Доссордан ұшқан дарабоз
Atr.kz/10 маусым, 2019 жыл. Еліміздің батыс өңірінде XX ғасырдың басынан бастап көмірсутек шикізатының едәуір қоры ашылғаны аян. Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында мұнай және газ кен орындарын жедел игеру осы саланы ел экономикасының локомотивіне айналдыруға мол мүмкіндік берді.
Әрбір ұрпақ мемлекетіміздің қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Олардың арасында өндіріс командирлері, білікті басшылар мен еңбекте жаңа биіктерге қол жеткізуге жетекші ұжымдар ерекше көрінеді. Өзінің саналы ғұмырын мұнай-газ саласын дамытуға арнаған мұнайшы-ардагер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бөлекбай Сағынғалиев – сол лектің жарқын өкілдерінің бірі.
Бөлекбай Сағынғалиұлы 1927 жылы Гурьев облысы, Мақат ауданының Доссор кентінде дүниеге келген. 1951 жылы Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтын «тау-кен инженері» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1944 жылы «ҚазМұнайбарлау» трестінің жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің тексеруші-бақылаушысы болып бастаған ол институтты бітіргеннен кейін шебердің көмекшісі, мұнай өндіру шебері, газ кәсіпшілігі бастығы, «Қошқар», «Доссор», «Мақат» және «Қаратон» мұнай кәсіпшіліктерінде басқармасының бас инженері, «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бөлім бастығы болып жұмыс істеді. 1960 жылы ҚазКСР Халық шаруашылығы кеңесінің мұнай және газ өнеркәсібі бөлімінің бастығына тағайындалады. Ал, 1963-1969 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауыр өнеркәсіп бөлімі меңгерушісінің орынбасары кызметіне жоғарылатылды.
Бөлекбай Сағынғалиұлы 1969 жылы «Қазақстанмұнай» бірлестігі бастығының орынбасарлығына, кейін «Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры қызметін 15 жыл бойы абыройлы атқарды. Бөкеңмен біздің тығыз қарым-қатынасымыз 1970 жылдың жазында мен Гурьев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанда жалғасты. Ал, Бөлекбай Сағынғалиұлы бұл кезде «Казахстаннефть» бірлестігінің орталық кеңсесінде жұмыс істеді.
Менің әкем Тәжіқара Алдоңғарұлы және оның төрт ағасы 1911 жылы Доссор өнеркәсіптік кен орындары игеріле бастағанда Бөлекбайдың әкесі Сағынғалимен «Ағайынды Нобельдер» компаниясында бірге жұмыстас болған. Мектеп бітіргеннен кейін менің ата-анам: «Сағынғалидың ұлы Бөлекбай Мәскеу мұнай институтында оқыған, қазір үлкен бастық болып жұмыс істейді. Міне, кімнен үлгі алу керек деп айтып отыратын.
«Ембімұнай» бірлестігінің бас директоры қызметіне кіріскеннен кейін Бөлекбай ағамыз мұнайлы Ембіні дамыту ісін белсенді жалғастырды. Алайда, ол жүргізген Ембі мұнайының жай-күйін талдау нәтижесінде алда көптеген проблемалардың тосып тұрғаны белгілі болды. Яғни, мұндағы кен орындары болашақсыз деп саналды.
Ашылған тұзүсті мұнай кен орындары өз мүмкіндіктерін сарқып, жыл сайын мұнай өндіруді азайу процесі ұлғайды. Ал, жаңа кен орындарын барлауға кірісу үшін одақтық министрліктер алдында негізді дәлелдер болмады. Батыс Сібір материалдық және каржы қаражатын бағыттау үшін басым болып, сондай-ақ, КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер кеңесінің қаулысына сәйкес Маңғышлақ аймағы ірі отын-энергетика кешені болып құрылды. Қалыптасқан жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – жоғары тұрған шаруашылық, партиялық-кеңес ұйымдарын терең тұзасты құрылымдарды геологиялық-барлау зерттеулеріне қаражат салу қажеттігіне сендіру. Ірі мұнай қоры шоғырының ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалык дамуын күрт жақсартуға мүмкіндік берер еді.
