ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУШІ

Атырау өңірінде өзінің тынымсыз еңбегі арқасында көпке танымал азаматтар аз емес. Соның бірі – Өтеген Досқалиев. Ол  бұрынғы Гурьев қаласында дүниеге келген. Әкесі құрылыс материалдарын шығаратын комбинатта есепші, бас есепші болып еңбек етсе, анасы сол кездегі белді кәсіпорынның бірі – балық-құты комбинатында жұмыс жасаған.

Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған Өтеген облыстағы бірден-бір жоғары оқу орны –  Гурьев педагогика институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Аталған білім ордасын 1962 жылы ойдағыдай тәмамдаған жас маман институттың жалпы техникалық кафедрасына ассистенттік қызметке қалдырылады. Бұдан кейін Гурьев облыстық оқу бөлімі мен комсомол комитетінің жолдамасымен сол кездегі Ембі ауданының Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі, директордың міндетін атқарушы болып жұмыс жасады.

Өзіне берілген тапсырмаларды ұқыпты да, сапалы орындайтын жас маман басшылар тарапынан әркез лайықты бағасын алды. Өтеген Қайыржанұлының бұдан арғы еңбек жолы облыс орталығында – облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің директорлық қызметінде, облыстық атқару комитетінде, облыстық партия комитетінде, агроөнеркәсіп комитетінде, облыстық әкімшілікте, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында  жалғасты. Соңғы он алты жылдан бері осы әлеуметтік салада еңбек етіп келе жатқан Өтеген Қайыржанұлын облыста танымайтын адам кемде-кем. Өйткені, ол – комсомол, партия қызметі, білім мен әлеуметтік сала ардагері. Бастысы, жасы жетпіс беске келсе де,  сүйікті қызметінен қол үзе қоймаған еңбекқор жан.

Өмірлік қосағы, білім беру саласының ардагері Сафура Бапашқызы екеуі ұлы Сағын мен келіні Қалыштың саясында, олардан өрбіген өмірлерінің жалғасы – Біржан, Айжан, Сержан атты немерелерінің жанында шат-шадыман ғұмыр кешуде. Өнегелі ата мен асыл әжеден тәлімді тәрбие көрген немерелердің үлкендері жоғары білім алып, еңбекке араласып үлгерген. «Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» деген осы да.  

Лиза  СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз