Досмұxамбетов атындағы лицейге 92 оқушы қабылданды (ФОТО)
Еліміздің барлық мектептеріндегідей, алғашқы қоңырау сыңғыры Ж.Досмұxамбетов атындағы дарынды балаларға арналған лицейінде де соғылды. Ата-аналар мен оқушыларды құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев келді.
Ол жаңа оқу жылында оқушыларға табыс пен жетістіктер тіледі. Аймақ басшысының орынбасары дарынды балаларға биік белестерден көрейік деген шынайы тілегін жеткізді.
Мектеп директоры Фаруза Шангерееваның айтуынша, былтырғы оқу жылын аяқтаған 79 түлектің екеуі «Алтын белгі», бесеуі «Үздік аттестатты» иемденген. ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 103-ті құраған. Мектептің түлектерінің бәрі ЖОО-ның студенттері атанған. Олардың 35-і білім грантын жеңіп алса, төртеуі Ресей Федерациясының ЖОО-ларына бюджеттік негізде қабылданған.
Ал, биылғы оқу жылы лицей табалдырығын 92 8-сынып оқушысы аттады. Бұлар жуырда өткен сынақтан сүрінбей өтіп, дарынды балалар санатына қосылып отырған жайы бар. Дәл осы күні лицейліктер алғашқы сабақтарына кірісіп кетті.
Айбөпе САБЫРОВА.