Оңтүстік Ембі ауданындағы жоғары перспективалық тұзасты
шөгінділерін зерттеу 70-ші жылдардың басынан
бастап «Ембімұнай» бастамасы бойынша дамыды. 1971 жылы Атырауда Кеңес Одағының
мұнайшы-геологтарының слетінде Ембі өңірінің тағдыры талқыланды. Тұз шөгінділерінің
астында 4000-5000 метр тереңдікте орналасқан ресурстарға қатысты ұсыныстар
жолданды. Бұрғылау және өндіру жөніндегі ерте жұмыстар жердің үстіңгі қабығынан
жүзеге асырылды. Осы жылдың тамызында КСРО Мұнай өнеркәсібі министрі В.Д.Шашин
«Қазақстанның батыс облыстарында геологиялық-барлау жұмыстарын күшейту және
мұнай және газ өнеркәсібін дамыту жөніндегі шаралар туралы» бұйрыққа қол қойды.
Алайда, геологиялық зерделенудің жеткіліксіздігі, дайындалған құрылымдар корының болмауы және аса күрделі тау-кен геологиялық жағдайлары мұнда елеулі ғылыми және өндірістік күштерді тартуды, жұмыстардың техникалық деңгейін арттыруды талап етті. Геологиялық зерттеуге, құрделі технологиялық, техникалық және ұйымдастырушылық міндеттерді шешуге қорларды іздеу, барлау және бағалау кезеңінде КСРО-ның 20-дан астам ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және өндірістік ұйымдары, оның ішінде, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының Геология институты, Қазақ мұнай геологиялық-барлау ғылыми-зерттеу институты «Саратов нефтегеофизика», «Ембімұнайгео-физика» трестері және Каспий маңы ойпатында, оның шығыс бөлігінде тұзүсті мұнайын іздеу тұз асты шөгінділерін зерттеумен ауысты.
Тұзасты құрылымдарды іздестіру-барлау бұрғылауына дайындау мақсатында егжей-тегжейлі сейсмикалық жұмыстар негізінен оңтүстікте, теңіз маңы аймағында жүргізілді. Бұл тұзасты шөгінділер бұрғылау үшін қол жетімді тереңдіктерде (4000-5000 м) жататынына байланысты болды. Осы жұмыстардың нәтижесінде барлығы 12 перспективалық құрылым дайындалды, олардың ішінде Теңіз кен орнының көтерілуі де болды.
1975 жылы «Ембімұнай» бірлестігі Геология және қазбаларды барлау әзірлеу институтымен бірге теңіз тұзасты құрылымына бір-бірінен шамамен 10 шақырым қашықтықта 1, 2 және 3 нөмірі бар үш іздеу ұңғымасынан тұратын бейін салуды негіздеді. Келесі жылы «Ембімұнай» бірлестігінің басшылығы, қазақстандық ғалымдар, геологтар және геофизиктер кен орнының перспективалылығын дәлелдеу мақсатымен КСРО Мұнай өнеркәсібі министрі Ерофеевке жолығуы үшін Мәскеуге барды.
Министрмен болған кеңеске Мәскеу мен Ленинградтың түрлі ғылыми-зерттеу институттарының көптеген академиктері, ғылым докторлары мен профессорлары қатысты. Олар 4000-5000 м. терендікте мұнай барына күдікпен қарады. Олар «Егер бар болса, бұл конденсат немесе газ», — деген пікірде болды. Алайда, екі күндік қызу пікірталастан кейін қазақстандық мұнайшылар Теңіз кен орнында мұнай бар екеніне сендірді!
1976 жылдың мамыр айында үш ұңғыманы бұрғылауға рұқсат алынып, шілдеде 3950 метр тереңдікте тұзасты шөгінділерін ашып, 4050 метр белгісінде карқынды мұнай белгілері бар төменгі карбонатты қабаттың шайылған мұнай қанықпаған жыныстарына кірді. Сынау үшін тиісті коррозияға қарсы құрал-жабдықтар қажет болды. Сол уақытта КСРО-да осы сала бойынша тәжірибе де, бірде-бір ұқсас мұнай кен орны да болмаған. Қазақстандық мұнайшылар тұзасты шөгінділерінен осындай тереңдіктен көмірсутек алған алғашқы болып шықты.
