін, — деп, облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Нұржан Дамирұлына Алғыс хат пен естелік сыйлық тарту етті.
Адал еңбек әрқашан еленеді. Облыстың салық қызметінде бес жылдан астам уақыт жұмыс жасаған Нұржан Байғазиев Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасына ие болған. Енді кәсіби мансабын Елордада жалғастырмақшы.
Облыстық мемлекеттік кіріс
департаментінде – жаңа басшы
Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымды енді Мәди Төкешұлы Такиев атқаратын болады.
Кейін облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева бұрынғы облыстық салық департаментінің басшысы болған Нұржан Байғазиевтың облыс экономикасының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, департаменттің жаңа басшысын облыстық басқармалар басшыларына таныстырды.
— Басшылық қызметімді де осы өңірден бастап, бес жылдан астам уақыт бойы жергілікті органдармен тығыз қарым-қатынаста бірлесе жұмыс жасадық. Сондықтан, бұл өңір мен үшін өте ыстық. Қолдан келген мүмкіндікті аямай қызмет еттім. Әрқашан қолдау білдіріп келген жергілікті билік органдарына үлкен ризашылығымды білдіремін. Атырауда өткізген жылдар менің өмірімнің сәтті кезеңі болып саналады, — деп Нұржан Байғазиев ықылас танытты.
Басқарма басшылары Нұржан Дамирұлының кәсіби шеберлігін, біліктілігін, адами қасиетін жоғары бағалап, оған ақ жол, ал, ұжымға келген жаңа басшы қызметіне сәттілік тіледі.
Айгүл ЕРТІЛЕУОВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.