Динара Нұрышева: Ол жақта бәрі басқаша
«Батыс елдері жеткен өркениет әлеміне Қазақстан жол сала бастады. Бірақ, тиісті деңгейге жету үшін ұзақ еңбектенуге, көбірек тер төгуге тура келеді. Сондықтан, замандастарыма, әсіресе, жас буынға шетелде білім алудың барлық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға кеңес беремін»,-дейді «Болашақ» бағдарламасының стипендианты Динара Нұрышева.
АЛЬБИОНҒА ЖЕТЕЛЕГЕН АРМАН
– Динара, өзіңізді қазір Қазақстанда және шет мемлекеттерде өтіп жатқан түрлі әлеуметтік-экономикалық, ғылыми форумдарда жиі көретін болып жүрміз. Білуімізше, бүгінгі жетістіктеріңізге «Болашақ» бағдарламасының тікелей ықпалы болды. Ендеше, әңгімені шетелде оқу идеясынан бастасақ…
– Шет мемлекетте білім алып, тәжірибе жинақтасам деген арман мектеп қабырғасында жүргенімде пайда болды. Әсіресе, ағылшын тілі мен география сабақтарында кәдімгідей қиялға берілетінмін. Өзім Атырау қаласындағы Абай атындағы №15 орта мектепті бітірдім. Сол кездегі мектеп бағдарламасы бойынша ағылшын тіліндегі кітаптар негізінен британдық ағылшын тіліне бағытталғандықтан, Ұлыбританиядағы сәулет өнерінің тарихы, мәдениеті, қала өмірі туралы көп айтылатын. Сол арманмен Алматыдағы Абылай хан атындағы ұлтаралық қатынастар университетіне оқуға түстім. Сөйтіп, диплом алар сәт жақындағанда магистратураны шетелдік оқу орнында аяқтау қажет деген шешімге келдім.
Бала күнгі арманымның шын мәнінде іске асуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіздіктің елең-алаңында дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасының тікелей көмекке келгенін атап өткім келеді. Себебі, бұл бағдарлама – ұлт болашағына салынған инвестиция. Олай дейтінім, осы бағдарламамен оқып келген көптеген жастар бүгінде шетелдерден алынған сапалы, маңызды деген идеяларды Отанымызда жүзеге асыруда. Сол арқылы елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени даму көрсеткіштерінің жоғарылауына белгілі бір деңгейде ықпал етуде.
Мен үшін «Болашаққа» жол IELTS емтихандарын тапсыруға дайындалудан басталды. Талап бойынша, халықаралық тест кезінде әр үміткердің тілді меңгеру деңгейі тексеріледі. Әдетте «болашақтықтардың» көп бөлігінің таңдауы Ұлыбританияға түсіп жатады. Оған себеп, Ұлыбритания университеттеріндегі оқу бағдарламасының тиімділігінде болса керек. Ал, менің бұл елді таңдауыма ағам қатты ықпал етті. Себебі, ол сол кездің өзінде-ақ Лондонға ғашық еді. Оның үстіне, лондондық оқу орындарының бағдарламаларын қарай отырып, өзіме ыңғайлы көрінген тамаша жобаны таптым. Осылайша, бакалавриатты тәмамдаған соң, 2011 жылдың жазында Лондон университетінен шақырту алып, «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым. Қуанышты хабар арада бір ай өткенде ғана келді.
ШЕТЕЛДІҢ ӨМІР СҮРУ ДАҒДЫСЫ
– Шетелдегі қазақ жастары «өзге елде өмір сүрудің өзі кез келген адам үшін оқу, өмір мектебі саналады» дегенді жиі айтады. Ұлыбританияға аяқ басқан уақытта осы пікірге қаншалықты көз жеткізе алдыңыз?
– Расымен де, шетелде жасаған әр қадамың сайын, мейлі ол университет, кітапхана, жолдан өтіп бара жатқан қарапайым ғана уақыт, тіпті кезекте тұрған сәтте де сіз еңбекпен келген технологиялық жаңғырудың адам өмірін қаншалықты жеңілдеткеніне куә боласыз.
Әдетте, Ұлыбританиядағы магистрлік бағдарламалар бір жылға созылады. Бірақ, сол бір ғана жылдың өзі менің жеке тұлға ретінде және кәсіби тұрғыда өсуіме зор ықпалын тигізді. Басты түйгенім, мұндайда жауапкершіліктің барлығын оқу орнына артып қою артықтау. Себебі, сапалы білім алу, жауапкершілік жүгі деген мәселелер студенттің өзіне де байланысты.
Мәселен, Ұлыбританияның оқу орындарында, жалпы өзге де батыс елдерінің университеттерінде жұмысы «үштікке» бағаланған студент пен Қазақстанда осындай бағамен оқитын студенттердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Айталық, батыс елдерінде «үш» деген бағаны әдетте күн ұзаққа кітапханада отырып оқығандар, консультациялық сабақтарға барғандар, тақырып бойынша сарапшылармен кездескен студенттер алады. Ал, Қазақстанда дәл осы бағаны сабаққа мүлде келмегені өз алдына, курс бойынша тіптен материал оқымайтындар алуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, Ұлыбритания елінде студенттер семинар, лекцияға қатысу деңгейіне қарай емес, жазба жұмысты орындау сапасына қарай бағаланады. Ол елдің оқу жүйесі негізінен студенттің жеке жұмысын салмақтауға бағытталған. Тағы бір ерекшелігі, әр студентке жеке супервайзер бекітіледі. Оған кез келген уақытта оқу ғана емес, өмірлік мәселелерге қатысты сұрақтармен баруға болады.