Қолда бар отандық жабдықтарды есепке ала отырып, қысқа мерзімді сынақ жүргізуге мүмкіндік беретін сынамалау сызбасы әзірленді. Осы бойынша сынақтар жүргізу кезінде 1979 жылдың желтоқсанында тәулігіне 475 текше метр дебитпен мұнайдың бұрқақты ағыны алынды. Сөйтіп, мұнда мұнайдың және еріген газдың өте ірі жиналуы анықталғаны белгілі болды. Бұл іс жүзінде 1-Теңіз кен орнының нақты ашылуы еді. Қазақстан «мұнайының алыбы» – Теңіз кенішінің тарихы осылай басталды.
1985 жылдың 24 маусымына қараған түні осы кен орнының №37 ұңғымасында 4467 метр тереңдікте бұрғылау қашауы өнімді қабатка кірген кезде, күкірттің өткір иісі бар сарғыш фонтан бұрғылау қондырғысын шыңына дейін тескен. 200 метрден астам биіктіктегі өрт 400 тәулік тоқтамай, әлемге әйгілі мұнай компанияларының назарын аударды.КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі мен оның бөлімшелері жұмысында көп қателіктер қоршаған ортаға қауіпті компоненттердің жоғары қысымымен, температурасымен және құрамымен мұнай мен газға терең тұзасты құрылымдарды игеру ісінде анықталды.
Б.Сағынғалиев тәулік бойы №37 ұңғыманың алауына жақын жерде тұрып, апатты бағындырғанша, осы ұзақ мазасыз және өте қауіпті күндері өз штабымен бірлестікке басшылық жасады. Қысқа уақыт ішінде бірлестік құрамында «Ембанефтьгеофизика» басқармасы, Балықшы барлау бұрғылау кәсіпорны, бірнеше құрылыс- жөндеу басқармалары құрылды. Кең ауқымды геологиялық-барлау және геофизикалық жұмыстар нәтижесінде Теңіз, Королевск, Досмұхамбетов сында жиырмаға жуық мұнай және газ кен орындары ашылды.
Өндірістік базалардың кеңеюімен қатар, Гурьевтің шағын аудандары мен елді мекендерде әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың құрылысы қарқын алды. Мұнайшы мамандарды даярлау үшін оқу комбинаттары ашылды. Стипендияны төлеу арқылы өндіріс есебінен жастар еліміздің Ресейдің беделді жоғары оқу орындарында оқыды. Мұнайшылар қаражаты есебінен Б.Сағынғалиевтің қолдауымен Атырауда мұнай және газ институтының бас оқу корпусы салынды. Ол 1987 жылдан зейнеткерлікке шыққан 2000 жылға дейін ҚазКСР Мемлекеттік жоспарының Мұнай және газ бөлімінің бастығы, «Казнефтебитум» бас директоры, «Мұнай ҒПО» АҚ президенті, «Жаксимай» ЖШС бас директоры болып жұмыс істеді.
Мен Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде 1977–1987 жылдар аралығында Бөлекбай Сағынғалиұлымен бірге партия комитетінің бюро мүшесі, облыстық және Жоғарғы Кеңес депутаттары болғандықтан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің құрамына кірдік. Ол Қазақстан Компартиясының ХІV-ХVІ және КОКП ОК XXVI съездерінің делегаты болып сайланды.
Бөлекбай Сағынғалиұлы Отанының нағыз шынайы патриоты, ісіне адал, білгір басшы, шебер ұйымдастырушы, ал отбасында қамқор әке еді. 1988 жылы КСРО Геология министрлігінің алқасы Бөкеңді «Теңіз кен орнын алғаш ашушы» төсбелгісімен және дипломымен марапаттады. 1995 жылы Б.Сағынғалиев бастаған мұнайшылар тобына Теңіз кен орнын ашқаны үшін «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» атағы берілді. Мұнай-газ саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен жемісті еңбегі үшін ол «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь револциясы» ордендерімен, КСРО-ның медальдарымен марапатталды. Оған «КСРО-ның Құрметті мұнайшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы» атақтары берілді.
Ардагер-мұнайшының жұбайы Хадиша Хайырқызы – бар өмірін шәкірт тәрбиелеу ісіне арнаған қарапайым да парасатты жан ретінде қиын шақтарда жан жарының жанынан табылатын. Бүгінде олардан өрген Асқар және Мұхтар атты ұлдары мұнайшы-геолог болып, әкесінің ісін жалғастырып келеді.
Равиль ШЫРДАБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
Нұр-Сұлтан қаласы