«Дина» базары біртіндеп көшіріледі
Атырау қаласындағы орталық «Дина» базарының көтерме сауда орындарын биыл наурыз айында «Шығыс» базарына біртіндеп көшіру жоспарланып отыр. Бұл жердегі сауда орындары деп отырғанымыз – автокөлікпен сауда жасайтын кәсіпкерлер, яғни, тасымалдаушылар. Осыған орай, мәселенің мән-жайын білмек болып, біз Атырау қалалық кәсіпкерлік және туризм бөліміне барған едік…
Аталған бөлім басшысы Руслан Давлетов саудагерлерді көшірудің салмақты себептері бар екенін айтты.
– Біріншіден, қала аумағында жол кептелісін азайту қажет. Екіншіден, ірі жүк автокөліктерін қала көшелеріне кіргізбеген жөн. Үшінші себеп Абдрахманов (бұрыңғы Мясокомбинатская) көшесінің тас жолдарына толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты.
Егер «Дина» базарына ірі жүк автокөлік құралдары күн сайын кіріп-шығып жүретін болса, жаңа жол істен шығады. Міне, осындай олқылықтың алдын алу үшін автокөлікпен сауда жасайтын кәсіпкерлер алдағы наурыз айында «Шығыс» базарына біртіндеп көшірілмек. Аталған сауда орнындағы жүк көліктерімен (фуралармен) сауда жасайтын кәсіпкерлер тұрған аумаққа екі қатарлы автопаркинг салу жөнінде ұсыныс берілді, — деді Руслан Ержанұлы.
«Дина» базарының әкімшілігі берген ақпаратқа сүйенсек, мұндай жаңалыққа қарсылық білдіріп жатқан саудагерлерден әзірге шағым түспеген.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
*Сіз не дейсіз?
Бексұлтан МҰХАНОВ, кәсіпкер:
– Жаңа орын саудагерлер үшін де, аймақ тұрғындары үшін де өте ыңғайлы деп ойлаймын. Екінші жағынан, қала қонақтарына жағымды әсер қалдыратын болады. Осылай ақырындап жабайы сауда орындарынан арылып, өркениетті елдердегідей сауда павильондары көбейеді.