Оқытушыларға артылатын жүктеменің арасында да айырмашылық бар. Мәселен, Лондонда оқып жүрген жылдары біздің университетке қазақстандық жоғары оқу орындарының бірінен Phd дәрежесіне кандидат оқытушы келді. Университет өмірімен жете танысқан ол жүктеме мәселесін көтерген еді. Айталық, қазақстандық оқытушының жүктемесі 1400 сағат болса, британдық оқытушының жүктемесі 140 сағат екен. Міне, осы бір ғана шағын мысалдан уақыт ресурсын бөлудегі айырмашылықты әрі зор тиімділікті байқауға болады. Жүктемедегі айырмашылық Ұлыбританиядағы оқытушының ғылыми жобаларға қатысуына, түрлі дала зерттеулерін жүргізуіне, қаржыландыру көздерін табумен айналысуына мүмкіндік береді.
ӨЗІҢ ҮШІН ТАЛАП ҚЫЛ!
– Ұлыбританиядағы оқу тәжірибесінен қандай ой түйдіңіз? Әсіресе, білім саласында қандай озық үлгілер бар?
– «Егер сен өзің жасамасаң, сен үшін оны ешкім жасамайды». Лондон университеті бізді осы принципке берік болуға үйретті. Тіпті, магистрлық диссертацияны жазар кездің өзінде ғылыми жетекшілеріміз бізге олардың жұмыстағы үлесі тек 5 пайызды ғана құрайтынын айтумен болды. Ал, жұмыс сапасының 95 пайызы түгелімен студенттердің өзіне байланысты.
Әрине, бұл жағынан келгенде студенттерге барлық жағдай жасалған. Әдебиетке бай кітапханалардың есігі таң азанынан қас қарайғанға дейін ашық тұрады. Сессия кезінде кітапханалар тәулік бойына үзіліссіз жұмыс істеуге дайын. Ал, егер сіздің оқу орныңызда қажетті кітап табылмай жатса, кітапханаңыз ол кітапты портал арқылы өзге білім шаңырағынан уақытша қолданыс үшін алып бере алады. Яғни, бұдан «Ұлыбританияда университеттер мен кітапханалар арасындағы байланыс жақсы жолға қойылған» деген қорытынды шығаруға болады. Бір айта кетерлігі, сіз кез келген уақытта өзге оқу орнының кітапханасына барып, дайындала аласыз. Ол үшін жеке студенттік билетіңізді көрсетсеңіз жетіп жатыр. Міне, Қазақстан үшін ең қажетті инфрақұрылым дегеніңіз осы. Өйткені, отандық оқу орындарының кітапхана қоры көп жағдайда тым жұтаң және бір сәтте қаумалаған адамдардың бәріне бірдей қызмет көрсетуге дайын емес.
Осы кезге дейін жинақталған тәжірибелерімді сараптай отырып, баршаңызды әлемдегі ең басты құндылық болып саналатын адами ресурсты бағалай білуге шақырамын. Мысал үшін айта кетсек, Лондон автобустарында кетіп бара жатып, дүниежүзілік жылыну, белгілі бір елдегі мәдени шаралар немесе Африкаға сапар туралы әңгімелерге әбден қанығуға болады. Ал, бізде ше? Бізде де қоғамдық көліктер және оған тұрақты мінетін жолаушылар бар. Тек, олардың әңгімесі негізінен нанның немесе өзге де азық-түлік түрлері бағасының қымбаттауына, одан қалды коммуналдық қызмет төлемдерінің бағасына арналып жатады. Яғни, біз әлі күнге күйбең тірліктің, қазан-ошақ әңгімесінің айналасынан шыға алмай келеміз.
ҰЛЫБРИТАНИЯДАН АМЕРИКАҒА ДЕЙІН
–Лондоннан оралғаннан кейін Алматыдағы Саяси-гуманитарлық конъюнктура орталығында, одан соң Астанадағы «Синопсис» Қытай және Орталық Азияны зерттеу орталығында жұмыс істедіңіз. Кейін жарты жылдай Америкада тұрып келдіңіз. Білуімізше, АҚШ-қа сапарыңыз бұл жолы жұмыс барысына арналды…
– Иә, Америкаға Орта Азия зерттеушілеріне арналған жоба арқылы бардым. Джордж Вашингтон университеті базасындағы бағдарламаға үшінші сектор, сонымен бірге, мемлекеттік органның кез келген маманы қатыса алады. Мен Алматы облысына қарасты Текеліде салынып жатқан Орталық Азия университетін мысалға ала отырып, жергілікті басқару мәселесімен айналыстым. Қазір Алматы қаласында орналасқан Орталық Азиядағы Еуразия қорында жұмыс істеймін. Қор әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Мысал үшін Атырау облысы бойынша ТШО компаниясымен бірлескен «Жарқыра», Маңғыстау облысында іске қосылған мектепке дейінгі, мектептегі білім беруді жетілдіру жобасын айтуға болады. Жақында біз «Biling Brains» қоғамдық қорын аштық. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерімен бірлескен жоба жас зерттеушілерге көп мүмкіндік береді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА