
Дүние аналармен көрікті ғой!..
Сәнтай апамыздың Оқас ағамызбен отасып, жұптары жазылмай келе жатқандарына жарты ғасырдан асқан еді. Осы аралықта тоғыз перзент өмірге келіп, «Алтын алқалы» ана атанды. Тірліктің ащы-тұщы дәмін бірге татып келе жатқан ерлі-зайыптылар ел қатарлы еңбек етіп, содан бақытын тапқан. Кішкентайынан-ақ ісмерлікке икемі бар, техникаға да үйірсектігі байқалатын Сәнтай қыз басына орамал байлап, келіншек болған шағында ер-азаматтармен қатар жүріп шаруашылықтың түрлі науқанды жұмыстарына қатысты. Тракторға отырып, моторшы болып та істеді.

Кейіннен үй-ішімен аудан орталығы Миялы ауылына көшіп, қоныс аударғанда аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатына ауысты. Осында ұзақ уақыт халыққа қызмет көрсетіп, міндетін мінсіз атқарды. Шебердің қолынан талай қыз жасауы дайындалып шыққан еді. Кәсіпорын тарап, мемлекет меншігі жекенің қолына беріліп кеткен кезде де апамыз тосылып қалмады. Ауылдағы балабақшалардың біріне орналасып, тәрбиешілерге көмекші болды. «Жұмыстамын ғой» демей, үйдің шаруасын қатар алып жүрді. Анасындай болған енесіне балаша қарайтын. Ол кісі де келініне батасын беріп отыратын.
Ағамыз да еңбек жолын кеңшардан бастап, соңынан апамызбен бір ұжымда жалғастырды. Зейнеткерлікке шыққасын да қол қусырып отырмай, сапаржайда диспетчер болып жұмыс жасады. Басты міндеті – осыннан облыс орталығы Атырау қаласына жолаушыларды тасымалдайтын көліктердің қозғалысын реттеп отыру.
Түн ортасында тұрып, жұмысқа кететін ағамыз бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Осындай кезеңде апамыз ағамыздың бар жағдайын жасайтын. Екеуінің де еңбектері еш кетпеді. Ұжымының үлгілісі атанып, талай марапатты иеленді. Алайда бұлар үшін ең қымбаттысы ауылдастарының құрметі мен халықтан алған алғысы, жақсылығына тілеулес болып жүретін ізгі ниеті еді.
Отанасы Сәнтай апа отағасы Оқас ағамызбен бірге мағыналы да ғибратты ғұмыр кешіп, көрінген ұл-қыздарын саналы адам етіп тәрбиеледі. Ал ұрпақтары өрістерін кеңейтті.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» демей ме, құт-береке дарыған, базары тарқамаған шаңырақтың балалары бұл күнде өз алдарына бөлек отау тігіп, шаңырақ көтерсе де үлкен үйге жиі жиналады. Өкініштісі, бүгінде ұл-қызының асқар таудай әкесі Оқас Бердіғалиұлы ағамыз өмірде жоқ.
– Жанымда жұбайым болмаса да, өмірімнің базары – балаларым қасымда, солардың ортасындамын. Сондықтан да өзімді бақытты аналардың санатында санаймын. Өйткені әйел заты үшін өмірде отбасынан үлкен бақыт жоқ. Кезінде ердің де, әйелдің де жұмысын жасадық. «Мынау менікі, анау сенікі» деп тұрмадық, уақытпен де санаспадық. Жыл сайын атаулы күндерде ел ағалары азды-көпті елге еткен еңбегімізді елеп, сый-құрметтерін көрсетіп жатады. Соның бәріне де ризамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Өсіп-өркендей берсін, — дейді ұрпақтарының ортасында отырған аяулы ана Сәнтай апа.
Біз де сол тілекке қосылдық.
Дәулетқали АРУЕВ,
Қызылқоға ауданы